Біздің Қостанай

«Ұлы Дала елі – Мәңгілік ел»

Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды

Н. Островский атындағы орталық қалалық кітапханасының оқу залында бүкіл өмірін халқына білім беру жолында ағартушылық қызметіне арнаған, Ұлы ұстаз Ы. Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына орай «Ұлы Дала елі – Мәңгілік ел» атаулы кітап көрмесі жыл бойына ұйымдастырылып отыр.

Кітап көрменің «Перзенті еді халқының» атты бірінші бөлімінде Ұлы адамдардың ғұмырнамасын баяндайтын «Аңыз адам» республикалық журналында берілген Н. Іргебаеваның «Ыбырайдың ұрпақтары байдың тұқымы ретінде қуғындалған» атты мақаласы мен «Тарихи тұлғалар» атты танымдық-көпшілік басылым көзіқырақты оқырман назарына ұсынылды. «Алтынсарин – дала жұлдызы», «Ыбырай дүниетанымы» атаулы келесі бөлімдерде жерлестеріміз, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, публицист, журналист, ғалым Қостанай қаласының Құрметті азаматы Серікбай Оспановтың «Сөнбес шырақ» және әлем халық жазушылары мен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Қостанай қаласының Құрметті азаматы Жақсанов Оразалы Отынбайұлының «Қайталанбас тұлғалар» атаулы еңбектерімен қатар «Біз Ыбырайды білеміз бе? Ұлы ұстаз жайлы 50 сұраққа 50 жауап» және Ұлы Тұран даласында өмір сүрген арғы-бергі ақыл-ой алыптарының рухына тәу етіп, олардың парасат үрдісіне үңілу мен жүрек қағысына жүгіну мақсатында «Дала даналары» атты жинақ та патша көңілді оқырман назарына ұсынылды. «Жазбаша жәдігер» атты төртінші бөлімде Ы. Алтынсариннің ұрпақтарына қалдырған кәусар мұрасы топтастырылып ұсынылса, «Жұлдыздар із тастап ағады» атаулы соңғы бөлімінде бүгінгі күні ағартушының есімі берілген мен мұңдалап шақырып тұратын ескерткіштер, кітапханалар, ірі көшелер мен білім ордаларының тарихы жайлы ақпарат берілді.

Кітапханашылар Ыбырай атамыз сияқты келешекте ұлтжанды азаматтар, оқырмандар болса деген үмітте. Әр қазақтың көңілінде, жүрек төрінде жүретін ұлттың ұлы ұстазын ұлағаттап тұратын онлайн кітап көрме оқырмандарын шақырады.

Ботакөз Дүйсембаева,
Н. Островский атындағы орталық
қалалық кітапханасының кітапханашысы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77