Біздің Қостанай В ритме города

Ұлттық құндылығымызды дәріптеп отырған берекелі шаңырақ

Домбыра күнінің ұлттық мерекеге айналуы – көнеден жеткен рухани байлығымызға берілген лайықты баға

Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі деген Ахмет Жұбанов.  Белгілі қазақ композиторының қанатты сөздері күмбірлеген қара домбыраның сан ғасырлық тарихын әспеттесе керек.

Осы үрдісті жалғастырып ұрпағына үлгі етіп отырған отбасылар біздің ортамызда да баршылық. Сондай өнер десе ішкен асын жерге қоятын, қазақтың қара домбырасының құлағында ойнайтын жас ұрпақты тәрбиелеп отырған жандардың бірегейі Хасенғали атамыз бен Бибікен апамыз. Камаловтар отбасы балаларын жастайынан өнерге баулып, кішкентайларынан қолдарына аспап ұстатып, кезінде өз алдарына дүркіреген отбасылық ансамбль де құрған.

Алдағы домбыра күні қарсаңында өнерлі отбасына арнайы атбасын бұрып, Хасенғали атамыз бастаған ұрпағының өнеріне тәнті болдық.

– Шілденің бірінші жексенбісі бірнеше жылдан бері домбыра күні деп бекітілгелі елде ұлттық аспапқа деген қызығушылық та құрмет те арта түскендей. Жыл сайын атап өтілетін бұл мерекенің ұлттық руханиятқа қосар үлесі зор деп білемін. Өзім осы өнер, мәдениет саласында жастайымнан қызмет еткеннен соң балаларым да қоларына аспап ұстап ер жетті. Ұлым Бауыржан кішкентайынан мектептегі домбыра үйірмесіне барды, кейін жаныма алып жүріп домбыраға баулыдым. Қазір жолымды қуып киелі саханада жүр. Немерелерім де өнерден құр алақан емес. Кенже немерем Елнұр да бірнеше күйді жатқа біледі. Бос уақытта басымыз қосыла қалса қолымызға домбыра алып күй тартыс жасап, домбырамен ән саламыз. Ұлттық құндылыққа қанып өскен бала елінің, жерінің нағыз ұлтжанды азаматы болып өседі. Сондықтан «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Келе жатқан домбыра күні құтты болсын. Ұрпағымыз ұлттық мәдениетімізді танып, ұлықтап өссін, – деді Хасенғали атамыз ақ батасын арнап.

Ежелден-ақ дана халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп, қоғамдағы отбасының құндылығына ерекше назар аударған. Үлкенге ізет көрсету, кішіге құрмет қылу – қазақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Осы ретте біздер Камаловтар отбасынан өнер мен берекені, тәрбие мен ізеттілікті, ұлттық құндылығымызды көрдік.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
суретті түсірген
Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77