Осы мейрамның құрметіне қазақтар ұл мен қыздарына есімдер берген
Аязды да, қалың қысты артқа тастап, жайдарлы да жайма шуақ көктем мезгілі Қостанай шahарына да келіп жетті. Осы шырайлы табиғаттың күндерін барлық тіршілік иелері тағатсыздана күтеді десем артық айтпаған болармын.
Наурыз туралы түсінік
Себебі, көктемнің алғашқы айы – Наурыз өзімен бірге қаншама қуаныш пен шаттықты жеткізеді.
Ол Батыс Қазақстанда бауырларымыздың бір-бірімен көрісуімен басталады. Жер -жерде ақ шағаладай киіз үйлер тігіліп, мереке жалғасын табады. Әрине, солтүстік өңірлерде көктем кеш шықса да, жергілікті ағайындар мүмкіндіктері келгенше жоғары деңгейде атап өтуге тырысады.
Күллі Шығыс елінде тойланатын Наурыз мерекесі-қасиетті күн болып есептелінеді. Себебі, ата-бабаларымыз осы мейрамға ерекше көңіл бөлген. Өйткені, төрт түлік мал төлдейтін, өсімдіктер мен жәндіктер түлеп айналамыз жасыл желекке бөленеді.
Осы Наурызда жақсы тілектер, ізгі құттықтаулар айтылады. Бұл мерекенің тағы бір ерекшелігі бұрын белгілі бір себептермен араздасып қалған адамдар болса, бір-бірінен кешірім сұрайды.
Жалпы, Наурыздың айырықша тәлім-тербиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық нышан белгілері мен таным ұғымдары өте көп. Сондықтан да, оның барлығы әрбір адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, бауырмалдыққа бөлейді. Біздің Наурыз мейрамын асыға күтетініміз, ерекше жан-жақты даярланатынымыз содан болса керек.
Наурыз- шат-шадыманды ойын-сауықсыз өтпейді. Аталарымыз үстеріне ұлттық киімдерімізді кисе, ақ жаулықты әжелеріміз кимешектерімен мейрамның сән-салтанатын барынша аша түседі. Бұл мерекеде үлкен болсын, кіші болсын оны барынша мазмұнды, есте қаларлықтай етіп, өткізуге тырысады.
Шығыс халқы Наурыз мерекесін жыл басы деп есептейтіндіктен, алдағы барлық жақсылықты, молшылық пен ырыс-берекені аталмыш мейраммен тығыз байланыстырады.
Халық мерекенің ерекшелігін жоғары қояды
Қостанай жұртшылығы да, жылда Наурыз мерекесіне айырықша көңіл бөліп келеді. Облыс орталығында тігілетін киіз үйлер алыстан менмұндалайды.
Жерлестеріміз бір-біріне «Наурыз құтты болсын», «Ақ мол болсын» десіп, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Ауылдық жерлерде алтыбақан тігіліп, жастар жағы сонда жиналып, ән салады.
Ата-бабаларымыз ежелден қалыптасқан ырым бойынша, жарық дүние есігін ашқан сәбилерге Наурыз мерекесіне байланысты есімдер қояды. Бұл орайда қыз балаларға: Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға: Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген әдемі құлаққа жағымды есімдерді беріп жатады. Шынында да, өте жарасымды емес пе.
Ертедегі аңыздарға сүйенсек, бұл мереке күні туылған сәбилердің мінезі ашық, пейілдері дархан, жүрген орталары той-думан болатын көрінеді.
Өзім, көршілес Өзбекстанда туып өстім, бауырлас өзбек халқы Наурыз мейрамына ерекше көңіл бөледі. Өздерінің ұлттық киімдерін киіп алып, көшеге шығады. Олардың салт-дәстүрлеріне ерекше назар аударатындығы баршаға түркі тілдес халықтарына өнеге.
Асыл әжелеріміз Науырыз кезінде, наурыз көже дайындайды. Көрші көлемдеріне барып, ізгі тілектерін айтады. Жайылған мол дастарханнан дәм татады.
Міне, көптен күткен Науырыз да келіп қалды. Қазір менің замандастарым, осы шуақты күндерге тиянақты дайындалып жатыр. Үстіміздегі жыл Жастар жылы болып жарияланды.
Өздерініңіз білесіздер, бұл күндері Қазақстан да көп ұлттар ғұмыр кешіп, ел байлығын еселеуге өздерінің лайықты үлестерін қосып жатыр. Оларға мақсат та, мүдде де ортақ.
Наурыз қазіргі таңда жалпыхалықтық мейрамға айналды. Сол қуанышқа толы күндері көптеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері облыс орталығына шығып, өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін көрсетеді.
Асқақтата ән салып, мың бұрала би билейді. Шығыс билері мен әуендері қашан да жүректерге ерекше әсер етеді. Өзінің сұлулығы мен әуезделігімен, тартымдылығымен есте қалады.
Баршаға мәлім, 1926 жылдан бастап 1988 ге жылға дейін, яғни 62 жыл бойы кешегі Кеңес Одағындағы солақай саясаттың кесірінен тойланбады. Тек Тәуелсіздік алған жылдары ғана, ол барынша жанданды.
Алдағы ұлы мереке барша отбасына тек қуаныш, ырыс-береке, молшылық алып келсін.
Аитина Берекетова
Фото Багдат Ахметбеков
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77