Өңірімізде «Қазақ бренд» өнімдері үлкен сұранысқа ие
Қазақ халқының дастарханы бай да берекелі. Ықылым заманнан тағамға ерекше мән берген ұлтымыздың ұлттық тағамдары өте көп. Олардың барлығы да денсаулыққа пайдалы, күш беретін әлді тағамдар. Халқымыз кәделі әрі орны бөлек тағамдарын ет пен сүттен жасаған. Мысалы, шұбат, қымыз сияқты шипалы тағамдар батыс елдерінде мүлдем жоқ. Бұл біздің халқымыздың ерекшелігі.
Ұлттық тағам түрлерін дәмді дайындаудың өзі бір өнер. Дегенмен, бүгінде ұлттық тағам түрлеріне сұраныстың артуына байланысты осы тағам түрлерін кәсіпке айналдырып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген асыл аруларымыз көп. Солардың бірі де бірегейі Қостанай қаласының тұрғыны Гүлнұр Кәкімбек.
Бір отбасының түтінін түтетіп, үш бала тәрбиелеп отырған Гүлнұрдың ұлттық тағам дайындауға деген қызығушылығы сонау бала кезінде оянған. Ауылдың күнделікті тіршілігіне қанығып өскен Гүлнұр кішкентайынан жент, ірімшік, құрт, балқаймақ сынды ұлттық тағамдарын ұнатқанын айтады.
-Ауылда туып өскен біз үшін бұл ұлттық тағамдар таңсық болмаса керек. Мен бала кезімнен анамның жент жасағанын, әжемнің құрт қайнатқанын көріп өстім. Осындай табиғи таза құнарлы тағамды пайдаланып, деніміз сау, ұлттық сана сезіміміз оянған тұлға ретінде қалыптастық. Отбасымда 4 баламыз екі қыз, екі ұл ата-анадан тәлімді тәрбие алдық. Мен үнемі анам мен әжемнің жанында жүріп, оларға асханада көмектесіп, көп дүниені санама түйген болатынмын.
Сондықтан болар, қазір өзімнің кәсібіме айналдырып отырған ұлттық тағамдарды біреуден үйрендім, қосымша курстан өттім деп айта алмаймын. Мен бұл тағамдардың қалай дайындалатынын бала кезден білетінмін. Кейін бойжетіп, тұрмыс құрғаннан кейін отбасым үшін дайындап жүрдім. Қыз бала тамақ пісіру, тігін тігу деген істерді жақсы білуі керек. Бұл өмірдің заңдылығы. Міне, сол бала кезден көңіліме тоқыған істерді бүгін өзім жасап жүрмін,-дейді Гүлнұр Өміржанқызы.
Иә, қазір қарап отырсақ, осынау ұлттық тағамдарсыз бірде-бір той-томалақ өтпейтін болды. Қуанышын көппен бөлісіп, той жасаймын деген жандардың жент, құрт, ірімшік жасайтын мамандарды іздеп, арнайы тапсырыс беріп жататыны белгілі. Өйткені, қазір ұлттық тағамдар сәнге айналған. Олардың тіл үйіретін дәмі де көп уақытқа дейін таңдайдан кетпейді.
Міне, осындай дәмді ұлттық тағам түрлерін дайындайтын Гүлнұрдың қазір тапсырыстан қолы босамай жүргені де таң қаларлық дүние емес. Ол тұтынушылардың тапсырысын дер кезінде сапалы жасау үшін барын салады. Ешқашан жұмысына жүрдім-бардым қарамайды.
-Менде алғашында ұлттық тағам түрдерін жасауды кәсіп ету туралы ой болған жоқ. Тек отбасым үшін дайындайтынмын. Кейін қолымнан шыққан женттің суретін вацабқа қойып, таныстарыма осындай жент жасадым бүгін деген едім. Содан бастап, мағанда жасап бересің бе, жент қанша тұрады деген сауалдар түсе бастады. Басында тек туған-туыс, таныстарымның ғана тапсырысын дайындайтынмын. Кейін уақыт өте менің ұлттық тағам түрлерін жасайтынымды көпшілік біле бастады. Сөйтіп, жеке кәсібімді ашып, дөңгелетіп алып кеттім.
Жалпы бұл менің қосымша табысым, өзім жоғары оқу орындарының бірінде оқытушы болып жұмыс істеймін. Екі жұмысқа бірден уақыт табу мүмкін емес қой. Көбіне тапсырыстарды орындауға уақытым жетпей жататын. Осы кәсіпті қолға алғаныма 1 жылдан асты. Осы уақыт ішінде тағамдарды дайындауға оны сақтауға қажетті құрал-жабдықтарымды сатып алып, үйде жасаудамын.
Міне, жақында үшінші сәбиім дүниеге келіп, бала күтімімен үйде отырмын. Қолым бос уақытта тапсырыс қабылдап, жент, құрт, ірімшік, балқаймақ жасаймын. Маған түсетін тапсырыс өте көп. Мысалы, үйлерінде қонақ күтетін кісілер де тіпті мейрамханалар мен шатханалардан да тапсырыс беріп жатады. Бүгінде шай ішуге қажетті жент, ірімшік, құрт үлкен сұраныста. Мен оларды жасап, әдемі қорапшаға салып, безендіріп сатамын. Соңғы уақытта бір байқағаным тапсырысты дайындағанда оны пісіруден гөрі безендіру көп уақыт алады. Әдемі қорапшаларға салып, той иесінің атын жазып әсемдеп, безендіріп, тапсырыс берушіге ұсынамын. Олар өздерінің ризашылықтарын бідіріп жатады,-дейді ұлттық тағамдарды жасаудың хас шебері.
Бүгінде осылайша өз кәсібін шыр айналдырып отырған Гүлнұрдың қолынан шыққан тағамдар «Қазақ бренд» деп аталады. Бұл Гүлнұрдың жеке кәсібінің атауы.
-Мен осылайша жеке кәсіп ашқан кезде жолдасым екеуміз кәсіптің өзінің атауы болуы керек деп шештік. Бірақ қалай атайтынымызды көп ойланып, бір шешімге келу оңай болмады. Кейін осындай атау іздеп жүргенімізді айтып, інімнің ой-пікірін сұраған едік. Сол кезде ол көп ойланбастан, «Қазақ бренд» деп неге атамасқа деді. Жолдасым екеуміздің де ойымыздан шықты. Міне, бүгінде осы атаумен әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс қабылдап, кәсібімді жүргізіп жатырмын,-дейді ол.
Ұлттық тағам жасауды кәсібіне айналдырған Гүлнұр отбасында да ұлттық құндылықты жоғары қояды. 2 сыныпта оқитын Мансұр есімді ұлының бір уақыт асық ойнап, асыр салатынын айтады. Сондай-ақ бұл шаңырақта Наурыз мейрамы жылла жоғары деңгейде аталып өтіледі. Наурыз мерекесінде олар ауылда тұратын ата-енесінің шаңырағына барып, бір демалып қайтатынын айтады. Сондай-ақ Гүлнұрдың өзінің анасы да Қостанай қаласында тұрады. Олар Гүлнұрдың кәсібіне байланысты ауылға бара алмаған жағдайда анасының үйіне барып, оның дайындаған Наурыз көжесінен ауыз тиіп, үлкен дастархан басында жиналып, бір-бірін ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ақ жарма тілектерін білдіреді.
-Мен бала тәрбиесіне ерекше мән беремін. Балаларымның қалада өсіп жатқанына қарамай, қазақы тәрбие алғанын қалаймын. Ұлым Мансұр да даярлық сыныбына баратын қызым Айсұлу да ұлттық тағамдарды жақсы көреді. Олар да кішкентайынан менің жент жасап, құрт қайнатып жатқанымды көріп өсіп келеді. Әрдайым асхана да қасымда жүреді. Менің қасыма келіп, ірімшік, құрт беруімді сұрайды. Оларға бұл тағам түрлері қатты ұнайды. Ал кішкентай қызым Сезім әлі үш айлық. Оның тамағын беріп, ұйықтатып, өзіме түскен тапсырыстарды дайындаймын.
Өзім де отбасымда қазақы тәрбие алдым. Анам мен әкем біз үшін үлкен өнеге. Інілерім ауылда кішкентай кездерінде асық ойнайтын. Әкем оларды бала кезден осы ұлттық ойын түріне баулыды. Олар асық жинап, ауыл балаларымен таңнан кешке дейін ойын қызығына бататын. Анам сол кездегі інілерімнің асықтарын күні бүгінге дейін сақтаған. Менің ұлыма әкеліп береді. Бұл үлкен өнегелі іс деп білемін,-дейді Гүлнұр.
Бүгінде бүлдіршіндеріне қазақы тәрбие беріліп, ұлттық тағамдар ұсынылып, салт-дәстүрді берік сақтап отырған бұл отбасы недеген бақытты. Ал осы отбасының бақытын шалқытып отырған, дәмді тағамдар жасайтын Гүлнұр қазақтың инабатты келіні, үш бірдей тәтті бүлдіршіннің аяулы анасы, отбасының тыныштығын қорыған ер азаматының асыл жары.
Әр қазақтың отбасынан осындай бақыт пен береке таймасын.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77