Біздің Қостанай

Мектепке дайындықты ерте бастаған жөн

Тамыз айында мектепке қажетті киімдер мен құралдардың бағасы біршама өсетін болады

Жазғы демалыста асыр салып ойнап, ата-аналарымен қыдырып, уақыттарын қызықты өткізіп жатқан балалардың жаңа оқу жылына кірісіп, партаға отыратын кездері де жақындап қалды. Шілде айының аяғында кейбір ата-аналар  балаларын ертіп, көк базарды аралап, мектепке қажетті киім-кешектер мен оқу-құралдарын сатып ала бастайды.

Бүгінде отбасылардың көбінде 3 баладан бар. Өзім де 3 баланың анасы болғандықтан, оларды мектепке дайындауға  қанша қаражат керек болады деген оймен қаламыздағы орталық базарға аттанып, бағаны бағамдап қайтқан болатынмын. Осы мәліметтерді бүгін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын.

Орталық базардың даладағы сауда орындарында қазір мектеп формасы жоқ, бірақ «Қайнар» дүкенінің екінші қабатында мектепке қажетті кімдердің бәрі бар. Мысалы, қыз балаларға арналған ақ күрте4000-6000, ал белдемше-3500-4500, қыздарға арналған шалбар-4600-6200 теңге аралығында болса, ер балалардың шалбары-5300, ақ күртешесі-3500-4200 теңгеден сатылып жатыр. Киімдердің кең таудауы бар. Барлық өлшемдері де бар. Ал спорттық киімдердің бағасы-12000-нан басталады. Ары қарай өзіңіздің таңдауыңызға қарай, қалтаңыз көтерсе одан да қымбат баға сатып ала аласыз.

Сондай-ақ аталмыш дүкенде қыздардың мектепке киетін жабық, жай табан туфлилері 3000-7000 теңге аралығында. Ал спорттық аяқ киімдер-5000-12000 теңге. Оқушылардың оқулықтарын салып, мектепке ұстап баратын сөмкелерінің де бағасы сапасына қарай сан алуан. Бірақ қашан да, сапалы заттың бағасы да қымбат болатана белгілі. Осыған қарап қазақта «арзанның дәмі татымас» деп бекер айтылмаса керек. Орталық базарда қазіргі ауыр да үлкен оқулықтарды бір жыл көтеруге шыдамды сөмкелердің кең таңдауы бар екен. Олардың бағалары 4500-1200 теңге аралығында. Сөмкелердің ішінде бастауыш сыныптың оқушыларына арналған суреттері көп, түрлі-түстілері де, жоғары сынып оқушылары үшін бір түсті сөмкелер де бар.

– Менің мектепке арналған сөмкелерді сатумен айналысып жүргеніме биыл 9 жылдың жүзі болды. Сауда бірде бар бірде жоқ. Мектепке дайындық енді-енді басталып жатыр. Саудам тамыз айында қыза түседі. Жақында ғана жаңа түсім келді. Қазір сөмкелердің таңдауы кең. Оқушылардың да тамғамы жоғары. Қазір балалардың көбі түрлі-түсті суреті бар сөмкелерді ұната қоймайды. Олар бір түсті стильді ұнатады. Сондықтан биылғы сөмкелердің жаңа түсімінде бір түсті сөмкелер өте көп. Бағасы да, сапасына қарай сан түрлі. Қазір оқулықтар кішкентай емес, үлкен және қалың, ауыр. Сондықтан оны барлық сөмкелер көтере бермейді. Бір жылға жарамай үзіліп қалып жатады. Сондықтан сөмке таңдағанда ақшаны үнемдемей бірден бір рет сапалы да қымбат сөмке сатып алу қажет. Мен осыны үнемі сатып алшыларға айтып отырамын. Сонымен қатар мектепке екінші аяқ киім салып апаратын дорбалар-1300-1500 теңге аралығында. Олар да үлкен сұранысқа ие,-дейді саудагер Марина Цветова.

Мектепке қажетті құрал-жабдықтар да қалтаға арзанға түспейді. Бүгінде орталық базарда жай дәптер-30, қалың дәптер-250-400, түрлі-түсті қарындаш-300-600, сурет салатын альбом-200-1000, акварель бояу-500-600, қарындаш ұштағыш-50-150, қалам-50-100, қарындаш, қалам салатын қалташа-800-1500 теңге аралығында сатылып жатыр.

Таңның атысынан кеш түскенше тірлігі қыз-қыз қайнап жататын базарда мектепке қажетті заттардың бағасын қағазға түсіріп жүргенімізде, ұлы мен қызын ертіп киім-кешек сатып алып жүрген қала тұрғыны Жансая Тұрсынбаеваны жолықтырып, сөзге тартқанымызда, ол:

-Биыл мектепке дайындықты ерте бастап кеттік. Осы айдағы жалақымды алып, балаларды мектепке дайындауды шешіп, базарды аралап бағамен танысып жүрмін. Балалардың киімдерін таңдап алу қиын. Көп жерлерде жаңа түсімдер жоқ. Бір-екі жетіден кейін ғана жаңа түсім болады дейді. Бірақ олардың бағасы тым қымбат болады. Былтар тамыздың басында базар аралап, киім-кешек алған едік. Бағасы қымбаттау болды. Сондықтан биыл ертерек бәрі қымбаттап кетпей тұрғанда сатып алып қояйын деп келген едім. Бірақ қазір де баға айтарлық төмен емес екен. Мектеп формасы өзгереді деп ата-аналардың да ойын сан-саққа жүгіртіп қойды. Енді қандай киім алатынымды білмей жүрмін. Әзірше ұлыма ақ күртеше, аяғына туфли, қызыма да ақ кофта, аяқ киім, бантик, колготки және басқа да қажетті заттарды сатып алып жатырмын. Сосын құрал-жабдықтар сатып аламын. Оқулықтардың бағасы қымбаттау. Сонда да қазір алып қою керек. Тамыз айында мектепке қажетті тауарлар бірден қымбаттап шыға келеді. Әрине, ол кездері таңдау да көп болады. Бірақ қазірдің өзінде де көңілге қонымды киім-кешектер алуға болады. Екі баламды толық мектепке дайындау үшін былтыр 200 000 теңге жіберген едім. Биыл қанша қаражат кететінін білмеймін. Бірақ қазір реті келгенше балаларыма ұнаған киімдерін алып беріп, бір қатар мектепке дайындап тастауды жөн көріп отырмын,-деді.

Баланы мектепке дайындау жыл да ата-аналардың мойнына түсетін ауыртпалық. Кейбір отбасыларда 5-7 балаға дейін бар. Олардың әрқайсысына киім, оқу құрал алып беру қаншама қаражатты қажет етеді. Оның сыртында оқу министрлігі оқу формасын өзгертеміз деп жыл да бір әлек салып отырады. Ол да айлықтарын балаларының қажетіне әрең жеткізіп отырған ата-ана үшін бір уайым болса керек.

Осы орайда, орталық базарды аралап, мектепке қажетті оқу-құралдың, киім-кешектің бағасын біліп, егер отбасыңызда екі қыз, бір ұл болса, қанша қаражатқа балаларыңызды киіндеретіндеріңізді есептеп шығарып отырмыз.

Сонымен екі қыз бен бір ұл баланы меткепке дайындау үшін, шамамен 300 мыңнан артық қаражат қажет. Бұл қаражатқа тіпті толық барлық қажетті ала алмауыңыз да мүмкін.  Бірақ бір киіндіріп, І тоқсанға қажетті  оқу-құралдарын сөмкесіне салып жіберуге болады. Ал екінші тоқсанда қайтадан, барлық пәндер бойынша жаңа дәптер керек, балаңыздың қаламы, түрлі—түсті қарындашы, сурет салатын альбомы  және басқа да қажетті құралдары бітеді. Оны тағы да 100 мың теңге сатып аласыз. Осылайша төрт тоқсан бойына көзге көрінбей қаражатыңыз кете береді. Оқу жылы басталысымен барлық оқу-құралдар қымбаттайды, тіпті кейбір жазуға арналған дәптерлер табылмайды. Оны тапсырыспен сатып аласыз. Осының бәрі үнемі сіздің қалтаңыздан шығатын қомақты қаражатта талап етеді.

Сондықтан ата-аналарға осы кезден қимылдап, тамыз айындағы мектепке қажетті тауарлардың қымбаттауына ұрынбай, орталық базар мен басқа да шағын дүкендерді, сауда орындарды аралап, сауда жасауды бастаған жөн деген кеңес береміз. Ерте қимылдағанның ұтары мол.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА,
Суретті жасаған Мақсат КАНАПЬЯНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77