Біздің Қостанай Образование

Нұрбол Абдигалиев республикамыздың «Үздік дене шынықтыру педагогі – 2023» атанды

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы және «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының ұйымдастыруымен 21-24 қарашада Щучье қаласында «Үздік дене шынықтыру педагогі – 2023» республикалық байқауы өтті

Байқауға аймақтық іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанған 19 педагог қатысқан. Қостанай облысының намысын қорғап барған Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының дене шынықтыру пәнінің ұстазы Нұрбол Абдигалиев бас жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Жалпы Нұрбол Өмірзақұлы облыс, республика көлемінде өткізіліп жүрген спорттық іс-шаралардың басы-қасынан табылатын спорт жанашыры. Соның ішінде бүгінде мемлекет тарапынан қолдау тауып отырған асық ату, қазақша күрес сияқты ұлттық ойындарға жасөспірімдерді баулып жүрген ұстаз әрі жаттықтырушы. Қазақтың «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген қанатты сөзі Нұрбол Өмірзақұлы сияқты талантты жанға арнап айтылғандай. Олай дегеніміз Нұрбол Өмірзақұлы спортпен қатар өнер саласынан да құр алақан емес, кәсіби жүргізушілік қасиетке де ие. Сондай-ақ, еңбегі еленіп талай мәрте білім беру саласындағы жоғары кәсіби шеберлігі үшін облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Бұған дейін де атаулы даталарға орай ұйымдастарылған облыстық «Ұстаз барысы» біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Мұның артында қаншама еңбек пен өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілік жатқанын да айтып кеткен жөн болар.

– Ағымдағы жылдың сәуір айында өңірлік дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен өткен «Дене тәрбиесінің үздік мұғалімі» облыстық байқауында жеңімпаз атанып, республикалық байқауға жолдама алған болатынмын. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Осы уақыт аралығында алдағы үлкен додаға деген дайындық жұмыстарын қолға алдым. Мен республикалық байқауға «Қазақтың ұлттық ойындары» тақырыбын қорғадым. Бірінші кезең «Креативті педагог» деп аталды. Бұл жерде әрбір қатысушы өзінің мамандыққа деген көзқарасын, инновациялық идеяларымен қатар жеке нәтижелерін таныстырды. Екінші тур «Қазіргі замандағы дене шынықтыру сабағы» тақырыбы болды. Бұл жерде қазылар алқасына сабақтың жоспарын ұсына отыра стандартты емес сабақ өткіздік. Үшінші айналым «Үздік спорттық-бұқаралық іс-шара» деп аталды, тақырып аясында іс-шараның өзектілігі мен маңыздылығын дәлелдей отыра қосымша көрнекілік құралдарын қолдана білу керек болды.

Осы үш турдан алған балымызды ортақ есепке алып, казылар алқасы шешім шығарды.

Осы ретте маған қолдау білдіріп, кәсіби шеберлігіме сенім артқан әріптестерім мен достарыма, отбасыма алғысымды білдіремін, – деді Нұрбол Абдигалиев.

Финалдық кезеңде қатысушылар үш тур бойынша сайысқа түсіп, өзара бақ сынасқан. Үздік деп танылған жеңімпаздарға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының демеушілігімен 1 500 000 теңге жүлде қоры тағайындалған болатын. Бірнеше күнге ұласқан байқау нәтижесі бойынша Гран-при Нұрбол Абдигалиев (Қостанай облысы) 500 мың, 1-орын Жұлдыз Оспанова (Алматы қаласы) 350 мың, 2-орын Алибек Пусурманов (Ақтөбе облысы) 200 мың, 3-орын Гульжан Иманова (Ақмола облысы) 150 мың, «Креативті педагог» номинациясы Асылбек Мергенбаев (Алматы облысы) 100 мың, «Үздік сабақ» номинациясы Арман Ахметов (Солтүстік Қазақстан облысы) 100 мың, «Үздік спорттық іс-шара» номинациясы Жасталап Еншалла (Батыс Қазақстан облысы) 100 мың теңге.

Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық педагогтерге сертификат табысталды. Ұйымдастыру комитеті байқау қорытындысы бойынша үздік сабақтар мен авторлық бағдарламалар жинағын шығарады.

Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті ұсынған
Нұрбол АБДИГАЛИЕВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77