Ораза басталғаннан бері 200-ге жуық отбасыға қайырымдылық жасалған, бұл шара 30 күн бойына жалғасады
Мешіт өкілдерінің айтуынша, елдегі жағдайға байланысты мешітте ауыз ашар өткізуге рұқсат жоқ. Сол себептен де, шын мұқтаж және мүгедектігі бар адамдарға азық-түлік түрінде таратуды жөн санаған. Бұл қайырымдылық шарасы мешіт қызметкерлерінің бастамасымен былтыр да ұйымдастырылған болатын.
– Қазір індеттің белең алуына байланысты, өкінішке қарай мешіттерде ауыз ашар өткізе алмай отырмыз. Дегенмен де, ҚМДБ-ның тапсырмасына сәйкес, бас имам Бақытбек қажы Тәжімбеттің бастамасымен былтырдан бері Рамазан айы бойына қайырымдылық жобасы және «ауыз ашар қоржыны» сынды жобалар арқылы мұқтаж жанұяларға азық-түлікпен жәрдем беріп жатырмыз. Оразаның алғашқы күні 40 отбасыға дәл осындай азық-түлік тараттық, кеше 100 отбасыға бердік, бүгін 50 мүгедек адамы бар жанұяға таратудамыз. Бұл шараның барлығы демеушілердің қолдауымен жүзеге асуда, – деп атап өтті «Зекет және қайырымдылық қорының» өкілі Бақытжан Икрам.
Бұл шынымен де күнкөріс деңгейі аз, айлығы шайлығына жетпей отырған отбасылар үшін зор демеу. Бүгін бұл қайырымдылық шарасына қатысып, азық-түлік пакеттеріне ие болып отырғандар «Тұмар» мүгедектер қауымдастығының мүшелері.
– Жыл сайын қуанышпен қарсы алатын Рамазан айы қарсаңында біз Қостанай облыстық бас мешітінің «Зекет және қайырымдылық қоры» өкілдеріне жүгінген болатынмын. Ондағы мақсат қасиетті айда мүгедектігі бар жандарға азық-түлікпен көмек көрсету. Мен тізім құрғанда 83 адам өтініш берді, сол өтініш бергендердің барлығы азық-түлікпен қамтылатын болады. «Зекет» қорының жетекшісі Бақытжан аға Икрамға алғысым шексіз. Ол кісі демеушілердің көмегімен біздің ұйымның өкілдеріне қайырымдылық жасады, – деп атап өтті Қостанай облысы гемофилиямен ауыратын «Тұмар» мүгедектер қауымдастығының жетекшісі Ләйлә Балғабаева.
Қайырымдылық шарасында азық-түлік пакетіне ие болған отбасылар өкілдікке өз ризашылығын жеткізді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77