Шынайы шебердің қолынан шыққан бұйымдар салт-сана, әдет-ғұрыппен біте қайнасып, қазақ халқының дүниетанымын айғақтайды. Бүгінгі күні ұлттың байырғы мұрасы қайта жаңғырып, жаңару үстінде.
Қостанай ауданы Балалар шығармашылығы үйінің ұстазы Лайла Оспанова – қолөнер әлемінде сұлулықтың сырын терең меңгерген шебер. Ол сәндік-қолданбалы өнердің түрлі әдістерін жетік меңгеріп, сол білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа үйретіп, өнерге қанат қақтырған ұстаз. Ол фетрмен жұмыс істеу мен бейнелеу өнері арқылы өзгеше туындылар жасайды. Осындай еңбектің нәтижесінде Лайла көптеген облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып, үздік атанып келеді.
– Мен сәндік-қолданбалы өнермен айналысып жүргеніме 15 жылдан асты. Бұл өнерге деген сүйіспеншілігім бала кезімнен бастау алды. Бір күні әжемнің қолынан шыққан нәзік кестелерін көргенде, сол сәтте өнердің осы түріне қызықтым. Кейін осы саланың әр қырын зерттеп, түрлі әдістерді меңгеріп, өз идеяларымды өмірде жүзеге асыруды мақсат еттім. Қазіргі уақытта мен Балалар шығармашылық үйіндегі «Ою өрнектер» үйірмесінің жетекшісімін. Балаларды көрпе, сандық және сөмке тігуге үйретіп, сурет салу сабақтарын да өткізіп отырамын. Сондай-ақ, балаларды киіз бен фетрден түрлі бұйымдар жасауға баулып, өз тәжірибемді жас өрендерге үйретудемін, – деп бөлісті шебер.
Лайла апайдың жетекшілігімен жасалған әрбір жұмыс көрмелерде көпшіліктің қошеметіне бөленіп, жоғары марапаттарға ие болып жүр. Ол балаларға ою ойғызып, тігістің бірнеше түрін үйреткен. Бар пейілімен үйреткендігі болар, шәкірттері қолөнерге өте бейім. Әртүрлі тігіс түрлерін еркін меңгеріпті. Олардың қолынан шыққан ұлттық нақыштағы киім, оюлы көрпе, жастық, сөмке, қоржын, түрлі моншақтардан өріліп жасалған бұйымдар көздің жауын алады.
– Біздің басты мақсатымыз – жас ұрпаққа халқымыздың бай мұрасы мен салт-дәстүрлерінің қадір-қасиетін ұмыттырмау. Әр сабақты бастағанда, әрбір ою-өрнектің терең мағынасын, оның тарихтағы орны мен идеялық жүгін баяндап, балалардың ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін ояту маңызды. Олар қазақы оюлармен әсемделген, киізден тігілген керемет көйлектер жасауды үйренді. Киізден тойбастар мен ұлттық нақыштағы көркем бейнелерді жасаймыз. Барлық идеяларды өзім ойлап, қарастырамын. Кейін балаларға ұсынып, бірге кестелеп тігеміз. Қазір әр топта 15 баладан тұратын жеті топпен жұмыс істеп жүрмін, – дейді ол.
Ұстаздың шеберлігі мен шығармашылығы, балалардың өнерге деген қызығушылығымен ұштасып, ұлттық өнердің жаңғыруына жол ашып келеді.
– Әріптесіміз Лайла өте шығармашыл, әрі ізденімпаз ұстаздардың бірі. Ол балаларды шығармашылық үдерісіне қызықтыра тартып, олардың ішкі әлемін ашады. Балаларды қолөнерге баулып, ұлттық өнердің терең мәнін түсінуге үйретеді. Ол тек қолөнер дағдыларын үйретумен шектелмей, шығармашылықты дамытудың тың жолдарын да ұсынады. Жасалған бұйымдары ұлттық нақышта орындалған, әрі ерекше әдістерді қолдана отырып, сәндік өнерді жаңғыртып келеді, – деп пікір білдірді әріптестері.
Осындай ұстаздың тәлімін көрген балалардың жүрегінде шығармашылыққа деген ынта, ал жадында ұстаздың берген тәлімі мәңгі сақталары сөзсіз.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суретті ұсынған кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77