Қостанай облысы – этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудың жарқын үлгісі болып табылатын аймақтардың бірі.
Мұнда көптеген ұлт өкілдері мен әртүрлі діндерді ұстанушылар бейбіт түрде қатар өмір сүруде. Бүгінгі таңда аймақта діни бірлестіктердің рөлі ерекше маңызға ие болып отыр. Қоғамдағы бірлікті нығайту мен діни қақтығыстардың алдын алу мақсатында дін басқармасы маңызды іс-шаралар өткізіп келеді. Бұл сұхбатта Қостанай облысы дін басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов осы тақырыптағы маңызды мәселелер туралы ой бөлісті.
Қостанай облысында әртүрлі конфессияларды біріктіретін 105 діни бірлестік ресми түрде тіркелген. Олардың ішінде ислам, православие, католицизм, протестантизм және кришнаизм сияқты діндер бар. Қалмақов мырза аймақтың діни картасы жайлы былай дейді:
— «Облыс аумағында 10 конфессияны құрайтын 105 діни бірлестік қызмет атқарады. Олардың 26-ы ислам, 33-і православие, 4-і католицизм, 40-ы протестантизм және 1-і кришнаизмге жатады. Бұл ұйымдардың барлығы әділет органдарында тіркелген және заңнама нормалары шеңберінде әрекет етеді».
Қостанай облысындағы діни ұйымдар Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес жұмыс істейді. Бұл заң діни ұйымдардың қызметін реттеп қана қоймай, олардың қоғамдағы орны мен рөлін анықтайды. Ерлан Қалмақов діни бірлестіктердің қызметін түсіндіре отырып, олардың жарғылық құжаттарына сәйкес әрекет ететінін атап өтті:
— «Ресми тіркелген діни бірлестіктер өз қызметтерін заң аясында жүзеге асырады. Олар тек өздерінің ғимараттарында, ғибадат үйінде діни рәсімдерді өткізе алады».
Діни бірлестіктердің негізгі мақсаты тек діни қызмет атқару емес, сонымен қатар қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және адамдар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға үлес қосу. Қостанай облысы дін басқармасы мен жергілікті діни ұйымдар бірлескен жобаларды іске асырып келеді. Мысалы, «Рухани келісім» апталығы аясында түрлі іс-шаралар өткізілді. Ерлан Қалмақов бұл шараның маңыздылығын былай түсіндіреді:
— «Өткен аптада 18 қазан – рухани келісім күнін бірінші рет ауқымды түрде атап өттік. Бұрын бұл күн көбінесе назардан тыс қалатын, ал биыл біз оны апталық етіп өткіздік. Әр ұлт пен діннің ортақ мүддесін көрсететін шаралар ұйымдастырылды, мысалы, Нан күні. Бұл күн арқылы біз нанның мәдени және рухани маңызын көрсеттік. Әр дінде нанға ерекше мән берілген. Әрбір ұлттың өзінің дастарханы бар, бірақ дастарханының ішіндегі барлығына ортақ тағам ол – нан. Дін тұрғысынан алып қарасақ та сондай, католиктер рождествода өздерінің нанын ұсынады, еврейлерде де нанға қатысты нәрсе бар, ислам дініңде де жеті шелпек пісіреді. Сол ғұрыптардың барлығы былайша айтқан кезде біздің өмірімізде, біздің көп ұлтты қоғамымызда қалыптасып қалған нәрселер. Бірақ ол кішкене тасада қалып қояды. Шынына келген кезде сондай дәстүрлі нәрселер біздің бірлігімізді нығайтады, одан кейін құрметімізді көрсетеді ».
Конфессияаралық қақтығыстарды болдырмау және діни аралық диалогты нығайту мақсатында да көптеген шаралар қолға алынған. Дін басқармасының басшысы бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше тоқталып өтті:
— «Қостанай облысында әртүрлі діни ұйымдар өзара сыйластық пен түсіністікті нығайтуға үлес қосуда. Мысалы, өткен аптада мешітте Мәуліт мерекесі өтті, оған православие дінінің өкілі қатысып, құрмет көрсетті. Бұл өзара сыйластық пен бірліктің жарқын көрінісі. Біз мұндай іс-шараларды одан әрі дамытқымыз келеді.Біздің Қостанай облысымызда айт болып жатқан кезде көрші басқа ұлттың өкілдері айт шайға келуі мүмкін, дастарханның басына отырады. Ал пасха кезінде қазақтар христиан дінің ұстанатын көршілерін, таныстарын құттықтап жатады. Соның барлығы былай қараған кезде бір елеусіз нәрселер, бірақ шын мәнінде біздің қоғамдағы дін аралық түсіністіктің, келісімнің көрінісі. Соны біз ары қарай нығайтуымыз керек. Одан кейін біз зайырлы қоғам екендігімізді ұмытпауымыз керек. Мемлекет пен дін бізде бөлек қарастырылады. Көбінесе сол зайырлы қоғамды жасаймыз дейміз де, біздің жастарымыз дін тұрғысынан келгенде дұрыс ақпарат ала алмай жатады. Сол үшінде біз осы апталық аясында пікірсайыс турнирін өткіздік, интеллектуалды ойындар өткіздік. Ол іс шара елімізде тұрып жатқан ұлт пен ұлыстардың дни ұстанымдары туралы көбірек ақпарат алуға, соның жақсы жақтарын білуге, теріс ағымдар жайында көбірек мәлімет алуға септігін тигізді деп ойламыз. Екінші бір мәселе, бірліктің түрлі формаларын іздеген кезде шахмат пен дойбы турнирін өткіздік. Ол жерде әртүрлі діннің қызметкерлері, яғни шіркеудің, мешіттің қызметкері және солардың жамағаттары қосылып ойнады. Бұл өзара сыйластықты нығайтады. Тағы айта кететін жайт өткен аптада мешіт мәуліт мерекесін өткізді, оған праваслав дінінің өкілі қатысты. Бұл құрмет ретінде жасалды»
Қостанай облысында теріс діни ағымдардың таралуына жол бермеу мақсатында да бірқатар шаралар қолға алынған. Қалмақов мырза теріс діни ағымдардың алдын алу жұмыстарының маңызды екенін айта келе, биылғы жылы бұл бағыттағы заң бұзушылықтардың тіркелмегенін мәлімдеді:
— «Биылғы жылы нақты заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Бұрынғы жылдары бекітілген ғибадат үйлерінен тыс жерде құлшылық өткізу сияқты бұзушылықтар болған. Заңсыз діни қызметпен айналысқандар байқалды, ол діни бірлестік ретінде тіркелмеген, қайырымдылық қоры ретінде жұмыс жасаған. Алайда, діннің сабақтарын өткізген. Біз сондай нәрселердің жолып кесіп, тиісті қорғау органдарымен жауапкершілікке тартқан болатынбыз. Биыл ондай болған жоқ, бұл дегеніміз біздің қоғамымызда жауапкершілік күшейіп жатыр деген сөз. Қоғамда заң талаптарының сақталуы артып, түсіндіру жұмыстарының нәтижесі көрініп отыр. Сосын ертеректе пәтерлерді аралап, есік қаққан мәселелер болған. Қазір олар азайды, мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Арасында болып қалуы мүмкін. Бірақ көп жағдайда біздің азаматтарымыз оны әлеуметтік желіге салады да, ары қарай құқық қорғау органдарына арыз берден қашқақтайды. Біздің азаматтарымыз толық түсінуі керек, егер шыныменде ондай заң бұзушылық көріп тұрса, ол сол бойынша тиісті органдарға арыз берсе ол іс қаралады, шаралар қолданылады».
Дін басқармасы қайырымдылық іс-шараларына да белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Қалмақовтың айтуынша, мұндай шаралар қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған:
— «Мысалы, “Мектепке жол” акциясы аясында көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету шараларын діни ұйымдармен бірлесе жүзеге асырамыз. Бұл қайырымдылық іс-шаралар қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге айтарлықтай үлес қосады. “Рухани келісім” апталығы аясында дін көшбасшыларының клубын өткіздік. Бұл бірінші рет бас қосу болды. Бұған дейін біз оларды жинаыстарға жинап тұратынбыз. Ал клубтың алаңында біз қоғамдық мәселелерді талқылағымыз келеді. Мысалы, қазір қоғамда көптеген келеңсіздіктер орын алып кетті. Алаяқтар көбейіп кетті, отбасы құндылықтары төмендеп кетті, балалар құқығы бұзылуда, жасөспірімдер арасында бір-бірін соққыға жығып жатқан жауыздықтың көріністері көбейіп кетті. Сол мәселелердің себебі неде, ол жаңағы отбасының тәрбиенің кемшілігі, жастарымыздың рухани жан дүниесінің таяздығының көрінісі. Соған біздің дін қызметкерлері қалай көмектесе алады, қай дінде осыған байланысты қандай ұғымдар қарастырылған. Осыны біз қоғамға түсіндіріп, айтқымыз келеді. Сол арқылы қоғамға ой салғымыз келеді. Өйткені кім болмасын, адам болғаннан кейін басым көпшілігі көп сұрақтың жауабын діннен іздейді. Сол кезде біздің діннің қызметкерлері оларды дұрыс жолға бағыттап жіберуі керек. Осы клубтың аясында жұмысты бастап жатырмыз. Алдағы уақытта осы отырыстарды өткізіп, шешімдерді әлеуметтік желіге салып, ақпарат құралдарында таратып, көпшіліктің рухани дамуына үлес қосқымыз келеді».
Қостанай облысы дін басқармасының болашақ жоспарлары да ауқымды. Басқарма жастар мен жасөспірімдер арасында алдын алу шараларын күшейтуді көздеп отыр. Осы бағытта арнайы жобалар іске асырылып жатыр. Ерлан Қалмақовтың айтуынша, алдағы уақытта әлеуметтік желі арқылы ақпараттық жұмысты күшейту жоспарланып отыр:
— «Қазіргі таңда қоғам әлеуметтік желіге бейімделген. Сондықтан біз жастарға арналған танымдық подкасттар түсіруді жоспарлап отырмыз. Бұл арқылы жастарға дін туралы дұрыс ақпарат беруді мақсат етеміз. Біздің саланың жұмысы көзге көп түсе бермейтін жұмыс. Жалпы дін мәселесі ол әркімнің жеке жұмысы. Сондықтан біз азаматтардың діни бостандығына байланысты немесе діни бірлестіктеріміздің қызметіне байланысты көп араласа алмаймыз. Біздің қызметіміздің тағы бір ішкі бағыты теріс діни ағымдардың таралуына жол бермеу. Қостанай облысында басқа облыстарға қарағанда жағдай тұрақты. Ондай теріс жолды ұстанатын азаматтар көп емес. Қоғамда ондай тарап кетпеу үшін теріс діни ағымдар туралы пікір қалыптастыруымыз керек. Алдын алу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Соған байланысты жобаларымыз бар. Биыл бірінші рет біз жасөспірімдер арасында алдын алу жұмыстары бойынша әлеуметтік жобаны іске асырып жатырмыз».
Қостанай облысында діни бірлестіктердің қызметі қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға бағытталған. Дін басқармасы мен діни ұйымдар бірлесіп, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау үшін маңызды жобалар мен іс-шаралар өткізуде. Ерлан Қалмақовтың айтуынша, қоғамдағы рухани келісімді нығайту үшін мұндай шаралар әрі қарай да жалғасын табатын болады.
Аяжан СЕРІК,
суретті ұсынған кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77