Байғабыловтар отбасы – өзара сыйластық пен махаббатқа, ұлттық тәрбие мен еңбекке негізделген шаңырақ. Отағасы Руслан мен отанасы Эльзада он жылдан астам уақыт бойы жұбайлық өмірде бір-бірін қолдап, қиындықты бірге еңсеріп, балаларын ұлттық құндылықтарға баулып келе жатыр.
Бұл отбасының басты ұстанымы – адамгершілік, жауапкершілік және жан-жақты дамуға ұмтылу.
Эльзада – отбасының ұйытқысы. Ол отбасындағы тәрбие мен тұрмыстық шаруалардың негізгі тірегі. Балаларға ұқыптылық пен еңбексүйгіштікке үйретуді басты міндетім деп біледі.
– Қызымды кішкентайынан ас үйге үйреттім. Қазір нан илеп, бауырсақ, бәліш пісіріп үйреніп алды. Ұлым да қарап отырмайды, әкесіне көмектесіп, үйдің шаруасына араласып жүреді. Қазірден бастап еңбекке баулысаң, ертең өз орнын таба алатын азамат болып өседі, – дейді Эльзада.
Бұл отбасында ата-ана – тек тәрбиеші емес, балаларына үлгі бола білетін тұлғалар. Эльзада қыз тәрбиесіне ерекше мән береді. Оның пікірінше, қыз бала тұрмысқа шығар алдында міндетті түрде білім алып, мамандық игеруі қажет. Себебі болашақта кез келген жағдайда өзін қамтамасыз ете алатын қабілеті болуы тиіс.
– Қазір жастардың көбі некеге дайын емес күйде тұрмыс құрып, ажырасып кетіп жатады. Отбасылық өмір – ертегі емес, ол – күнделікті еңбек пен түсіністік. Үйлесімді отбасы болу үшін тек махаббат аздық етеді, міндетті түрде шыдамдылық, өзара қолдау және ымыра қажет, – деді ол.
Байғабыловтар отбасы ұлттық құндылықтарға ерекше мән береді. Бұл отбасыда қазақтың дәстүрі мен мәдениеті басты орында. Қыздары домбыра тартып, өлең оқып, асық ату сынды ұлттық ойындарға қатысады. Ұлдары да ұлттық ойындар мен спортқа қызығып, түрлі байқаулар мен мектептік шараларда белсенділік танытып жүр.
– Қызым Руслана жақында ғана аудандық өлең оқу байқауында жүлдегер атанды. Домбыра тартуды үйреніп жүр. Калимба деген аспапқа қызығушылығы оянып, YouTube арқылы әуендерді үйреніп алып, үйде орындап жүреді. Ұлым Елдар асық атудан жарыстарға қатысып, жүлделі орын алды. Балаларым өз ұлттық болмысын сезініп өссе екен деймін, – дейді Эльзада.
Эльзаданың өзі – қазақ отбасынан шыққан, ал күйеуі Руслан – орыс пен қазақтың аралас отбасынан. Бұл ерекшелік олардың шаңырағына түрлі мәдениетті үйлестіріп, байытып отыр. Отбасы Жаңа жыл, Масленица, Наурыз, Құрбан айт сияқты мерекелерді бірдей ықыласпен атап өтеді.
Қазақтың «қырқынан шығару», «құдайы тамақ», «мүшел жас», сүндет той сынды дәстүрлері бұл үйде ерекше орын алады.
– Ұлтымыздың салты мен дәстүрі – бала тәрбиесінің негізі. Біз балаларға соны кішкентайынан түсіндіріп, тәжірибе арқылы үйретіп жүрміз. Наурызда үйде бауырсақ пісіріп, көрші-қолаңға таратып, дастархан жайып, ұлттық киім киеміз. Ал Жаңа жылда шырша тігіп, сыйлық жасаймыз. Екі мәдениеттің осындай үйлесімі балаларымыздың дүниетанымын кеңейтеді, – деп түсіндірді.
Бұл отбасында күн тәртібі мен жауапкершілікке ерекше мән беріледі. Балалар ерте тұрып, таңғы ас ішіп, мектепке дайындалады. Телефон мен гаджет қолдануға шектеу бар, тәттілер де мөлшермен ғана беріледі.
– Баланың бойына тазалық пен еңбекқорлықты сіңіру – ата-ананың парызы. Балаларым кішкентайынан өз төсегін жинап, ыдысын жуады. Қызым кір жуғыш машинаны қалай қолдануды біледі. Еңбекке ерте баулынған бала ертең өз ісіне жауапкершілікпен қарайды, – дейді анасы.
Руслан – құрылысшы мамандығы бойынша еңбек етіп қана қоймай, аңшылық пен балық аулауға құмар азамат. Бірде ол үйге 14 келі тартатын алып шортан әкеліп, балаларын таңғалдырған.
– Сол күні әкеміз үйге үлкен бір сөмке көтеріп келді. Ішінен шыға келген алып шортан маған нағыз акула сияқты көрінді! Басының үлкендігі сондай, ішіне бір доп сыйып кететіндей еді. Әкеміз табиғатты қатты жақсы көреді, – дейді қызы Руслана.
Байғабыловтар табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға балаларын да баулып келеді. Бұл – көпке үлгі болатын, ұлттық құндылықты сақтап, оны ұрпағына аманаттап келе жатқан отбасы.Байғабыловтар үшін бақыттың өлшемі – татулық пен сыйластық, бір-біріне қолдау көрсету мен ортақ жетістіктерге қуана білу. Мұндай шаңырақтар – ел болашағының берік тірегі.
Байқау «Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырысы бойынша «Жастар ортасында қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында өтуде, «Жаңашыр бол» ҚҚ іске асыруда.
Аяжан СЕРІК,
cуретті ұсынған кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77