Біздің Қостанай В ритме города

Ұлттық құндылықтарымыздың түп-тамыры ауылдан бастау алады

Ауыл – халықтың тұрмыс-салты, мәдениетіміз бен дәстүріміздің, рухани тіршілігіміздің қайнар көзі. Бүгінде бір ғасырлық тарихын қалыптастырған ауылдардан шыққан нағыз таланттар мен спортшыларымыз да баршылық

Дегенменен, нағыз өз ісіне жауапкершілігі мол, бауырмал жандарды тәрбиелейтін де отбасы. Осындай үлкен шаңырақтың бірі, киелі Меңдіқара еліне қарасты Көктерек ауылындағы Үмбетовтар әулеті. Бүгінде үлкен шаңырақтан қанат қаққан балалары еліміздің игілігі жолында еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп отырған жандар. Бастысы көпбалалы қарапайым отбасынан түлеп ұшқан Рспай, Дәулет Үмбетовтер тоғызқұмалақтан спорт шеберлерін дайындап жүрген жаттықтырушылар. Олардың еңбектерін ел құрметпен, мақтанышпен айтады.

Осы орайда біз Дәулет Мұқатайұлына арнайы хабарласып, сұхбаттасқан болатынбыз.

– Сіздер үлкен қарапайым отбасында дүниеге келген екенсіздер. Жалпы ата-анаңыз қандай кісілер еді?

– Әкеміз Мұқатай Ұлы Отан соғысының ардагері, өмір бойы ауылда мал шаруашылығымен айналысты. Шешеміз Жұмабике көп балалы ана, көп жылдары фермада жұмыс істеді. Өте жарқын жүзді, мейірімді кісілер болатын. Барлығымызға жоғары білім алып берді, жиған-тергендерін бізге жұмсайтын. Көктерек ауылының беделді, сыйлы кісілері болатын. Балалық шағымыз алаңсыз, әрі бақытты өтті деп айта аламыз. Қазіргі біздің жетістіктеріміз әке-шешеміздің арқасы деп ойлаймын.

– Спортқа деген қызығушылықтарыңыз бала күннен бастау алды ма? Басқа бауырларыңыз қай саланы таңдаған жандар?

– Спортқа біз бала кезден әуес едік. Бауырларыммен бірге кішкентай кезімізден футболға жақын болдық. Ауылдан-ауылға, ауданға барып ойнайтынбыз. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде шаңғымен айналыстым. Өте жақсы спорт түрі. Бүкіл ауыл болып далада шаңғы тебетінбіз. Бірінші бапкерім ағам Рспай. Ауылда спортпен айналысуға жақсы жағдай болды. Жетістіктерімде көп болды.

Бауырларымның көбі мұғалімдік жолды таңдады. Ең үлкен ағамыз Қонысбай Алматы қаласында тұрады, мамандығы суретші. Ағам Есен ауылда мал шаруашылығында, ағаларым Рспай, Сакен және апам Зекен мұғалім болып қызмет атқарады. Рспай ағам ауыл балаларын талай жыл салауатты өмір салтына тәрбиелеген зейнеткер ұстаз. Талай жыл мектеп қабырғасында шаңғыдан, тоғызқұмалақтан сабақ берді. Осы жылдар ішінде тоғызқұмалақтан 6 спорт шеберін, 25 спорт шеберіне үміткер, 1 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін шығарды. Оқушылары Жансая Смаилова, Айым Мұхамедқалиева, Медет Бигазин, Ербосын Үмбетовтер бүгін осы жолды жалғастырып жүрген жаттықтырушылар.

Апаларым Зинеп, Зібәйдә үй шаруашылығында, апам Зибаш шағын бизнесте қызмет істейді.

– Жалпы өзіңіздің еңбек жолыңыз қай жылы бастау алды, бүгінгі күні облыстық мәслихаттың депутатысыз. Еңбек пен қоғамдық жұмысты қоса алып жүру қаншалықты қиын?

– Еңбек жолымды 1991-1993 жылдар аралығында Меңдіқара ауданы, Шиелі ауылында бастадым. Екі жылдан кейін Қостанай қаласындағы нөмірі 24 -ші қазақ мектебіне келіп орналастым. Осы күнге дейін бір жерде жұмыс атқарып келемін. Еңбек өтілім 33 жыл. Осы жылдары бапкерлік жұмыстыда атқарып келемін. Шәкірттерімнің ішінде Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпаздарымен спорт шеберлері бар. Тоғызқұмалақ ойынын дамытып жүрген шәкірттерімде аз емес. Отбасымда жұбайым, екі қызым бар.
Ал депутат болу өте жауапты іс. Өзіме міндет алғасын оны ауырсынбаймын. Халықтың үмітін ақтауға тырысамын. Мен қазір спорт және білім саласына жауаптымын. Сондықтан әртүрлі мәселелерді, бастамаларды қолға алуға дайынмын.

Сөз соңынан Рспай Мұқатайұлының шәкірті Медет Бигазин де өз ойын білдірді.

– 2001 жылы біздің Көктерек негізгі мектебіне Рспай ағай келіп, осы тоғызқұмалақ ойынымен таныстырып, үйірме жүмысын бастады. Мен ойынға бірден аса қызығушылық танытып бірте-бірте ойнай бастадық. Ағай спортқа деген сүйіспеншілік, мақсаттылық, жүйелілік, шыдамдылық қасиеттерді бойымызға сіңіртіп үлкен жетістіктерге жеткізді. Ағайымыз кішкентай ауылдан көптеген облыс, республика, Азия, әлем чемпионаттарының жүлдегерлерімен жеңімпаздарын дайындаған. Бүгінде мен де ұстазымның жолын қуып шәкірт тәрбиелеп жүрмін, Рспай Мұқатайұлының берген тәрбиесі осы мамандықты таңдауыма себепші болды, – деді тоғызқұмалақтан жаттықтырушы-мұғалім Медет Бигазин.

Еңбек пен таланттың  бұлағының бір бастауы – ауылда деп бекер айтылмаса керек. Ұлттық рухты мәдениетіміздің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы жүйелі насихатталуы да ауылдық жерден бастау алатынына Үмбетовтер отбасы тағы бір мәрте дәлел.

Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті ұсынған Үмбетовтер отбасы

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77