«Қазақстан халқына» қоры Қостанай ауданындағы ауыл мектебіне шамамен 250 млн теңге бөлді. Бұл қаражат Заречный ауылында орналасқан А. Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартуға жұмсалды.
Қордың қолдауы арқасында мектепте робототехника кабинеті, телестудия, арт-студия және шығармашылықпен айналысуға, эмоционалдық серпін алуға, өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шеберханалар ашылды. Бұл жаңашылдықтар білім беру процесінің барлық қатысушыларына ерекше қуаныш сыйлады. Сонымен қатар, STEM зертханасының пайда болуы оқушылардың математика, инженерия, технология және жаратылыстану ғылымдары саласындағы білімдерін кеңейтуге деген ынтасын арттырды.
Мұғалімдер де назардан тыс қалмады. Олар Назарбаев Зияткерлік мектебіне барып, құрылғыларды қолдану бойынша теориялық және практикалық сабақтар алды. Осыған қоса, тоқсан аяқталғаннан кейін демалыс кезінде үш күндік оқуға Астана қаласына бару жоспарлануда.
– Қазіргі заманғы технологияларды үйрендік. Біз 2 сағат курс өттік, 2 сағат тәжірибе болды. Маған ұнағаны – балалардың бұл жаңашылдықтарды еркін меңгергені, мұғалімдер сияқты. Енді біздің оқушыларымыз да осындай жабдықтармен жұмыс істеп, сол деңгейге жетсе деген арманымыз бар, – дейді тарих пәнінің мұғалімі Ақмарал Хамзина.
Оқушылардың жан-жақты дамуы үшін мектептің акт және спорт залдары мен кітапханаға жаңа жиһаздар мен жабдықтар алынды, көрнекі құралдар, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары мен оқу материалдары жеткізілді. Мектеп дәліздерінде шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ ойнайтын арнайы орындар да қарастырылған.
– Мектептің жабдықталуына байланысты сабақтың форматы да өзгеруде. Бұрын информатика пәнінде компьютерден басқа құралдар болмаған, тек бір ғана робот болатын, ол басқа бағдарлама бойынша жұмыс істегендіктен, кейбір қиындықтар туындады. Қазір әртүрлі роботтар, молекулалық, андроид, физикалық және химиялық өлшеуіштер келіп жатыр. Оларды пайдалана отырып, сабақтарды қызықты әрі баланың өзі іс жүзінде жасайтындай етіп ұйымдастырудамыз. Бұрын робот жасауға балалардың қызығушылығы аса байқалмаған болса, қазір олар жаңа құрал-жабдықтарды көріп, тіпті сабақтан кейін немесе үзіліс кезінде өз беттерімен бір нәрсе жасап үйренуге тырысады, – дейді информатика пәнінің мұғалімі Таңшолпан Әбикеева.
Мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартумен қатар, оқу сапасын жақсарту бағытында педагогикалық кадрларды дамытуға да үлкен мән берілуде. Физикалық және химиялық пәндер үшін арнайы жабдықтар алынып, оларды қолдану бойынша мұғалімдерге оқыту жүргізіледі. Дегенмен, мектептің толық жабдықталуы әлі аяқталған жоқ.
– Әлі барлық құрал-жабдықтар жеткізілген жоқ. Осы тоқсан аяқталғанша барлығы келеді деген үміттеміз. Кейбір құрылғыларды өздері түсіндіріп беруге уәде етті, әзірше жай орнатып кетті. Қазіргі таңда мектепте 800 бала оқиды, алайда бұл мектеп бастапқыда 300 балаға арналған. Сондықтан жаңа мектеп салынып жатыр. Келесі тоқсаннан бастап оқушылар сол жаңа ғимаратта оқиды, – дейді Еркебұлан Нурафилов, А. Байтұрсынұлы атындағы мектеп директорының міндетін атқарушы.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан халқына» қоры ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту бағдарламасын іске қосты. Оның мақсаты – ауылдық тірек мектептердің дамуын елдегі үздік мектептермен тығыз серіктестікте арттыру, сондай-ақ ауылдық мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы білім сапасындағы аумақтық және әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті жоюға үлес қосу, мұғалімдердің кәсіби дамуы үшін тең жағдай жасау.
Жаңа заманауи технологиялар балалардың болашақта дамуына үлкен мүмкіндік береді. Олар оқушылардың қызығушылығын оятып, білім алуға деген ынталарын арттырады. Робототехника, STEM зертханалары мен шығармашылық кабинеттерінің болуы балаларға өз идеяларын жүзеге асыруға, жаңа дағдыларды игеруге және әртүрлі пәндер бойынша тереңірек білім алуға мүмкіндік береді.
Бұл жаңашылдықтар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және заманауи ғылым мен технологиялардың негіздерін меңгеруге септігін тигізеді. Нәтижесінде, балалардың білім алуға деген құштарлығы артып, олар өз болашағын жоспарлауға, жаңа бағыттарда дамуға дайын болады.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Нуржан СМАИЛОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77