Социум

Мүмкіндігі шектеулі балаларға мейрім мен қамқорлық көрсетіп келеді

Әлеуметтік қызметкер Рымкүл Бобжикованың жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді

Біздің қоғамда тағдырдың тәлкегіне ұшырап, кісінің көмегіне қарап қалған жандар қаншама. Олар қоғамның әлсіз тұсы болып саналады. Елімізде осындай жандарға көмектесетін арнайы мамандық иелері бар. Бұл мамандық әлеуметтік қызметкер деп аталады. Жалпы айтқанда, әлеуметтік қызметкер екінің қолынан келе беретін жеңіл мамандық емес. Басында оның не қиындығы бар, әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істей беремін деуге болатын шығар. Бірақ, уақыт өте бұл қызметтің қаншалықты жауапты да қиын екенін түсінуге болады. Бір сөзбен айтқанда екінің бірінің қолынан келе бермейтін жұмыс.

Сонда да арамызда осы қызметке ораналасып, бірнеше жылдар қатарынан тапжылмай еңбек етіп жүрген жандар аз емес.

Темірдей төзім мен үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмысты атқарып жүрген жандар жайында жазбақ болып, қалалақ жұмыспен қамту бөліміне арнайы бардым.

Ондағыларға маған газетке жазатын әлеуметтік қызметкер керек еді дегенімде, бірден мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеп жүрген Рымкүл Бобжикова жайында жазсаңыз болады деді.

Сонымен, менің бүгінгі кейіпкерім Науырзым ауданына қарасты Өлеңді ауылының тумасы Рымкүл Молдабекқызы. Меңгерген мамандығы мұғалім. Бірақ оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемей, 10 жыл қатарынан «Қостанай су» мекемесінде кассир болып еңбек еткен. Кейін уақыт өте жұмыспен қамту орталығында жұмыссыздар тізіміне тіркеліп, әлеуметтік қызметкер болып жұмысқа орналасқан.

Бүгінде Рымкүл Молдабекқызы қаламыздағы 6 мүмкіндігі шектеулі балаларға қарайды. Таңертеңгі 9:00-ден кешкі 17:30-ға дейін жұмыс істейді. Өзінің қарамағындағы осы балалардың күнделікті тамақтануына, киімдерін ауыстыруына, суға шомылуына, ойын ойнауына көмектеседі.

Бұл жұмысқа да әбден төселіп алған. Мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесіп, әрдайым мейірімін төгеді. Олармен жақсы тіл табысып, бос уақыттарында қызық ойындар ойнатып, көңіл-күйлерін көтереді.

Менің жұмысым жеңіл деп айта алмаймын. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондай-ақ маған балалардың ата-аналары үлкен сенім артады. Сенімнен шығу оңай емес. Өзімнің мамандығым мұғалім, бірақ бұл мамандық бойынша жұмыс істеген емеспін. Бірақ оқыған мамандығым қазіргі жұмысымда өз септігін тигізіп жатыр. Мен балалармен жақсы тіл табысамын. Олардың не қалайтындарын да жақсы түсінемін. Сондықтан қарамағымдағы балалар мен қастарында болғанда өздерін сенімді және еркін сезінеді, – дейді Рымкүл Бобжикова.

Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар орын алып жатады ғой. Мүмкіндігі шектеулі балалар да басқа дені сай бүлдіршіндер сияқты жүгіріп-қарғып ойнағылары келеді. Бірақ маңдайға жазылған тағдырды өзгерте алмайсың. Бала кезден мүмкіндіктері шектеліп, бір кісінің көмегіне зәру болып отырған балалар қаншама. Оларға тек күнделікті көмектің сыртында мейірім мен сүйіспеншілік жетіспей жатады.

Міне, осындай жандарға етене жақын болып, олардың көңілін тауып, көмектесіп, қызметін атқаратын әлеуметтік қызметкер деген қиын жұмыс.

Бірақ мен кейіпкерім бұл қызметті таңдап, жұмысқа орналасқанына еш өкінбейді. Өйткені, оның жүрегі кең, көңілі дариядай шексіз. Ол күнделікті жұмысын атқарып жүріп, қиын жағдайға тап болған балалардың алғысына бөленіп жүргеніне қуанады.

Мың алғыс алған адамның, алар асуы да биік болады. Қайырымды істің қайтарымы бар деп те жатамыз. Өз ісіне сүйіспеншілікпен қарайтын жанның жұмысы да өзіне қуаныш сыйлары анық.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесіп жүрген Рымкүл Молдабекқызына ұлдары Оразбек пен Қайырлы қолғанат болып отыр. Олар аналарының жауапкершілігі мол жұмысын жақсы түсінеді. Оның демалыс күндері тынығып, жаңа жұмыс аптасына тың күшпен кірісуіне өздерінің септігін тигізеді. Үлкен ұлы Оразбек Нұр-Сұлтан қаласында Л.Н. Гумилеев атындағы Еуразиялық ұлттық университетті тәмамдап, сол үлкен шаһарда қызмет етуде. Ол әрдайым анасының амандығын біліп, күнделікті өміріне қажет заттарын алып беріп отырады. Ал кіші ұлы болса шаһарымыздағы №20 мектептің 5 сынып оқушысы. Анасының қолғанаты, ол жұмыста болғанда үйдің жұмысын тындырып, оған қуаныш сыйлауға асығады.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77