Біздің Қостанай Социум

Мешіт – руханият ордасы: Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Уәлиевпен сұхбат

Зырылдап өтіп жатқан уақытта шек жоқ. Бүгінгі арнайы әңгімеге тартып отырған Бектұрсын Торғайбайұлы Уәлиевтің өңірімізге өкіл имам болып тағайындалғанына да бір жыл толды

Ол аз мерзім болып көрінгенмен, қыруар жұмыстар атқарылды. Оны әрине, бір сұхбатта толық қамту да мүмкін емес. Дегенмен де көкейде жүрген сауалдарымызды қойып, оның жауаптарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

– Міне, бір жыл да артта қалды. Бас имам ретінде қандай ой түйдіңіз. Жауапты қызметіңізді неден бастадыңыз?

– Өкіл имамның да атқарар қызметі жеткілікті. Сондықтан менің алдымда бұрынғы әріптестерімнің бастаған жұмыстарын одан әрі жалғастырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі бағыттарын жүзеге асыруға көп жылғы тәжірибем мен біліктілігімді арнадым.

Бір айта кетер жай, облыстың аудандары мен қалаларындағы мешіттердің имамдары маған жақсы таныс. Өздеріңіз білесіздер, осы қызметке келгенге дейін Бейімбет Майлин ауданында, Арқалық және Рудный, Қостанай қалаларындағы мешіттерді басқардым.

Өңірдегі дін қайраткерлерімен қоян-қолтық араласа жұмыс істедім. Олардың қарым-қабілетін, адамгершілік және іскерлік қырларын бір кісідей білемін. Бәрімізге мақсат та, мүдде де ортақ болғандықтан аса бір түсіністікпен қызмет атқарып, жыл он екі ай бойы халықты имандылыққа баулу жолында аянған жоқпыз.

Әрине, өзімді мақтаудан аулақпын. Әйтсе де ауыл мен қалың жұртшылық арасындағы жиындарда көп боламыз ғой. Олардың пікірі көңіл қуантады. Игі өзгерістер мен жаңалықтарды айнадағыдай көріп те, біліп те отыр.

Өткен кезеңде аудандар мен қалалардағы тындырылып жатқан істермен толық танысып шықтым деп айта аламын. Бірқатар мешіттер күрделі жөндеуден өтті. Олардың жанынан асханалар салынды. Енді жергілікті ағайындар бұрынғыдай діни рәсімдерді өткізу үшін алысқа шауып-шапқылап жатпайды.

Сондай-ақ, әкімдермен кездесулер барысында имамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту, зираттардың аумағын бүгінгі уақыт талабына сай кеңейту және басқа да өзекті мәселелерді қозғап, олардың нақты шешім табуына назар аудардым.

Имамдарға үлкен сенім артамын

– Бетіңізге мақтағаным емес, байқағаным өмір көргендігіңіз, бала кезіңізден тағылымды тәрбие алғандығыңыз айқын сезіліп тұрады. Бұлай дейтін себебім, өкіл имамдық жұмысыңызды қазыналы қарттармен жүздесуден бастадыңыз. Оның сыры неде?

– Атамыз қазақ «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп босқа айтпайды. Сол себептен өзімнің қалыптасқан дағдым бойынша арамызда жүрген абыз-ақсақалдар мен талай жауапты қызметтерде шыңдалып, ел басқарған ардақты ағалардың ақыл-кеңестеріне сүйенгенді жөн көрдім.

Содан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов бастаған аға ұрпақ өкілдерін, зиялы қауымды арнайы шақырып, мәжіліс ұйымдастырдық. Олар өздерінің көкейде жүрген қаншама құнды да пайдалы кеңестерін айтып, баталарын берді.

– Өткен уақытта аудан мен қала имамдары арасында кадрлық ауыс-түйіс болды ма?

– Өмір болған соң кадрлық ауыс-түйіс болмай тұрмайды. Бір орында ұзақ отырып қалған адам тоқырауға ұшырайтындығын бәріміз де білеміз. Алайда, біздің арамызда қызметіне немқұрайлы қарап, жауапсыздық танытқан имамдар жоқтың қасы.

Тек тәжірибелі әрі білікті мамандар ротация бойынша қызметтерін ауыстырды. Мәселен, біраз жылдар бойы Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешітін басқарған Серік Темірбекұлы Рудныйдағы «Нұр» мешітіне бекітілді. Ал, оның орнындағы Сабыржан Зейнелғабиденұлы облыс орталығындағы «Марал ишан» мешітіне тағайындалды.
Бұл екеуі де жоғары білімді әрі халықтың сүйіспеншілігіне бөленген дін қайраткерлері. Өз саласының қыры мен сырын жетік меңгерген азаматтар. Сондықтан оларға әрқашан да үлкен сенім артамын.

Әрине, басқа да жас жігіттер бірқатар мешіттерге бекітіліп, жергілікті намазхандарға таныстырылды. Алдағы уақытта да білімді де заман талабын сезінетін әріптестеріміздің қатары толықтырыла береді деген үміттемін.

Жуырда ұзақ жылдардан бері жемісті қызмет атқарып келе жатқан жеті имам Қазақстан мұылмандары діни басқармасының 35 жылдығына арналған төсбелгімен марапатталды.

– Еңбек жолын жаңадан бастаған жастар өздерінің алдындағы ағаларынан үйреніп, олардың бай тәжірибесіне сүйенетіндігі жасырын емес. Сондықтан әңгіменің орайы келгенде, өңірдегі білікті имамдар жайлы да тоқталып өтсеңіз?

– Мен ешкімді бөліп-жарудан мүлдем аулақпын. Әр адам өзінің адал еңбегі және маңдай терімен дараланып, халықтың құрметіне бөленеді. Мұндай тәлімгерлік дәрежеге жеткен дін қайраткерлері арамызда баршылық.

Өзім өңірдегі білікті әріптестерім болашақта да еңбек жолын енді бастаған дін қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетіп, көмегін аямайтындығына нық сенімдімін.
Сыйластық – отбасының негізгі тірегі

– Бектұрсын Торғайбайұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үстіміздегі жылды «Ислам және отбасының құндылықтары» деп жариялады. Бас мүфти өзінің баяндамасында оның мәні мен мақсатына жан-жақты тоқталды емес пе?

– Дұрыс айтасыз. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа жылдан бастап бұл өзекті мәселені өзінің төрағалық етуімен өткізген басқосуларда және өңірлерді аралаған кезінде қозғап, халықтың тарапынан үлкен қолдауға ие болып келеді.

Облыстағы барлық аудан және қала мешіттерінің имамдары да бұл маңызды тақырыпты күнделікті жұмыстарында әңгіме өзегіне айналдырып, отбасылық ауызбірлік, ынтымақ және ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жайына ерекше назар аударады.

Өйткені, әрбір шаңырақ – мемлекетіміздің тірегі, ұл мен қыздарымыз тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы. Жанұяда тыныштық, сыйластық болса, мемлекетіміздің мәртебесі де асқақтай түседі.

Жасыратыны несі бар, кейбір деректерге сүйенсек, республикамызда ажырасушылар қатары арта түспесе, азаяр түрі байқалмайды. Біз ежелден келе жатқан «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» деген аталы сөзді назардан тыс қалдырған сияқтымыз. Шіркін, қыздарымыз қылықты, ұлдарымыз ұлықты болғанға не жетсін.

Сол отбасының ыдырауының түп негізі жас жұбайлардың үйленгенге деген бір-бірін жете түсінбеуінде жатқан сияқты. Солардың кесірінен жәутең көз сәбилер жетімдер үйінде көбейіп жатқаны ақиқат.

Отбасы құндылығын насихаттау тек дін қызметкерлерінің ғана емес, барша ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-ананың да парызы. Әрбір әке-шеше өз перзенттеріне әрқашан да үлгі-өнеге, ал балалары олардың көшірмесі екендігін ұмытпаулары қажет-ақ.

Келешекте қарилер өзімізде дайындалады

– Өзіңіз өкіл имам болғалы бері халықтың ризашылығына бөленген әрі тұрақты назарда ұстайтын жайлардың бірі – облыстағы «Дін мен дәстүр: ысырапшылдықтың алдын-алу» жөніндегі конференция болғаны белгілі.

– Бұл маңызды және әрбір азамат тіршілікте ұстанар мәселе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан өткен жылдарда да қозғалып, алқалы жиындарда талай айтылды. Оны көзі қарақты оқырман жақсы біледі.

Дегенмен, өткен жылғы қараша айында облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде осы өзекті жайды арқау еткен өңірлік конференцияны өткіздік.

Оған облыстағы есімдері елге белгілі дін және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ақын-жазушылар қатысты. Мәжіліске елордамыз Астанадан наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы арнайы қатысып, өзінің көкейде жүрген ойлары және түйген тәжірибелерін ортаға салды. Арамызда жүрген ардақты тұлғалар да пікірлерімен бөлісті.
Қысқасы, бұл өте халыққа пайдалы әрі берері мол басқосу болып, жиналғандардың жадында ұзақ сақталары хақ. Өйткені, онда нағыз түйінді шешім қабылданды. Мәселен, облыс көлемінде қонақасын беруді тоқтату,бекітілген ас мәзірін бір ізділікке түсіру, діни рәсімдердегі ас-жиындарда сөз сөйлеуді де шектеу және басқа да жайлар арқау болды.

Осы арада биыл имамдардың республикалық VI форумында«Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу (мәзірі мен тәртібі)» тұғырнамасы құжаттары қаралып, басқосу соңында үндеу жарияланғандығын айтып өткенім жөн болар.Бұдан да тағылым алғанымыз абзал.

– Тағы бір қуанышты жай, асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы Ертай қажының сүйікті перзенті Мұртаза Балахмет арамызға келіп, облыстық мешітке ұстаз болып тағайындалды. Бұл өте құптарлық жай. Алдағы уақытта қалаға таяу Алтынсарин ауылында зәулім ғимарат салынып, онда болашақ қарилар дайындалатындығын да естідік?

– Ол рас. Белгілі дін қайраткері Ертай Балахметовтың қос ұлы да әке жолын қуды. Үлкені Әлішер облыстық мешітте наиб имам. Кішісі Мұртаза елімізге танымал дарынды қари. Осы саланың білікті маманы. Ол Бас мүфтидің арнайы бұйрығымен облыстық мешітке ұстаз болып бекітілді.

Енді қала іргесіндегі ауылда қарилар орталығының ғимараты бой көтермек. Қазір оның құрылысы басталып та кетті. Бас мүфти жақында Қостанайға сапары кезінде әлгі орталықтың іргетасын қалап, батасын берді. Аталған ғимарат дін жанашырлары яғни, кәсіпкер жігіттердің қолдауымен салынбақ.

– Жақында Бас мүфти өңірімізде болып, күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңарған Қарасу аудандық «Көшкінбай ата» мешітінің ашылу салтанатына қатысып, жергілікті халықтың қуанышына ортақтасты. Осы жөнінде де әңгімелеп берсеңіз?

– Ерекше айтарым, өңірімізде мешіттердің қатары жыл сайын артып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының өңірімізге әрбір сапары біз үшін үлкен мәртебе әрі ұмытылмас тағлым.

Ол осы жолы күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылған Қарасу аудандық «Көшкінбай ата» мешітіне арнайы келіп, жиналған қауымды имандылық ордасының пайдалануға берілуімен шын жүректен құттықтады. Сондай-ақ, екі қызметкер баспаналы болды. Бұған жергілікті кәсіпкерлер демеушілік етті.

Осы арада тілге тиек етерім, сол қарасулық бауырларымыздың қуанышынан бір күн бұрын Федоров ауданында жаңадан «Жаркөл» аудандық мешіті есігін айқара ашты. Имамға пәтер және көліктің кілті табыс етілді. Бұл орайда аудан әкімі Тәуба Қайыржанұлы, «Олжа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Әлішер Асанұлы және басқа да жергілікті іскер азаматтардың, жүрегі жомарт кісілердің ерекше жанашырлығын атап өткен жөн.

Әңгімелескен
Оразалы ЖАҚСАНОВ
Сурет ғаламтордан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77