Қостанай облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері Жаңа жылды мерекелеу кезінде өрт қауіпсіздігі тақырыбында кезекті брифинг өткізді. Мамандардың айтуынша, өрттің негізгі себебі – электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы.
Аймақ тұрғындарының сүйікті мерекесіне екі аптаға жетпес уақыт қалды. Қауіпсіздік шаралары сақталмаған жағдайда отшашулар, түрлі жарқараған шамдар қауіпті болуы мүмкін. Өткен жылы дәл осы мерекеде 10 өрт оқиғасы және 28 өрт фактісі тіркелген.
– 2024 жылдың 1 қаңтарында Беймбет Майлин ауданының екі пәтерлі тұрғын үйінде 30 шаршы метр аумақта шатырдың төбе жабыны өртенді. Екі адам күйік алып, ауруханаға жеткізілді. Өрт сөндіру кезінде 27 литрлік бір газ баллоны эвакуацияланды. Сол күні Қостанай қаласында алты қабатты тұрғын үйдегі пәтерде шырша, кілем және диванның бір бөлігі өртенді. Өрт аумағы 5 шаршы метрді құрады, – дейді Қостанай облысы ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тукушев.
Мамандардың айтуынша, көпшілік жиналатын орындардағы өрт қаупі жоғары болып қала береді. Осыған байланысты өрт сөндірушілер мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Ал тұрғындардан қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау сұралады. Халық арасында танымал болып кеткен пиротехникалық заттарды пайдалануда аса сақтық қажет. Қолданар алдында нұсқаулықты мұқият оқып, тексеру керек.
Қазіргі уақытта мамандар пиротехникалық өнімдерді сататын орындарға рейд жүргізіп жатыр. Сапа сертификаты немесе арнайы рұқсаты жоқ сатушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Төтенше жағдайлар қызметі Жаңа жылды қауіпсіз қарсы алуға шақырады және тұрғындардың сақтық шараларын ескерулерін ескертеді. Өрт болған жағдайда дереу «101» немесе «112» телефон нөмірлері арқылы өрт сөндіру қызметіне хабарласыңыз.
Аяжан СЕРІК,
сурет архивтен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77