Біздің Қостанай

Нарық: Бағаға байлам болмай тұр

Қаламыздағы пәтерлердің бағасы күн санап қымбаттап жатқандай

Қостанай шаһарында тұрғын үйдің бағасы қол жетімді айту қиын. Нарықтың бағасы күн сайын өзгеріп тұрады. Үйлердің салынған жылдарына байланысты, құрылыс материалына тисілі бағасы көтеріле береді. Пәтердің бағасын былтырғысы мен биылын салыстыруға да келмейді. Бірден тұрғын үйдің қымбаттап кеткенін сезесің.

Осы ретте қаламыздағы тұрғын үйлердің бағасына зер салып көрген едік.

Мәселен, қала орталығындағы салынғандарына 30-40 жыл болған үйлер сатылымда көп екенін байқадық. Олардың бағасы ескілігіне қарамастан, өте жоғары. Атап айтатын болсақ, қаланың қақ ортасында орналасқан 1981 жылы салынған үйдегі 3 бөлмелі пәтер 21 000 000 теңгеге тұр. Әрине, соңғы үлгідегі жөндеу жұмыстары жасалған. Бірақ көп қабатты үй ескі. Сондай-ақ шаһар орталығындағы ескі үйлерде орналасқан 1 бөлмелі пәтердің бағасы 8 900 000 теңге. Ал 2 бөлмелісі 13 900 000 теңге.

Енді қаламызда соңғы жылдары жаңадан салынып жатқан шағын аудандардағы жаңа көп қабатты үйлердегі пәтерлердің бағасына шолу жасап өтсек.

Мысалы, бұл жаңа үйлердің орналасуы қала орталығындағы ескі үйлерге қарағанда әлдеқайда өзгеше. Көлемі үлкен, ас бөлмесі кең. Осыған сәйкес бұл пәтерлердің де бағасы жоғары. Мысалы, қаламыздың Аэропортының маңындағы бос жатқан жерде бүгінгідей әсем шағын аудан пайда болатыны бұрын мың ұйықтасақ та түсімізге кірмеген болатын. Міне, бүгінде «Аэропорт» деп аталатын қараса көз тоймайтын шағын аудан алыстан көзге түседі. Мұндағы бірінен бірі өтетін 9 қабатты тұрғын үйлердегі пәтерлердің де ішкі орналасуы көңілге қонымды. Бөлмелері кең, төбесі биік. Ең бастысы ас бөлмесі кең. Енді осы пәтерлердің бағасына зер салатын болсақ, мұндағы 1 бөлмелі пәтердің бағасы 12 700 000, 2 бөлмелісі 17 000 000, ал 3 бөлмелі пәтер 27 500 000 теңге.

Осындай әсем де жаңа шағын аудандардың бірі «Юбелейный». Бұл ауданда көпшіліктің жиі баратын «Қостанай плаза» ойын-сауық орталығының орналасуына орай, мұндағы пәтерлердің бағасы шарықтап тұр деген ойдамыз.

Бұл жердергі жаңа пәтерлердің де ішкі орналасуы көңілге қонымды. Барлық жағдай жасалған. Ал енді осы шағын аудандағы көп қабатты тұрғын үйлердегі пәтер құнына тоқталсақ. 3 бөлмелі пәтердің құны 23 500 000 теңге, 1 бөлмелісі 11 800 000, 2 бөлемелі пәтерді 17 000 000 теңгеге сатып алуға болады.

Бұл шағын ауданға жақын жерде орналасқан жаңа «Береке» шағын ауданында да пәтерлердің бағасы жоғары. Мұндағы бағам бойынша 1 бөлмелі пәтер 13 035 000, 2 бөлмелісі 20 189 000, ал 3 бөлмелі пәтер 29 000 000 теңге болып отыр.Бұл шағын аудан соңғы жылдары бой көтерген басқа шағын аудандармен салыстырғанда бағасы жағын қымбат болып табылады.

Сонымен қатар әсем үйлері қаз-қатар тізілген «Жаңа қала» шағын ауданындағы пәтерлер де үлкен сұранысқы ие. Мұндағы пәтерлерге де екінің бірінің қолы жете бермейді. Мұндағы 3 бөлмелі пәтер 29 500 000 теңге тұрады. Ал 1 бөлмелісі 14 500 000 теңге. 2 бөлмелі пәтер 19 900 000 теңгеге сатылымда тұр.

Бүгінде қаламыздағы пәтерлердің бағасы осындай. Мұндай қаражатқан баспана сатып алу үшін, тұрғындардың айлығы қанша болуы керек деген ойда қаласың. Осы ретте Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдаған соңғы Жолдауында ең төменгі жалақыны 42 500-ден 60 000-ға көтерілетінін айтқаны еріксіз есімізге түседі.

Осындай жалақы алатын адамның мынадай бағадағы пәтерді сатып алу үшін қанша жыл ақша жинау керектігін ойлаудың өзі күлкілі. Халық нарықтағы бағаны көріп шошып кетеді де, шықпа жаным шықпа деп әрі қарай қолынан келгенше өмір сүре береді.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77