Біздің Қостанай Социум

Маңыздылығы басым емес мәселе бойынша қоңырау шалушылардың саны артқан

Тұрғындардың шағымы бойынша біздің газеттің тілшілері де жедел қызмет операторларына қоңырау шалу қаншалықты қолжетімді, оператормен байланыс линиясында қанша уақыт қүтуге тура келеді? Осыны тексеріп көрді. Осы жайтқа куә болу үшін рейд жүргізген болатынбыз.

Бұған дейін бізге хабарласқан тұрғындардың бірі кешкілік уақытта белгілі бір себептермен полиция қызметіне, яғни 102 нөміріне бірнеше рет қоңырау шалып, барлық операторлар қазіргі кезде бос емес дегенмен шектелгенін айтып шағымданған болатын.

– Осыдан бір апта бұрын кешкілік жұмыстан үйге қайтып бара жатып аялдама жанында ішімдік ішкен бір топ адамды көрдім. Олар балағат сөздер сөйлеп, сол жерде автобус күтіп тұрған адамдарға кедергі келтірді. Тіпті жанымдағы баламның оларға қорқа қарағанын көріп ұялы телефоным арқылы 102 нөміріне қоңырау шалдым. Бір емес бірнеше рет хабарласқаныммен оператормен байланыса алмадым. Солай тұрғанымда менің күткен автобусым да келіп қалды. Сол күйі кетіп қалдым. Содан соң ойға келдім. Жаңағы жерде басқа бір оқыс оқиға орын алғанда маған, тіпті сол жердегі басқа адамдарға да жедел патрульдік көмек шақыру қолжетімсіздігі болғаны ма? деп ойладым, – деді қала тұрғыны Айнұр Бисенбаева.

Осы орайда біздер халықтың жиі қоңырау шалатын жедел қызмет нөмірлерімен байланысқа шықтық. Ең алдымен «құтқару қызметі 112», «өртке қарсы қызмет 101», «полиция 102», «жедел медициналық көмек 103», «газ қызметі 104» нөмірлеріне қоңырау соғып көрдік.

Бізге хабарласқан тұрғынның шағымының қаншалықты дәлелге сай екенін тексеріп көрейік деген мақсатта алдымен 102 нөмірін тердік дегенменен бірер секундқа жетпей бізге желінің арғы басынан оператор жауап беріп, қандай өтініммен хабарласып тұрғанымызды егжей-тегжейлі сұрай бастады.

Ал, жедел медициналық көмек нөміріне қоңырау шалғанымызда сәл күте тұруымызға тура келді. Бірер минуттан соң оператормен байланысқа шықтық. Өртке қарсы қызмет нөмірінің операторына да қоңырау шалуымыз уақыт күттірмеді. Құтқару қызметінің операторы да жылдам жауап берді. Газ қызметімен байланысуымыз тіпті қиындық тудырмады. Телефон тұтқасын көтерген оператор қандай мәселемен хабарласып тұрғанымызды сұрады.

Әрине, жедел жәрдем операторларына қоңырау шалуымыздың себебі рейд екендігін айттық. Ал, ендігі кезекте Қазақстанда кез келген ұялы байланыс операторлары мен қалалық телефон нөмірлерінен жедел қызметтерге қоңырау шалу тегін екенін біреу білсе, біреулері біле бермейді. Бұл ақпарат та халық үшін пайдалы болсын деп айтып отырмыз.

Осы орайда жедел медициналық көмек қызметіне хабарласуымыз сәл уақыт күттіргенінін айтқан болатынбыз. Яғни, мамандардың айтуы бойынша қаламызда жедел қызмет нөмірлеріне себепсіз не болмаса маңыздылығы басым емес жағдайлар бойынша хабарласатындардың саны артқан. Ал, әрбір шалынған қоңырауды оператор тіркеуге алып, оны әрі қарай іске асыруға жіберуі керек. Оның бәрі уақытпен санасады. Сондықтан кей жағдайда маңызы зор қоңыраулар үшін кезек күтуге тура келеді дейді.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
сурет ғаламтор желісінен


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77