Қостанайда Наурыз мерекесі кеңінен тойлануда. Соның бірі КСК шағын ауданындағы Жастар бульварында өтті.
«Наурыз – жаңару мерекесі» атты шараны Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай мемлекеттік университеті ұйымдастырып, тұрғындарды ұлттық дәстүрге негізделген жылы атмосферада біріктірді.
Алаңға екі киіз үй тігілді – бірін университет, екіншісін балабақша ұсынды. Олардың ішінде қонақтарды дәстүрлі қазақ тағамдарымен қарсы алды: бауырсақ, наурыз көже және ыстық шай ұсынылды. Мерекенің ерекше сәнін шашу рәсімі мен ұлттық ойындар енгізді. Балалар асыға жарысып, үлкендер дәстүрлі тағамнан дәм татты.
– Наурыз мейрамын тойлау – тек дәстүрді ұстану ғана емес, сонымен бірге ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Бүгінгі шара жүздеген тұрғынды біріктіріп, нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады, – деп атап өтті қала мәдениет бөлімінің өкілдері.
Тұрғындарға жақын мәдениет
Қалада осындай мерекелерді тұрғын үй алаптарында өткізу игі дәстүрге айналуда. Бұл мәдени мұрамен тек жастарды ғана емес, кез келген жастағы тұрғындарды таныстыруға мүмкіндік береді.
– Біз Наурызды әр адам үшін қолжетімді етуді мақсат тұтамыз. Мереке тек орталық алаңдарда ғана емес, әрбір шағын ауданда тойлануы керек, – дейді қала тұрғыны.
Бұл күні көптеген қостанайлықтар мерекелік көңіл-күймен қатар, көктем мен жаңару мейрамының басты мәні – халықтың бірлігін сезінді.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77