Образование

Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге арналып алғашқы қоңырау соғылды

Салтанатты шарада 1 сынып оқушыларына «Әліппе» табыс етілді

Былтыр онлайн өткен алғашқы қоңырау биыл тек бірінші сыныптарға ғана арналып, дәстүрлі форматта өтті. Қала бойынша үлгілі мектептердің көшін бастап тұрған №24 мектеп-гимназиясында 1 сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау салтанатты түрде соғылды.

Биылғы алғашқы қоңырау басқасынан өзгерек. Неге десеңіз, биылғы меткеп табалдырығын алғаш аттаған оқушыларға көптен бері жоғалып кеткен «Әліппе» кітабы салтанатты түрде табыс етілді.

Білімнің атасы әліппемен қаншама ұрпақ сауатын ашты. Бір кездері осы кітаптың да керек болмай қалғанына күйінген едік. Енді міне, биыл осы ішіне 42 әріпті сыйдырған әліппе оқушылардың қолына қайта оралып отыр.

Аталмыш меткепте өткен алғашқы қоңырау салтанаты білім ордасының директоры Данагүл Сүйіндікованың құттықтауымен ашылды. Бұл шараға елімізде белең алып отырған жұқпалы дерттің таралуына жол бермеу мақсатында енгізілген карантин режиміне байланысты сырттан адам қатыспады. Тек меткеп табалдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндер мен ұстаздар қауымы ғана болды.

-Биыл мектесбімізде барлығы 450 бала білім алады. Оның 133-і 1 сынып оқушылары. Мектеп табалдырығын аттап отырған бүлдіршіндер 5 сыныпқа бөлініп оқиды. Оның 3-і гимназиялық сыныптар. Жаңа оқу жылының дәртүрлі форматта басталып отырғанына өте қуаныштымын. Бұл оқушы мен ұстаздың бір-бірін жақсы түсінуі үшін аса қажет. Ұстаздың алдында отырып алған білім ғана көңілге қонып, баланың жадында жақсы сақталады деп ойлаймын.

Сондай-ақ біздің мектеп жаңа оқу жылына толық дайын. Ұстаздар саны да жеткілікті. Білім ордасында барлығы 40 мұғалім бар. Олардың 30 пайызы жас мамандар. Былтыр ұжымымызға 7 жас маман қосылған болатын. Биыл 4 жаңадан келген мұғалім өзінің қызметін бастап отыр. Олардың 3-і жас маман.

Ұжымға жас мамандарды алуға қарсы емеспіз. Керісінше қуана-қуана қарсы аламыз. Өйткені, тәжірибесі мол, жасы зейнетке жетіп қалған ұстаздарымыз да баршылық. Олар жаңадан келген жас мамандарға өздерінің білгендерін үйретіп, ақыл-кеңестерін беріп отырады. Осылайша олар да аз уақытта тәжірибе жинақтап, білікті маманға айналады.

Бүгінде біздің меткепте жоғары деңгейлі ұстаздар қызмет етуде. Олар балаға білім бере отырып, бойына тәлімді тәрбие сіңіруге тырысады. Ата-аналар қауымымен де тығыз жұмыс жасаймыз. Балаларының сабағын үйлерінде үнемі қадағалып, оқу озаты болуына ерекше ықпал етіп келе жатқан ата-аналарға алғысымыз шексіз. Әр ата-анамен жұмыс жасау ұстаздардың басты парызы, – дейді мектеп директоры Данагүл Сүйіндікова.

24 мектеп-гимназиясында өткен салтанатты шара барысында 1 сынып оқушылары білім, мектеп жайында жаттаған тақпақтарын көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар мектеп оқушыларынан құралған «Алтынай» би тобының қыздары мың бұрала би биледі. Әсем ән шырқалды.

Жүректері лүпілдеп тұрған бүлдіршіндерге «Әліппе» кітабы салтанатты түрде табыс етілді. Осынау толғанысқа толы шақта 1 сынып оқушысы Айдана Жұман мен меткеп түлегі Мәди Талғат алғашқы қоңырауды соқты. Сыңғырлаған қоңырау үні бүлдіршіндерді білім алуға шақырды.

Жаңа оқу жылында барша оқушыларға сәттілік серік болғай. Ұстаздар қауымына да толағай табыс тілейміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Нұржан СМАИЛОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77