Біздің Қостанай Социум

«Мерейлі отбасы»: ата-ананың ақ батасын алып, үлкенді құрметтей білген жұп

Аламыздың тұрғындары Нұрсұлтан мен Жанар Асановтар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің қатысушылары. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше.

Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Ендеше әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық
Нұрсұлтан Асанов ҚР ТЖМ «Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті Қостанай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі» РММ азаматтық қорғау аға лейтенанты, аға тергеушісі лауазымында қызмет атқарады.

Мемлекеттік қызметте қалтқысыз еңбек етіп жүргеніне он жылдан асқан. Осы жылдар ішінде еңбегі еленіп, өз қызметіне адал әрі аса жауапкершілік танытқаны үшін медальмен, Алғыс хаттармен де марапатталған екен. Жолдасы Жанар РММ «Қостанай облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотынын маманы.

Жас шаңырақ иелері Нұрсұлтан мен Жанар Асановтар Әлинұр мен Айзере есімді екі баланы тәрбиелеп отырған ата-ана. Олар елімізбен бірге өсіп-өніп келеді.

– Біз тәуелсіздік жылдары дүниеге келгенімізді ерекше мақтанышпен айта аламыз. Тәуелсіздік жылында жарыққа келгенімді жақсылыққа жорып атам менің есімімді Тұңғыш Президентіміздің құрметіне Нұрсұлтан деп қойған екен. Тәуелсіздіктің таңында дүниеге келгендіктен перзент ретінде мен оның мағынасы мен маңызын терең түсінемін. Менің алаңсыз бақытты балалық шағым ауылда өтті. Ештеңеге алаңдамай орта және жоғары білім алуымыз да елдегі тыныштық пен тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын. Біздердің яғни, жастардың алдында елімізге қалтқысыз еңбек ету мақсаты ғана тұруы міндет, – дейді отағасы Нұрсұлтан Асанов.

Ал Жанар тамырын тереңге жайған Әбілтаевтар әулетінің үлкен немере келіні. Нұрсұлтан екеуі арттарынан ерген іні-қарындастарына үлгі-өнеге көрсетіп отырған жастар.

Шаңырағында береке-бірліктің нышаны, саналы, салиқалы ұрпағы бар, дініміз бен дәстүрімізді әспеттейтін отбасының әрқайсысы – мерейлі отбасы. Міне, біз дәл осындай отбасының бірі емес бірегейі деп Асановтар отбасын айта аламыз. Олардың ата-ананың ақ жолымен жүріп, салт-дәстүрімізді дәріптеп келе жатқанына да куәміз.

Материал «Жастар ортасында қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау» жобасы аясында дайындалды, Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша іске асырылуда. Ұйымдастырушы – «Жаңашыр бол» ҚҚ.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
сурет отбасылық альбомнан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77