Онда отбасын ұлттық құндылықты сақтай отырып, қалай сақтап қалуға болатыны жайында айтылды
«Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері арасында «Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды қалыптастыруға, жас отбасыларды қолдауға бағытталған іс-шаралар кешенін өткізу» жобасы аясында «Жанашыр бол» қоғамдың қорының ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтарды ұстана отырып, отбасын сақтап қалу» тақырыбында семинар өтті.
Бұл семинардың басты мақсаты – шаңырақты шайқалтпай ұстап қалудың жолдарын қарастыру болды.
Аталмыш семинарға «Отбасы help» жобасының авторы және басшысы, сот орындаушысы Несібелі Басенова қатысып, жиналғандарға отбасын сақтап қалу жайында пайдалы кеңестер берді.
Адам өмірінде отбасы бірінші орында тұрады. Егер сіз отбасында бақытты болсаңыз, жұмысыңыз да жақсы жүретіні белгілі. Сондықтан кез-келген адам алдымен отбасында түсіністік пен сыйластықта, сүйіспеншілікте ғұмыр кешуі керек. Сонда ғана оның алдына қойған арман-мақсаттары орындалып, қызметте де үлкен беделге ие болары хақ.
Міне, осы тақырыпта өрбіген әңгіме семинар жиналғандарға ерекше ой салды.
-Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің кемшілігін қабылдай алмай араларында кикілжің туындайды. Әрине, оны дер кезінде екеуі бірге отырып, әңгімелесіп шешулері қажет. Жалпы, отбасылардың көбі сүйіспеншілікпен құрылып жатады. Есеппен құрылған отбасылар өте сирек кездеседі. Кезінде бір-бірін сүйіп қосылған ерлі-зайыптылардың көп ұзамай екі жаққа айрылып кетуіне күнделікті күйбің тірлік себеп болып жатады. Бір жағынан отбасында қаражаттың жетіспеуі де ерлі-зайыптылардың қитығына тиіп кетеді. Бұл да бар әрине.
Сондай-ақ отбасын құрғаннан кейін, бірге ғұмыр кешу парыз. Арада бала болған соң оларды тірі жетім қылмай, отбасын сақтап қалуда ұлттық құндылықтарымыздың алар орны маңызды. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпында отбасының бақытын шалқытатын барлық жағдайлар қарастырылған. Қазақта жаңа түскен келін басына орамал тағып, күнде ата-енеге сәлем салып, ізгілікті сақтайды. Ізгілік, кішіпейілділік, құрмет бар жерде отбасы шайқалмайды.
Өкінішке орай, еліміздің Оңтүстігі мен Солтүстігінде салт-дәстүрді ұстануда үлкен айырмашылық бар. Оңтүстікте ата салт жақсы сақталған. Жаңа түскен келін басынан орамалын тастамайды. Жасы үлкенге иіліп сәлем салады. Ал Солтүстікте келіндердің көпшілігі орамал таға қоймайды. Ал сәлем салу деген атымен жоқ. Сондықтан бұл жақтағы келіндер еркінсіп, ата-енеден жеке тұруға тырысады. Ал жеке тұратын отбасылар ұлттық құндылықты сақтай бермейді. Көбінесе, ұлттық құндылық қариялар бар жерде ғана сақталатынын ұмытпауымыз керек.
Жасыратыны жоқ Қостанай облысы ажырасу көрсеткіші бойынша екінші орында тұр. Бірінші орында Павлодар облысы. Міне, қарап отырсаңыз ажырасу процессі көбінесе Солтүстік Қазақстанда көрініс тапқан. Өйткені, бұл өңірлерде ұлттық құндылық өз дәредесінде жүзеге асырылмайды.
Сондай-ақ Қостанай облысында 18 мың алимент төлейтін әке бар. Осы көрсеткіштен ақ толық емес отбасында қанша бала тәрбиеленіп жатқанын бағамдай беруге болады. Толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың психикасы ерте бұзылады. Олар өскенде отбасын құрар шақта үлкен қиналыстан өтеді. Өйткені, олар мен толық отбасын құра аламын ба әлде жоқ па деген екі ойда болады. Сондықтан бала толық отбасында тәрбиеленіп, бақытты балалық шақты бастан өткеруі керек.
Менің ойымша бүгінде отбасылардың арасында ажырасу көп болып жатса, оның бірінші себебі ұлттық құндылықты жоғалтып алу. Өкінішке орай, қазақ отбасыларында да бастарына түскен мәселені бірге шешіп, жанұяны сақтап қалуға тырысудың орнына тез арада ажырасып, бір-бірінен қашуды әдетке айналып барады.
Өзім басқаратын «Отбасы help» жобасы отбасылардың ажырасуына барынша жол бермеуді көздейді. Бізге ерлі-зайыптылар неше түрлі мәселе мен сұрақтармен келеді. Олармен арнайы психолог мамандар жұмыс істеп, ажырасу мәселенің шешімі емес екенін түсіндіріп жатады. Бірнеше отбасыларды сақтап қалдық. Түсіндіру жұмыстарынан кейін кейбір ерлі-зайыптылар ажыраспайтындарын айтып, бір-біріне керек екендерін түсініп жатады. Сондықтан бір-бірімен келіспей қалған жандардың арасына өрт тұтатпай, керісінше олардың татуласуына үлес қосу керек,-дейді Несібелді Зариванқызы.
Маманның айтқан ақыл-кеңестерін ұйып тыңдаған қызметкерлер, өздеріне үлкен сабақ алғандарын айтады.
-Менің бір балам бар. Күйеуіммен ажырасып кеткенмін. Әрине, ол кезде екеуміздің арамызды айырмай, жақындастыратын, татуластыратын, ақыл-кеңес беретін адам болмаған шығар. Бұл семинарда маманның ақыл кеңесін тыңдап отырып, көп жайды ұққандаймын. Өте дұрыс кеңестер берілді. Әрине, отбасы үшін ұлттық құндылықтар өте маңызды. Әсіресе, қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары үлкен тәрбие мектебі. Сондықтан отбасын сақтап қалуда осы құндылықтардың маңызы зор болса керек. Мұндай тақырыптағы семинарлардың отбасылар үшін өте қажет,-дейді қызметкерлердің бірі Динара Байжанова.
Әрине, қазақта «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Сондықтан бүгін үйленіп алып, ертең ажырасам дейтін жандардың көбейіп кетуі толғандыратын жағдай.
Сондықтан отбасы үшін тек ерлі-зайыптылар ғана емес баланың, әженің, атаның, ағаның, әпкенің орны маңызды болса керек. Үлкендердің тілін алған жастардың отбасы бақытты болмақ.
Сондай-ақ семинар барысында, маман ерлі-зайыптылардың айына ең кем дегенде бір рет бірге театрға барып спектакль немесе сүйікті киноларын көріп уақыттарын қызықты өткізулерінің өте маңызды екенін атап өтті.
Осыдан үш жыл бұрын ажырасудың көп кездесетін себебі, ішімдік, нашақорлық, материалдық жағдайлар болса, соңғы жылдары ерлі-зайыптылар бір-бірінің көзіне шөп салудың кесірінен ажырасып жатады екен. Мұндай жағдай бұрындары еркектердің тарапынан көп болса, соңғы уақытта әйелдердің тарапынан жасалып жатқаны белгілі болып отыр. Бұған да өзіндік себеп бар. Қазір ерлі-зайыптылар уақытының көп бөлігін өздерінің ұялы телефонымен өткізеді. Түрлі әлеуметтік желі де отырады. Әлеуметтік желі арқылы кімнің кіммен сөйлесіп жатқаны беймәлім. Олардың осылайша уақыттарын бірге өткізбеулерінің салдарынан, екеуінің ойлары екі жақта болады. Ерлі-зайыптылардың әрдайым бірге жүріп, бірге ойлап, бірге алға мақсат қоюлары, бір мезгіл бір-бірімен сөйлесіп, бірге уақыт өткізулері өте маңызды болса керек. Ең бастысы шаңырақтар шайқалмасын.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77