Мәдениет саласын өзіндік үлесін қосып, қазақ өнерін алыс-жақын шет елдерге танытып жүрген «Мирас» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне 30 жыл толып отыр. Осыған орай қалалық «Мирас» мәдениет сарайының төрінде мерекелік кеш ұйымдастырылып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен күй дүлдүлдері қатысты
Тарихқа оралатын болсақ, ансамбльдің алғашқы көркемдік жетекшісі Абай Әмірханов еді. Сонымен қатар жылдар бойы ансамбль құрамында қызмет атқарған өнер жанашырларының қатары да баршылық. Ансамбль ұжымы құрылғалы бері тыңдармандарды ерекше дауысымен ырғағымен тәнті етіп келе жатқан жез таңдай әншілердің бірегейі Ботагөз Дүбірбаева. Жыл өткен сайын ансамбль репертуары жаңарып келеді. Бүгінгі таңда ансамбль композитор Бауыржан Ақтаевпен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Сондай таңдаулы шығармалардың бірі «Жұмыр қылыш» сахна төрінде орындалды.
Сондай-ақ, ансамбль репертуары жергілікті талантты компазиторлар Қалибек Деріпсалдин, Бақытжан Сәуекенов, Болат Хамзин, Қайрат Нұрғазиннің әндерімен елдің қошеметіне бөленіп келеді.
«Мирас» ұлт аспаптары ансамблінің мерекелік концерті қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен Тобыл-Торғай өңірінің біртуар таланттары Қалибек Деріпсалдин, Абай Әмірханов, Назымбек Молдахметов атындағы бірінші қалалық «Тобыл Толқыны» байқау-фестивалі жеңімпаздарының Гала-концертімен жалғасын тапты. Мерекелік кештің шымылдығын қала әкімінің орынбасары Мәжит Шуленов құттықтау сөзімен ашып, өнер иелерін Мәдениет министрлігінің, облыс және қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. Мәдениет министрінің Алғыс хаты «Мирас» ансамблінің әншілері Ботагөз Дүбірбаева, Күнсұлу Жақаева, Азамат Мензариповқа табысталды. Мерейлі 70 жасқа толып отырған әнші-компазитор Қалибек Деріпсалдин ағамызға да ерекше құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды.
Байқауға қала және аудан орталықтарынан ансамбльдер мен әнші-күйшілер қатысып, киелі сахнада өнерлерін ортаға салды. Үздік деп танылған қатысушылар Гала-концетке жолдама алды. Сондай-ақ, байқау жеңімпаздары сахна төріне марапатталды.
Қалибек Деріпсалдин атындағы бірінші қалалық «Тобыл Толқыны» әншілер байқауында бірінші орынды Қарабалық ауданының әншісі Сәкен Байсенгіров, екінші орынды Амангелді ауданынан Кенжекүл Қабақова, үшінші орынды Федоров ауданынан Ксения Исенгазина мен Елена Запорожан алды.
Назымбек Молдахметов атындағы күйшілер байқауында рудныйлық Дильназ Махметова мен амангелділік Кенжеболат Ахметов дипломант атанды. Үшінші орын Рудный қаласынан келген Марк Ли, екінші орын Арқалық қаласынан қатысушы Азамат Сейтжан, бірінші орын рудныйлық Бекзат Байсалбаевқа бұйырды.
Абай Әмірханов атындағы фольклорлық ұлт аспаптар ансамбльдерінің байқауында үшінші орын «Тобыл сазы» Тобыл қаласы, жетекшісі Ерхан Түсіпбеков, екінші орын «Қос ішек» Рудный қаласы, жетекшісі Ербол Мухиятдинов, бірінші орын «Ғасырлар пернесі» Жангелдин ауданы, жетекшісі Алмас Сейлхан. Бас жүлде «Арқа сазы» Арқалық қаласы, жетекшісі Әділ Аканов жеңіп алды.
Байқауға Астана, Алматы, Атырау, Қостанай қалаларынан өнер майталмандары әділ бағасын берді.
«Мирас» ансамблі астықты аймақтың мәдениет саласының белді ансамблі ретінде тарихта алтын әріптермен жазылып қалатынына сенімдіміз.
– Осындай ауқымды, мерейлі кешке арнайы шақырту алып отырғанымызға қуаныштымын. Қазақ өнеріне жанашыр, талантты жастардың өсіп келе жатқанын көріп қуанып отырмын. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған кештің деңгейі өте жоғары. «Мирас» ансамбліне де аттай 30 толып отыр екен. Бұл орда бұзар бір азаматтың ғұмыры деуге болады. Осы аралықта талай мәрте жетістіктерге жетіп келе жатқан ұжымның құрамы талантты жастармен толығып, репертуары жаңарып жатқанына да куә болдық, – деді сазгер Бақытжан Сәуекенов.
Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті түсірген
Бибіт Мирамұлы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77