Культура Новости

Өнерлі  – өрге жүзер

Онда дарынды шәкірттер ерекше көзге түсті

«Мирас» мәдениет үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын аса құнды мақаласының аясында қалалық білім бөлімінің қолдауымен, Мәриям Хәкімжанова атындағы №20 орта мектебінің  ұйымдастыруымен, «Наш Костанай» газетінің демеушілігімен қалалық мектеп оқушыларының арасында халық әндеріне арналған «Ғасыр үні» атты байқауы болып өтті.

Бұл сайысқа шаһарымыздың талантты шәкірттері қатысты. Олар аталмыш кешке үлкен дайындықпен келгендерін бірден танытты. Сонымен қатар ән кешінің шымылдығы оқушылардан құралған ансамбльдің өнерімен ашылды.

Жиналған көпшіліктің назарына №2 мектеп-лицейінің оқушысы Аяжан Мадиярованың орындауындағы «Мен қазақ қыздарына қайран қалам»,  №20 орта мектебінің шәкірті Нағашыбай Мұраттың «Қане, тілім сөйлеші» және басқа да өнерлі жастардың орындауындағы әсерлі  әндер ұсынылды.

Бұл байқауда 25 оқушы жеке ән орындаса, 20 – сы ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен ән шырқады. Сонымен қатар  оқушылардан құралған 5 ұлттық аспаптар ансамблі өнер көрсетті.

Осы кешті екінші жыл қатарынан ұйымдастырып отырған №20 орта мектебінің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жансая Исмаилованың айтуына қарағанда, аталмыш іс-шара ел болашағы жастардың жандүниесін рухани байытуды көздейді. Сондықтан мұнда тек халық әндеріміз шырқалып, шәкірттер ұлттық аспаптарда ғана ойнайды.

Осылайша мектеп оқушыларының санасына патриоттық сезім ұялатып, рухын арттыруға аса көңіл бөлініп отыр.

Жарыс болған жерде жеңімпаз да болады. Осы кештің әділ қазыларының шешімі бойынша жеңімпаздарға шаһарымыздағы «Цум» сауда орталығының «Шаңырақ»    ұлттық кәде-сый бутигінің  сән-салтанаты жарасқан домбырасы мен «Наш Костанай» газеті тағайындаған ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77