Новости Социум

«Мәдениет жарастығы» атты форум болып өтті

Ол қостанай қаласының тұрғындарына ерекше әсер қалдырды

Бүгін Қостанай қаласының 140 жылдық мерейтойында Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Челябі облысынан келген делегациясының қатысуымен «Мәдениет жарастығы» деп аталатын форум болып өтті.

Оның ашылу салтанатына қостанайлықтар көп жиналды. Орыс жазушысы Александр Пушкиннің 220 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған аталмыш форумның ашылу салтанатына ақын, жазушы Ақылбек Шаяхмет арнайы қатысып, Пушкин мен Абайдың еңбектерінде байланыс пен ұқсастығы жайында әңгіме өрбітті.

Сонымен қатар Пушкиннің шығармашылығына кеңінен тоқтала келе оның өлеңдерінің түп мағынасын баяндады.

Аталмыш кітапхана директоры Дариға Дуйсебаеваның айтуына қарағанда, бұл іс-шара Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада екінші мәрте өткізіліп отыр.

Осынау форумға Челябі облысынан 15 өнерлі жас келген. Олардың басын қосып, делегацияны ұйымдастырып, қазақ жеріне әкелген Челябі облысының «Дом дружба» директоры Юлия Лапедис және суретші жетекші Ольга Мохова.

Қостанай қаласынан да өнерге құштар 30 жас аталмыш форумға қатысып, вокалдық және актерлік мамандықтардың қыр-сырын меңгерді. Оларға бүгінгі форум ерекше әсер қалдырды.

Форум барысында өнерлі жастарға Челябіден келген воколдық тренер шебер-сыныбын өткізді. Сондай-ақ қостанайлық режиссер оларға актерлік шеберліктің қыр-сырын үйретті.

Одан әрі форум барысында, жастар квестке қатысты. Мұнда олар А.Пушкиннің шығармашылығынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Өлеңдерінен үзінді оқыды.

Өмірбаянына қатысты сауалдарда кездесіп жатты.Оған да лезде жауап беріп, өздерінің білімдерін көрсетті.

Міне, осындай тәрбиелік мәні зор іс-шара барысында этно концерт өткізілді. Онда жергілікті «Достық үйінің» ұлттық мәдени орталықтарының мүшелері өздерінің өнерлерін көрсетті. Әр халықтың би биленіп, әні шырқалды.

Екі елдің шекара шегіндегі ынтымақтастығының көрінісі болып отырған форумға қостанайлық тұрғындар да үлкен қызығушылық танытты.

Аталмыш іс-шараға қатысқан қала тұрғыны Алтынай Кәрімжанды сөзге тартқанымызда, ол:

– Мен жалпы Пушкиннің өлеңдерін сүйіп оқимын. Оның шығармашылығы Абайдың еңбектерімен ұштасып жатыр десем де болады. Кезінде мектепте орыс әдебиетіннен Пушкиннің қазақ тіліне аударылған шығармаларын оқыдық. Бүгін солардың біразы есіме түсті. Бұл форум екі елдің достығы мен әдебиетіндегі ұқсастығын айқындай түсті деп ойлаймын,-деді.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77