Ғ.Қайырбеков атындағы №9 жалпы білім беретін мектебінде алғашқы қоңырау үні сыңғырлады
Бірінші қыркүйек – әр бала үшін ерекше мереке. Әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған кішкентай бүлдіршіндер мен үлкен өмірге қадам басып, алғашқы қоңырау үнін соңғы рет естігелі тұрған 11-сынып түлектері үшін ерекше. Біреулер алғаш рет мектеп ұясына қонып жатса, енді біреулері сол сәтті аңсауда. Білім ордасында, балалар он бір жыл бойы жаңа әрі ілімге толы деректермен таныс болады. Бұл шексіз білім биігіне апарар алғашқы он бір баспалдақ іспетті. Әр баспалдаққа шығып, өрлеген сайын айналаң айқын көріне бастайды.
Мектеп, оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдайды жасауда. Мәселен ақпан айында мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балаларға жаңа оқу бөлмелері ашылған еді. Ғ.Қайырбеков атындағы №9 жалпы білім беретін мектебінің директоры балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, лебізін білдірді.
-Қадірменді ұстаздар, ата-аналар және оқушылар! Бүгін балалар сүйікті мектебімен, ұстаздарымен қайта қауышты. Біздің мектеп үшін ең қуанышты күндердің бірі. Өйткені, қырық жылдай күрделі жұмыстар жасалмаған мектебіміз, бүгін жаңа тыныс алып отыр. Сондай-ақ, тағы қуантарлық сәттердің бірі, жаңа оқу жылында 130-дан астам бүлдіршіндер мектеп табалдырығынан аттады. Биыл мектебімізді аяқтап жатқан түлектеріміздің саны 59. 2024-ші жылы бітіріп кеткен 53 түлегіміздің 60%-ы гран иегері атанды. Осы дәрежеден түспей, жыл сайын нәтижені ұлғайтамыз деген ойдамын. Ұстаздар қауымымен бірлесе оқушыларды мейірімділікке, патриоттылыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге күшімізді саламыз,-деді мектеп директоры Әсемхан Молдахаликов.
Бүгінде еліміздегі барлық білім ордасы оқушылар мен студенттерге есігін айқара ашты. Оқу жылының жаңа парағы ашылды. Бұл барша жанның көңілін толқытқан ерекше сәт.
«Ұстаз – ұлт келбеті» деп бекер айтылмаған. Өйткені, ұстаздар өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде орасан еңбек атқарып келуде. Бүгінгі жиын соңында қоңырау күмбірлеп, ұстаздар бүлдіршіндерге алғашқы сынып сағатын өткізді.
-Біздің келешек ұрпақ, оқушыларымыз үшін осы мектебімізге жөндеу жұмыстары жасалып, әр оқу бөлмесі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ел ертеңі- шәкірттер, қиялдарың ұшқыр болып, қанаттарың талмасын!,-деді мектеп ұстазы Мейрамкүл Әуесханова.
Дильназ Изделюева
Суреттерді түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77