Культура

«Ән терме» бабалар мұрасы дәстүрлі әншілердің концерті өтті

Кешке жиналған қауым әсем әнмен тербеліп, қиыл қанатында қалқыды

Қаламыздағы Жастар сарайында «Ән терме» бабалар мұрасы дәстүрлі әншілер концерті өтті.

Мұнда жиналған өнер сүйер қауымның назарына жыр алыбы Жамбылдың, Үкілі Ыбырайдың, Кенен Әзірбаевтың, Нұрхан Ахметбековтың термелері ұсынылды. Концертті жүргізуші журналист Қыдырбек Қиысхан атадан келе жатқан құнды мұрамыз терме жайында жан-жақты мәлімет бере отырып, өзінің өнерін де ортаға салды.

Өнегелі кеште «Мәдениет саласының үздігі» Манапбек Кәдіров, Халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Молдағалиев, облыстық термешілер байқауының жүлдегері Мұрат Нағашыбай, республикалық дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпазы Айжан Кажбулова, жыршы-термеші Абзал Алпыс, дәстүрлі әншілер Айбике Таңатарова мен Жасұлан Өтемұратов және республикалық дәстүрлі әншілер байқауының лауреаттары Торғын Кабдірәшова, Фариза Жоламанова, Ибраһим Дәулетовтер өнер көрсетті.

-Өңірімізде дарынды дәстүрлі әншілер өте көп. Өнердің бұл саласы жанды дауысты талап етеді. Сондықтан тек тума талант жандар ғана өнер көрсете алады. «Ән терме» концерті осыған дейін де ұйымдастырылған болатын. Жергілікті халықтың тарапынан дәстүрлі әнге деген қызығушылық байқалады. Шынайы таланттардың өнерін тамашалауға келген жұртшылықтың жүзінен шаттықты байқадық. Өзім де осынау концертте өнер көрсеттім, – дейді дәстүрлі әндер орындаушысы Манапбек Кәдіров.

Кешке жиналған қауымның дәстүрлі ән тыңдап, қиыл жетегінде көкке қалықтап ерекше әсер алғаны белгілі.

-Өзім дәстүрлі әндерді тыңдағанды ұнатамын. Осы концертке жұмыстан кейін ән тыңдап демалуға келдім. Әншілеріміздің табиғи дауыстарына тәнті болдым. Әншілік қанмен берілетін, екінің бірінің бойында бола бермейтін қасиет қой. Біздің өңірімізде осындай күміс көмей әншілердің барына қуаныштымын. Барша өнер иелеріне осындай керемет кеш үшін алғысымды білдіремін, – дейді концертке келген тыңдармандардың бірі Бақытгүл Сүлейменова.

Өнер десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз. Әсем ән көңілімізді көтеріп, өмірге деген құлшынысымызды арттыратындай. Атадан қалған асыл мұрамыз дәстүрлі әндерді тыңдайтын құлақ бар жерде оны ұмытылмасы анық. Ұлттық өнеріміз қарыштап дамып, өркен жая берсін.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77