Ақын, жазушы, қазақ сөз өнерінің дара тұлғасы Серікбай Оспанов 80 жасқа толды. Өмірін өлеңмен өрнектеген қаламгердің шығармашылығы – ұлт руханиятына қосылған баға жетпес қазына. Мерейтой аясында Секеңмен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Қостанайдағы қазақы өңір жайлы сөз болғанда, көз алдымызға ұлтымызға Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Нұрхан Ахметбеков, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков секілді біртуар тұлғаларды берген киелі Торғай тұра қалады. Қателеспесем, сіз де осынау қасиетті топырақта дүниеге келген жоқсыз ба?
– Оныңыз рас. Киелі Торғай – ұлтымыз үшін ыстық мекен болып табылады. Өзіңіз жоғарыда айтып өткендей, ол жақта қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытқан қаншама ұлы тұлғалар дүниеге келді.
Мен де Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданының бұрынғы Шилі ауылындағы Балдай деп аталатын жасыл жайлауда туып өстім. Өзімнің «Балдай таудың баурайында» деп аталатын өлеңдер жинағымда осы киелі жерге деген перзенттік махаббатымды өрнектеуге тырыстым.
– Секе, сізді замандастарыңыз ақындық қарым-қабілеттеріңізбен қатар ұста ретінде де жоғары бағалайды. Өйткені, қолыңыздан шыққан домбыралар, жасалған бесіктер, сандықтар, үйге қажетті есіктер өзінің жоғары сапалылығымен де дараланады. Мұндай кез келген адамға бұйыра бермейтін қасиет кімнен жұқты?
– Біздің қазақ «Тақыр жерге шөп шықпайды» дейді. Ол өмірде әбден дәлелденген шындық. Қандай өнер болмасын, атадан балаға мирас болып қана қоймайды, тұқым қуалайды екен. Соған өзімнің 70-тен асқан кезімде көзім әбден жетті.
Себебі бұлай деуге менде толық негіз бар. Мәселен, менің атам Құрыш сонау бір жылдарда ағаштан түйін түйген шебер болыпты. Одан осы өнер әкем Оспанға жұққан. Әкем туралы сөз болғанда, тағы да сонау балалық шағымның ізі қалған Шилі ауылына аз-кем шегініс жасауға тура келеді.
Бұл елді қоныс аудандағы ырыс-берекесі тасыған қазақы ауыл еді. Әкемді жергілікті халықтың сыйлайтындығы соншалықты, ол сонадайдан көріне қалса, жерлестері «ағаш шебері келе жатыр» деп, оған ерекше ілтипатпен сәлем беретін.
Көпшілікке қазақи ауылдағы ағайындар самауырмен шәй ішетіндігі аян ғой. Әкем марқұм сол қалың жұртшылықтың көңілін қалдырмай, самауырға аса керекті мұржаларды қаңылтырдан ерінбей жасайтын.
Ол кісіні кешегі қанды майданды бастан кешкен соғыс ардагері ретінде де күллі аудан басшылары құрметтейтін. Неміс жендеттерімен болған шайқаста сол қолының жартысынан айырылды. Бірақ оған ешқашанда рухы түскен емес. Қанды шайқасқа қатысқанын бұлдап, біреуден ешнәрсе сұраған жоқ.
Өзім үйдегі жалғыз ұл болғандықтан ба, үнемі әкемнің жанында жүретінмін. Ол домбыра, бесік, күнделікті тіршілікте қолданылатын шана, арбаларды жасаған кездері қасында отырып, әлі кішкентай ойын баласы болсам да, оның қолынан шыққан дүниелерге ерекше зейін қоятынмын.
Кезінде ардақты әкеме арнап «Мұра» деп аталатын поэма да жаздым. Онда:
«Қалдырғысы келді ме екен ол мұра?
Домбыра тарту әлде арманы болды ма?
Жалғыз қол боп оралып әкем майданнан,
Қарағайдан жасап берді домбыра», – деген жолдар бар.
Қайран сол әкемді қазір ерекше сағынышпен еске алып отырамын. Адам баласы тірі кезінде бір-бірінің қадірін біле бермейді ғой. Ол мен 8 жасқа толғанда бақилық болды. Бірақ оның түр-түсі, іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы әлі күнге дейін менің көз алдымда. 5 жасқа келгенімде, әкем Оспан кәдімгі қарағайдан домбыра жасап бергені де мәңгілік жадымда қалды.
Осы күнге дейін әке үмітін ақтауға барымды салып келемін. 4-нші сыныпта асқар таудай әкемнің үлгісі бойынша шана жасап, барша ауылдастарымның ақ батасын алдым. Алматыдағы университеттің журналистика факультетінің 2-нші курсында оқып жүрген кезімде қарағай ағашынан ойып, домбыра жасадым. Қазақтың бұл ұлттық аспабы – жастық шағымның куәсі, барша студент достарымның көңілінен шықты.
Кейін осы домбырамды Қостанай қаласындағы нұржантанушы, танымал өнер иесі әрі әнші, бұл күндері марқұм Сыздық Әбілғазин аттай қалап, сұрап алды. Өзімнен үлкен кісінің өтінішін қимай, сыйладым.
– Сіздің 1996 жылы Алматыдағы «Өнер» баспасынан «Шебердің қолы ортақ» сериясымен «Бесік» деп аталатын шағын кітапшаңыз жарық көргені де белгілі. Бұл таптырмайтын дүние ұлттық құндылықтарымызды бағалайтын жұртшылық арасында лезде тарап кетті. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Бұл сөзіңіздің де жаны бар. Осы «Бесік» деп аталатын шағын кітапша, шынында да, барша қандастарымызға ұнаған секілді. Сондықтан болар, тез тарап кетті. Әлі күнге дейін оны сұрап, үйіме еліміздің түкпір-түкпірінен телефон соғатындар жеткілікті. Болашақта оны тағы да баспадан шығарсам деген ойым да жоқ емес.
Өйткені, бесік халқымыздың күнделікті тұрмысында ғасырлар бойы қолданылып келген аса қастерлі үй мүліктерінің бірі. Оның қазақтың отбасындағы дүниеге шыр етіп келген нәрестенің күтіміне, тазалығына өте қолайлы екендігін де ешкім жоққа шығара алмас.
Мен осы еңбегімде бесіктің қалай жасалатындығын, оның жабдықтарын, кішкентай нәрестені бесікке қалай бөлеу керек екендігін, жалпы оның ұлтымызға тигізер пайдасы хақында баяндауға тырыстым.
– Енді сіз кейінгі ұсталыққа ден қойып жүрген інілеріңізге тағылым болсын, домбыра жасаудағы өзіңіздің тәжірибеңізбен де бөлісе кетсеңіз? Оған қажетті шикізатты қайдан аласыз? Ұлттық құндылықтарымыздың сапасы жөніндегі пікіріңізді де білсек?
– Ең алдымен, оқырман бауырларыма айтарым, бұл атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құнды заттарымызды мен тек ақша табу үшін ғана емес, ой еңбегінен шаршаған кездері бойымды сергітіп, демалу үшін жасаймын.
Күнделікті қызметтен үйге оралған соң, ас-суымды ішіп алып, өзімнің шеберханама барамын. Сонда отырып домбыра, бесік, сандықтарды жасауды қолға аламын. Өзім жеке үйде тұратын болғандықтан, ол жұмыс істеуіме өте қолайлы. Мұндай кездері маған ешкім де кедергі жасамайды. Үй ішіндегілер де оған әбден үйренген.
Бұл аталған бұйымдармен қатар, қазақтың ежелден келе жатқан астау, ожау және басқа да ұлттық заттарды дайындаймын. Тіпті бесіктің шүмегін де сүйектен жасаймын. Сондай-ақ, бұзылған домбыраларды да жөндеп, қалпына келтіретін өнерім бар.
Мен үшін істелген заттарымның сапасы аса маңызды. Сол себептен домбыра істеуді қолға алғанда оның дыбыс-үнінің құлаққа аса жағымды болу жағына көбірек көңіл бөлемін. Домбыраны кез келген адам шерткен кезде ол сыңғырлап тұруы керек.
Өзімнің ұзақ жылдардан түйгенім, қызыл ағаштан жасалған домбыра шешен сөйлейді. Өкінішке орай, ол қолға түсе бермейді. Сонымен қатар жаңғақтан, қарағаштан, алма ағашынан істелінген ұлттық аспап та сапалылығымен дараланады. Үйеңкі мен қарағай да ыңғайлы. Қыз қарағай бет тақтайға өте қолайлы.
Шеберханада ұсталыққа берілгенім соншалықты, түннің бір уағына дейін отыратын кездерім аз емес. Оның іші әрқашан пайдаланылатын құрал-саймандар, үлкенді-кішілі нәскүрік, іскенже, ара, балға, түрлі пышақ пен басқа заттарға толы.
– Менің пайымдауымша, осындай ұлттық аспаптарды жасау үшін оған психологиялық дайындықты айтпағанның өзінде, тыңғылықты ізденістер қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Өзіңіз ұсталыққа кіріспес бұрын қандай еңбектерге сүйендіңіз? Қостанайда сіз секілді домбыра жасаумен шұғылданатын қазақтың жігіттері бар ма?
– Өзімнің өткен кезеңдерде көңілге тоқығаным, ізденбейтін, жалқау адамнан ештеңе шықпайды. Ол үшін барлық зейініңді, білім-білігіңді, қарым-қабілетіңді біржола сол жолға бағыттауың керек. Сондықтан, әлгі ұлттық аспаптарды қолға алмас бұрын, өз басым көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің «Алтын домбыра туралы аңыз», белгілі ғалым, көпке танымал зиялы азамат Сағатбек Медеубекұлының «Домбыра» деп аталатын кітаптарын бірнеше рет қайталап оқып шықтым.
Содан кейін зердеме түйгенімді тәжірибемен күнделікті ұштастыруға тырыстым. Осы уақытқа дейін жасаған домбырама, бесігіме, сандығыма және басқа да заттарыма орынсыз сын айтып, қайтарып берген адам болған жоқ. Соған қарағанда, бұл кәсіпке де өзімді біршама төселіп қалған секілді сезінемін.
Қостанайда менен басқа домбыра жасаумен айналысып жүрген өнер майталмандары баршылық. Мен олардың қатарына Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Қабдол-Мәжит Иманов пен суретші Мұхамедқали Рахалиевті қосар едім.
Қазір бұл екеуі де домбыра жасаудың хас шеберлері. Олардың қолынан шыққан дүниелерді өнер адамдары да іздеп жүріп алады. Сол домбыралармен сахналарда әуелете ән шырқап, баршаға насихаттап жүр.
Орайы келгенде, өзім тек домбыра ғана жасап қоймай, қойдың және ешкінің ащы ішектерін иіріп, ішек те дайындайтынымды айтқым келеді. Мұндай ішек тағылған домбыраның дыбысы қашанда ерекшеленіп тұрады. Бұл да менің бойымдағы көпшілікке ақтара бермейтін сырымның бірі.
– Сіздің өзіңіздің ақындық, ұсталық қырларыңызбен қатар әншілік және сазгерлік, күйшілік қабілеттеріңіз де көпшілікке белгілі. Осы жайлы да қысқаша баяндап берсеңіз?
– Қазақта «әу» демейтін адам бар ма? Мен де домбыраға қосылып, өзімнің әндерімді орындаймын. Осы кезге дейін біршама әндер де шығардым. Олардың қатарында анама, әпкеме, жарыма арналған «Жан апа», «Түбіт қолғап», «Сабырлым», «Қоңыр гүл» және «Туысқандарым», «Тобыл ағады», «Шилі» және басқа да әндерім бар.
Домбыраны да бір кісідей тартамын. Кезінде қазақтың ұлы ақыны Ғафу Қайырбеков „Біздің Серікбай әнші әрі күйші„ деп мені рухтандырып отыратын. Өмірде де осы ағамның сөзіне сай болуға талпынып келемін.
– Сіз соңғы жылдардың өзінде өзге қаламгерлерге өнеге болатындай бірқатар марапаттарға ие болдыңыз. Соған да тоқталып өтсеңіз?
– Адал еңбек әрқашан да кімнің болсын мәртебесін асқақтатады. Көп жылғы төккен маңдай терім заяда кеткен жоқ. «Ерен еңбегі үшін» және бірқатар медальдар осы сөзімнің жарқын айғағы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қостанай қаласы мен облыстың құрметті азаматы атандым.
– Сөздің орайы келгенде, отбасыңыз жайлы қысқаша айтып берсеңіз?
– Меніңше, ақын-жазушы, әнші-күйші, композиторлардың жары қашанда олардың тіршіліктегі тірегі, ақылшысы әрі жанашыры болу керек. Олар отағаларының жан дүниесін қас-қабақтарынан терең түсініп, өмірде қолдап, қуаттап отырса, нұр үстіне нұр.
Өзімнің тағдыр қосқан жұбайым Гүлзада Мешітбайқызы — қазақтың аяулы да ардақты қызы. Менің қаламгер, ғалым болып жүргенім де соның арқасы деп ойлаймын. Ол – филология ғылымдарының кандидаты. Бұл күндері Қостанай өңірлік университетінде студенттерге дәріс береді. Шығармаларымды компьютерге басады. Кітаптарымның корректоры да өзі.
Адамның ғұмырының сәні де, мәні де ұрпағы емес пе? Ұлым мен екі қызыма қолымнан келгенше тәлім тәрбие бердім. Балаларым Сәкен, Айгүл, Гүлнәр, немерелерім мен шөберелерім тіршіліктегі мақтаныштарым.
– Серікбай аға, биыл сексеннің сеңгіріне көтерілдіңіз. Сіздің ғұмырыңыз қолына қалам ұстаған барша іні-қарындастарыңызға өнеге. Өмірде ұстанған қағидаңыз жөнінде де білсек?
– Тіршіліктегі басты қағидам – кіршіксіз адалдық. Мақтанғанды жаным сүймейді. Өмірімде қанша әндерге сөз жазған, көптеген кітаптары шыққан белгілі қаламгер болсам да, осы уақытқа дейін көпшіліктің алдында өзімнің шығармашылығым жайлы асыра айтуды ұната қоймаймын. Мен ақындықтан гөрі, адамгершілікті жоғары қоямын.
Шығармашылық адамы қарап отыра алмайды. Өткен жылдарда жазған ғылыми еңбектерім, өлеңдерім аз емес. Қолым боста домбыра жасайтын өнерімді одан әрі жалғастыра бермекпін. Дүние жүзі қазақ халқын осы киелі ұлттық аспабымыз арқылы таниды.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77