Маусым айының үшінші жексенбісі елімізде Медицина қызметкерлері күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн — адам өмірі мен денсаулығы үшін аянбай еңбек ететін дәрігерлер мен мейірбикелерге алғыс білдірудің ерекше мүмкіндігі.
Осы мереке қарсаңында біз «Қала көшелері» жобасы аясында Қостанайдағы бір көшенің ерекше тарихы жайында айтқымыз келеді. Қаламыздағы Герасимов көшесі — өз ісіне адал, мейірімді дәрігердің құрметіне берілген атау. Бұл — қалалықтар тарапынан көрсетілген зор алғыстың белгісі.
Қостанайдағы «Әуежай» шағын ауданында орналасқан Герасимов көшесі — 2019 жылы ресми түрде осылай аталды.
Дмитрий Владимирович Герасимов — Қостанай облыстық балалар ауруханасының білікті травматолог-дәрігері болды, ондаған жылдар бойы балалардың өмірін құтқарған жан.
Ақ желеңді абзал жан күтпеген жерден 2019 жылдың қаңтарында кенеттен дүниеден өтті. Оның адалдығы мен кәсіби шеберлігіне бас ию мақсатында қостанайлықтар көшеге есімін беруді ұсынды. Қоғамдық тыңдаулардан соң бұл ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.
Жалпы, Герасимовтың есімін көшеге беру туралы ұсынысты алғаш болып Парламент Мәжілісінің депутаты Иван Клименко мен жергілікті қоғам белсенділері көтерген болатын. Олардың бастамасын мыңдаған қостанайлық қолдады — бәрі де Дмитрий Владимировичті білікті маман ғана емес, адамгершілігі мол жан ретінде еске алатын.
2019 жылдың 5 сәуірінде қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға аудан тұрғындары, мәслихат депутаттары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өкілдері қатысты. Тыңдауға қатысушылар бірауыздан көшеге дәрігердің есімін беру бастамасын қолдады. Жиында сөз сөйлегендер: «Оның есімі тек қостанайлықтардың жүрегінде ғана емес, қаланың картасында да қалуы тиіс», — деді.
2019 жылғы 9 тамызда республикалық ономастикалық комиссия оң қорытынды берді. Ал 2 қыркүйекте Қостанай облысының әкімдігі мен мәслихаты көшеге ресми түрде Дмитрий Герасимов есімін беру туралы қаулы қабылдады.
Қыркүйек айының соңында көшеге жаңа атауы жазылған белгілер орнатылды. 2022 жылы көшеде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, шамамен 200 түп көшет отырғызылды.
Бүгінде Герасимов көшесі — жасыл желекке бөленген, көрікті ықшам аудандардың біріне айналды. Әсіресе, қала тұрғындары үшін Герасимов көшесі тек бір атау емес, бұл қала тарихындағы елеулі тұлғалардың бірі, дәрігер Дмитрий Герасимовтың есімін ұлықтаудың нышанына айналды. Бұл көше – адам өмірін сақтау мен денсаулық сақтау саласына зор үлес қосқан тұлғаның есімін дәріптейтін орынға айналды десек қателеспейміз.
Көшенің қазіргі көрінісі де көз тоярлықтай. Бүгінде бұл ауданда онға жуық көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан. Сонымен қатар, көшедегі 1-ші үйде спорт кешені орналасқан. Бұл жергілікті жастар мен спорт сүйер қауымның жиі баратын орнына айналды. Әлихан Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектебі де осы көшенің бойында.
Көше «Керуен» саябағының кіреберісінің жанынан өтеді. Сондықтан да бұл аймақ көптеген қала тұрғындарының серуендейтін сүйікті орындарының бірі саналады. Демалыс күндері көшенің бойымен көптеген отбасыларды, кішкентай балаларын жетектеген ата-аналар мен зейнеткерлерді көруге болады. Көшенің осылайша белсенді қоғамдық кеңістікпен ұштасуы оны қала тұрғындарының күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырды.
Дәрігер Герасимов небәрі 45 жасында жүрек талмасынан кенеттен көз жұмды. Онымен қоштасу рәсіміне жүздеген адам жиналды — қарапайым тұрғындардан бастап жоғары лауазымды шенеуніктер мен әскери қызметкерлерге дейін. Оны лауазымы үшін емес, үлкен жүрегі мен өз ісіне деген адалдығы үшін қадірледі.
Көшеге дәрігер Герасимовтың есімін беру — қоғам тарапынан көрсетілген үлкен құрметтің белгісі. Бұл — Қостанайда сирек кездесетін жағдай: көше аты әскери немесе саяси қайраткердің емес, күнделікті еңбегімен халыққа қызмет еткен ақ халатты дәрігердің есімімен аталды.
Қоғамдық тыңдау кезінде Иван Клименко былай деді.
– Дмитрий Владимирович — шынайы қостанайлық, ол балаларды да, ересектерді де емдеді. Осындай дәрігерлерді құрметтеуіміз керек.
Осылайша қостанайлықтар дәрігерге және жалпы ақ халатты абзал жандарға деген алғысын білдірді. Бүгінде Герасимов көшесі қала тұрғындарына батырлардың тек ордендері бар адамдар ғана емес, күнделікті еңбегімен адам өмірін сақтап жүрген жандар екенін еске салады. Дәрігер Герасимов дәл осындай адам болатын.
Қостанайлықтар оның есімін ұмытпайды, ал болашақ ұрпақтар Герасимов көшесімен өтіп бара жатып, бір кездері осы қалада үлкен жүректі дәрігер болғанын білетін болады.
Ол кім?
Дмитрий Владимирович Герасимов 1973 жылы дүниеге келген. Медициналық жоғары оқу орнын аяқтап, бар ғұмырын медицина саласына арнады. 20 жылдан астам уақыт бойы Қостанай облыстық балалар ауруханасында жұмыс істеп, травматология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Оны тек әріптестері ғана емес, мыңдаған қостанайлықтар да жақсы білді. Кішкентай балалар үшін ол жай ғана «Дядя Дима» еді — мейірімді күлкісімен қарсы алатын, күрделі оталардан қорықпайтын, әрдайым науқас балалар мен ата-аналарына уақыт бөлетін жан.
Дәрігердің жұмысы уақытпен шектелмейтін. Түнгі кезекшіліктен шыққан соң да ол ауыр халдегі науқастар келсе, қайтадан ауруханаға оралатын. Дмитрий Герасимов жүздеген баланың өмірін құтқарып, қиын сәттерде әріптестеріне көмек қолын созды.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- РњРѕР№ Р В Р’В Р РЋРЎв„ўР В Р’В Р РЋРІР‚ВВВВВВВВРЎР‚
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77