Біздің Қостанай Здравоохранение

Маман кеңесі мен нақты оқиға, вакцина не үшін маңызды?

Вакцина – жұқпалы ауруларға қарсы күрестегі ең тиімді құралдардың бірі. Ол адам ағзасында белгілі бір ауруға қарсы иммунитет қалыптастырып, қауіпті дерттердің алдын алады.

Бүгінде әлем бойынша миллиондаған адамның өмірін аман сақтап қалған екпе – заманауи медицинаның жетістігі саналады. Соған қарамастан, соңғы жылдары вакцинаға деген сенімге күмәнмен қарайтындар көбейіп келеді. Әсіресе әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат пен аңыздарға сеніп, екпеден бас тартатындар қатары артып отыр. Бұл қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіретіні сөзсіз. Сондықтан екпенің не үшін қажет екенін, оның қандай аурулардан қорғайтынын және вакцинацияға қатысты ең өзекті мәселелерді түсіну – әрбір азамат үшін маңызды. ҚР ДСМ мәліметінше, 2024 жылы екпемен қамтылған балалардың үлесі 95%-ға жеткен. Алайда қызылшаға қарсы вакцинациядан бас тартқан 1500-ден аса жағдай тіркелген.

Мысалы, Германия мен Францияда мектепке дейінгі балалардың белгілі бір екпелерді алуы міндетті. Ал Австралияда екпе салдырмаған ата-аналар кей мемлекеттік жеңілдіктерден айырылуы мүмкін.

Балаларға арналған екпе

Сәбидің өмірінің алғашқы айларынан бастап ата-аналар маңызды мәселемен бетпе-бет келеді – баласына екпе салдыру қажет пе? Вакцинация – ата-аналар арасында ең жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Бірі екпе арқылы аурудың алдын алуға болады десе, енді бірі жанама әсерлерінен қорқады. Осы тақырыпты тарқатып, Қазақстандағы ұлттық екпе күнтізбесіне не кіретінін және ата-аналардың бұл мәселеге қалай қарайтынын анықтап көрдік.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде балаларға арналған міндетті вакциналар бекітілген күнтізбеге сай тегін салынады. Вакцинация нәресте туылған сәттен басталады.

Ауруханада (перзентханада): В гепатитіне және туберкулезге (БЦЖ) қарсы алғашқы екпе. 2 айда: Дифтерия, көкжөтел, сіреспе, полиомиелит және Hib инфекциясына қарсы бірінші доза (Пентаксим кешенді вакцинасы). 3 айда: сол вакцинаның екінші дозасы. 4 айда: үшінші доза. 12 айда (1 жас): қызылша, қызамық және паротитке (ҚҚП) қарсы екпе және Hib инфекциясына қарсы қайта егу. 18 айда: дифтерия, көкжөтел, сіреспе, полиомиелит және ҚҚП вакцинасын қайта егу. 6 жаста ҚҚП вакцинасы тағы салынады, ал 16 жаста – дифтерия мен сіреспеге қарсы ревакцинация жасалады.

Бұдан бөлек, ата-аналардың қалауы бойынша тұмау, ротавирус, менингококк, желшешек (ветряная оспа), адам папиллома вирусы секілді ауруларға қарсы екпе де салдыруға болады.

Педиатр Фариза Талаповна айтуынша, екпе – бала ағзасын ауыр инфекциялардан қорғайтын құрал.

– Бұрын, жаппай вакцинацияға дейін, қызылша мен көкжөтелден мыңдаған бала қайтыс болатын. Қазір бұл ауруларды сирек кездестіреміз, себебі балалардың көбі егілген. Вакцина – ағзаның қорғанысы іспеттес, – дейді маман.

Дәрігерлердің түсіндіруіне қарамастан, кейбір ата-аналардың күмәні басым. Әсіресе, жанама әсерлер – қызу көтерілуі, ісіну, тырысу секілді белгілер қорқыныш тудырады. Кейбіреулер мүлде екпеден бас тартып жатады, «табиғи иммунитетке» сеніп немесе таныстарынан жағымсыз оқиғалар естіп.

– Бірінші екпеден кейін ұлымның қызуы 39 градусқа дейін көтерілді. Әлсіздеді. Қатты қорқып кеттім де, екпенің жалғасын салдырмадым, – деп өз оқиғасымен үш жастағы баланың анасы Айгүл бөлісті. – Қазір ойланып қаламын: мүмкін, дұрыс шешім болмаған шығар. Себебі кейін жиі ауыратын болды.

Дегенмен, екпені қолдайтын ата-аналар да бар.

-Біз барлық екпені уақытында салдырдық. Иә, кейбірінен кейін қызу болды, бірақ дәрігер бұл қалыпты реакция екенін айтты. Бастысы – баланың қорғанысы. Қазір ұлым 5 жаста, сирек ауырады, – дейді екі баланың анасы Алмагүл.

Бүгінде интернетте бұл тақырыпта сан түрлі пікір бар. Дәрігерлер ата-аналарға форумдар мен блогерлерге емес, педиатрларға және ресми дереккөздерге – Денсаулық сақтау министрлігі мен ДДСҰ (ВОЗ) сайттарына сенуге кеңес береді. Вакцина – сау балаға салынатын препарат, сондықтан екпе алдында дәрігердің қарауы міндетті. Мамандар қазіргі вакциналар қауіпсіз және сапалы екенін айтады. Дегенмен әр бала – жеке жағдай.

– Егер балада созылмалы аурулар, әлсіз иммунитет немесе аллергия болса, вакцинация жеке тәртіппен шешіледі, – дейді инфекционист Альбина Иост. – Бірақ барлық екпеден мүлдем бас тарту – дұрыс емес. Дәрігермен кеңесіп, жеке кесте жасауға болады.

Екпе – жай ғана рәсім емес, ол баланы ауыр дерттерден қорғаудың тиімді жолы. Әрине, 100% кепілдік бермейді, бірақ аурудың асқыну қаупін айтарлықтай азайтады. Қандай шешім қабылдаса да, бұл – ата-ананың жауапкершілігі. Бірақ шешімді тек жүрекпен емес, біліммен де қабылдаған жөн – ол үшін сенімді маманмен ақылдасқан абзал.

Ересектер үшін

Екпе туралы айтқанда, көпшіліктің ойына бірден балалар түседі. Алайда вакцинация тек балалық шақта ғана емес, ересек жаста да қажет. Ересектер де түрлі жұқпалы ауруларға шалдығуы мүмкін, сондықтан оларды алдын ала болдырмау маңызды. Дегенмен көптеген қала тұрғындары қай жаста қандай екпе қажет екенін білмейді, ал кейбіреулері ересектерге де жоспарлы вакцинация қарастырылғанынан алғаш рет естіп отыр.

Қостанай қаласының тұрғыны, Александр Ильич өз пікірін білдірді.

-Жақында танысыма 55 жасында дифтерияға қарсы екпе салғанын естідім. Ал мен мұндай екпенің жасалатынын білген жоқпын. Бұл туралы неге ешкім айтпайды? “Даму Медтен” ешқандай хабарлама келмейді, дәрігерге барған кезде де ештеңе айтылмайды. Біз бұл мәліметті тек таныстардан білуіміз керек пе?, – деп сұрады.

Шынында, бұл сұрақ көпшілікті алаңдатады. Ересектерге арналған профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесі бар болғанымен, ол туралы ақпарат ашық көздерде өте аз. Ал шын мәнінде, белгілі бір вакциналар өмір бойы қажет.

Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес, ересектерге келесі екпелер қажет. Әр 10 жыл сайын – дифтерия мен сіреспеге қарсы АДС-м вакцинасы. Қызылша, қызамық, паротитке қарсы вакцина – егер бұрын ауырмаған немесе егілмеген болса. В гепатитіне қарсы вакцина – егер бұрын салдырмаған болса немесе антиденелер анықталмаса. Тұмауға қарсы екпе – жыл сайын, әсіресе 60 жастан асқан және созылмалы аурулары бар адамдар үшін. COVID-19-ға қарсы вакцинация – эпидемиологиялық көрсеткіштерге сай. Пневмококк және гемофильді инфекцияларға қарсы екпе – егде жастағы және иммунитеті әлсіз адамдарға. Сонымен қатар, қауіп төнген жағдайда, қосымша екпелер де бар, адам папиллома вирусына (26 жасқа дейін), құтыруға (ит, мысық тістегенде), менингококк пен кене энцефалитіне, желшешекке қарсы және т.б.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары түсіндіргендей, халыққа түсіндіру жұмыстарын мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың қызметкерлері жүргізеді. Бірақ көп жағдайда жауапкершілік адамның өзінде.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының түсіндірмесі:

– Азаматтарға ақпарат беру учаскелік қызмет, терапевт қабылдауы, профилактикалық тексерулер, жадынамалар және “DamuMed” мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі. Егер адам қандай да бір себеппен екпесін уақытында алмаса немесе оған не қажет екенін білмесе, өзінің емханасына жүгіне алады. Дәрігер тексеріп, қандай вакцина қажет екенін айтып, қалай алу керектігін түсіндіреді, – дейді олар.

Алайда тәжірибе көрсеткендей, бұл жүйе әрдайым тиімді жұмыс істей бермейді. Көпшілік дәрігерлердің вакцина туралы ескертпейтінін, ал “DamuMed” қосымшасынан көбіне балалар екпесі жайлы ғана хабарламалар келетінін айтады. Сөйтіп, жағдай мынадай, екпе кестесі бар, вакцина бар, бірақ оны салдыру қажет екенін көпшілік білмейді.

Бір оқиға

«Мені өзімнің мысығым тістеп алды…»

Бұл оқиға бір қарағанда кәдімгі тұрмыстық жағдай сияқты көрінгенімен, салдары ауыр болған. Әңгімесін баяндаған кейіпкер өз үйінің мысығын серуендетуге шығарған. Қолына анасынікі және тағы бір өзі аса ұнатпайтын мысықты алған сәтте, екеуі бір-біріне тап беріп, төбелесе кеткен.

Қолында тұрған жануарлар жанұшыра арпалысып, соның салдарынан бір мысық иесін байқамай саусағынан қатты тістеп алады.

– Тістеген жері теріні ғана емес, сүйекке дейін жетіп, қатты ауыртты. Қан тоқтамай ақты. Сол сәтте қатты айқайладым, бірақ үйдегілер тек жараны өңдеп, дәкемен таңып қойды, – дейді ол.

Алайда таңертең саусағы мен алақаны қатты ісіп, қызарып кеткен. Анасымен бірге ауруханаға барғанында жағдайдың байсалды екені белгілі болады. Қыз бала 18-ге толмағандықтан, оны бірден стационарға жатқызады.

– Өз еркіммен қалғым келмеді, бірақ жасыма байланысты басқаша болмады. Дәрігерлер ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы екпелер жасады. Кейін тыныштандыратын дәрілер де салды, өйткені қатты жылап, мазасыздандым. Не егіп жатқандарын нақты есімде жоқ, – дейді ол.

Алдымен бірнеше екпе ауруханада жасалып, кейін екі апта бойы күнделікті барып укол салдыруға мәжбүр болған. Ең қиыны — екпе курсын үзбей жалғастыру міндетті болған. Әйтпесе, бәрін қайта бастау керек еді. Бұл, үлкендердің айтуынша, ұзақ мерзімді әсері бар вакцина болған.

– Екі аптадан кейін жара біртіндеп жазыла бастады, бірақ тексерулер жалғаса берді. Қан талдамаларын алды, бірақ нақты не үшін екенін айтпады. Жауап та берілмеді, – дейді кейіпкер.

Оқиғадан соң тағы бір апта өткенде, үйлеріне учаскелік полиция қызметкерлері келіп, мысықты тексеріп кеткен.

– Олар тек сырттай қарап, “мысық сау сияқты” деп кетіп қалды. Алайда олардың жануарлардан қаншалықты хабары бар екеніне күмәнім бар, – дейді ол күлімсіреп.

Бұл оқиға – үй жануарларын қаншалықты жақсы көрсең де, қауіпсіздік шараларын естен шығармау қажеттігін еске салады. Қарапайым тістеу — кей жағдайда ауруханаға жеткізуі мүмкін.

Егер мектептен кейін қандай екпе алғаныңызды ұмытып қалсаңыз – алдымен терапевтке барыңыз. Дәрігер қажет болса, антиденелерге анализ жазады (мысалы, гепатитке немесе қызылшаға қарсы) және сізге жеке екпе кестесін құрып береді. Көптеген екпеге арнайы дайындық қажет емес – тек екпе салар кезде ағзаңыз сау болуы керек. Кейбір жағдайларда екпе шетелге шыққанда, жүктілік кезінде немесе белгілі бір салада жұмыс істегенде (білім беру, медицина, қоғамдық тамақтану) қажет болады.

Бүгінде вакцина – тек өз денсаулығыңыз үшін емес, айналаңыздағы адамдар үшін де маңызды. Қаншалықты көп адам егілсе, аурудың таралу қаупі соғұрлым аз болады. Әсіресе екпе алуға болмайтын адамдар – иммунитеті әлсіз жандар – қорғанысты қоғамнан күтеді. Ұмытпаңыз: ересектерге арналған вакцинация – бұл бақылау емес, денсаулыққа деген саналы көзқарас. Егер жүйе сізге не қажет екенін автоматты түрде айтпаса – бастаманы өз қолыңызға алыңыз. Емханаға барып, екпе статусыңызды анықтап, дәрігерден кеңес алыңыз. Бұл – қиын емес, бірақ өміріңізді құтқаруы мүмкін.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77