Біздің Қостанай

Мүсіндері жұртшылықтың назарын аударған

Талантты қазақ жігіті Айдос Есмағанбетов жайлы сөз

Мүсіншінің асыл арманы

Қазіргі таңда көзі ашық, көкірегі ояу дарынды жастарымыз аз емес. «Болар бала бесігенде бұлқынар» деп ата –бабаларымыз да бекер айтпаса керек. Бүгінгі таңда кішкентай кезінен өнерге ерекше қызығушылық танытып, елімізде ғана емес, әлемге аты әйгілі болып жатқан білімді де білікті жігіттер қаншама.

Міне, бүгін осындай талантты жастардың бірі – Айдос Есмағанбетов жайында жан-жақты әңгімелейтін боламыз. «Біздің Қостанайдың» бетінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын аса құнды мақаласының аясында көптеген мәнді де мағыналы мақалалар жарық көріп келеді.

Біз «100 жаңа есім» бағдарламасы бойынша өңірімізден шыққан талантты мүсінші жайында баяндағалы отырмыз. Өзім жоғарыда атап өткен Айдос Есмағанбетов бала шақтан мүсін жасауға талпыныс танытқан екен.

Сөздің реті келгенде «Әке көрген оқ жонар» демекші, оның әкесі де суретші әрі мүсінші екендігін оқырмандардың есіне салмақпыз. Бір әулеттің иесі өнерлі жан. Сол кісінің жанында жүріп, оның жасаған еңбектерін көріп өскен жеткіншек мүсіншілікке ерекше ден қойды.

Сөйтіп, өзі де саз бен гипстен нешетүрлі минатюрлы заттар жасай бастады. Қабілетті баланың қолынан шыққан дүниелер айналасындағылардың назарын аударды.

Кейіпкеріміз көптеген тілді үйреніп, әлемді танып, елдерді аралап, өзінің білім көкжиегін үнемі кеңейтіп отыратын. Айдос жолы түсіп АҚШ-тағы «Мадам Тюссо» деп аталатын көркем мұражайға жолы түсті. Мұнда ол елімізде жоқ ерекше мүсіндерді тамашалап, таң қалды. Өйткені, мұнда орналастырылған мүсіндер жұп-жұмсақ силиконнан жасалған еді.

Оны көрген талапты жас «Мұндай мүсінді маған да неге жасамасқа» деген ойда қалды. Осындай әдемілікті көру үшін жерлестеріміздің міндетті түрде шетелге баруы қажет пе? Мен қалайда осы саланың білікті маманы атануым керек деп алдына мақсат қояды.

Шеберлік ізденіспен келеді

Сөйтіп, ол сол мұражайдағы мүсіндерді зерттеп, тың ізденістер жасай бастады. Туған жерге оралғаннан кейін бұрынғы мүсін жасап жүрген саз бен гипсті ысырып қойып, силиконнан адамдардың бет-бейнесін айнытпай жасауға кірісті.

Қазақ жастарының арасында дараланған талантты жігіт киелі Қостанай облысының Арқалық қаласына қарасты Ашутасты ауылында дүниеге келген.

Аталған шаһардағы Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында «Бейнелеу өнері және сурет салу» мамандығы бойынша жоғары білім алды.

Дипломды жас жігіт өнердің қадыр-қасиетін ерте түсінген-ді. Сондай-ақ әкесінің де ықпалы аз болмаған секілді. Өсе келе табиғи дарынымен қоса еңбекқорлығы ұштасқан Айдос тынбай жұмыс істеудің арқасында қазіргідей биік деңгейге жетті.

Міне, жаратылысынан бейнетқор жанның арманы бірте-бірте жүзеге асып, ұлтымыздың атын шығарып жатқаны барша қандастарымыз үшін де үлкен мәртебе екендігі айдан анық.

Мүсіншінің силиконнан жасаған туындыларының ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні айрықша орын алады. Алғаш рет мемлекет басшысының бейнесін айнытпай жасады. Ол көпшіліктің тарапынан лайықты бағасын алды.

Осындай керемет туындыны көрген жерлестері оған өздерінің ризашылықтарын білдіріп, әрдайым өнер биігінен көрінуіне тілектестіктерін білдірді.

Оның жасаған дүниелері шынында да шынайы шықты. Содан бері де арада біршама уақыт өтті. Қазіргі таңда ол Елордамыз Астанадағы бір театрда қызмет атқарады.

Онда жерлесіміз актерлердің бет-әлпетіне грим жасап, сахнаға дайындайды. Бұл жұмыстың да жауапкершілігі өте жоғары. Сол себептен де Айдос ондағы өнер адамдарының көңілінен шығып, жақсы қырымен көзге түсіп жүр.

Ізденімпаз мүсінші кезінде Абылай ханның ерекше мүсінін жасап жұртшылықтың назарын аударған еді. Сонымен қатар АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың бет-бейнесін де тиісті деңгейде шығарды.
Замандасымыз бұл күндері екі бағыт бойынша жұмыс істеп жүргенін де оқырмандар есіне салғанды жөн көрдік. Әрине, Айдостың қызметі де өте зерделілікті, шеберлікті қажет етеді.

Мысалы, бір мүсінді дайындау үшін 5 айдан 1 жылға дейін уақытын жұмсайды. Бұл әрине, тиянақтылықты, ерекше еңбекқорлықты талап ететіндігі де өнер адамдарына бұрынан белгілі.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77