Біздің Қостанай Социум

Әнші-композитор Қалибек Деріпсалдин жайлы толғаныс

Адамды тану үшін көп уақыттың керегі жоқ екен. Мен қазіргі таңда рухани сырлас, тіршілікте тілектес, шығармашылықта үндес болып жүрген жан досым Қалибек Деріпсалдинмен таныс болғаныма біраз жылдардың жүзі болды

Шыны керек, әу баста бізді таныстырған да, табыстырған да киелі өнер. Сол кезде қою қара мұртты жігіт мені өзінің ашық-жарқын мінезімен, қайталанбас талантымен, әсем де сазды дауысымен бірден баурап алған-ды.

Сахнада ерте көрінді

Қалекең ұлтымыздың барлық қадір-қасиеті сақталған Аманкелді ауданының Батпаққара ауылында туып-өсіпті. Ауылдастары «қара бала» деп атап кеткен дарынды жасөспірім төменгі сыныпта оқып жүрген кезінің өзінде қазақтың терең ойға қалдырып, сезіміңді селт еткізер күйлерін құйқылжыта орындап, барша ұстаздарын тәнті етті. Тіпті, оның осы алғашқы талпыныстары өнер сүйер қауымның тарапынан бағаланып, мақтау қағазға да ие болды. Әрине, бұл жылы сөздер жазылған марапат оны ерекше қанаттандырып, алға қарай жетеледі.

Содан 1970 жылы өзі шығарған күйімен облыстық оқушылардың фестивалінде топ жарып, бірінші орынға ие болды. Сөйтіп, өзінің әулетінің де, ұстаздар қауымының да абыройын асқақтатты. Дәл сол жылы сонау Алатаудың баурайындағы Алматыдағы республикалық байқауда да лауреат атанып, дарынды жас баланың талантын күллі әділ қазылар алқасы мойындады. Осылайша, оның өнердегі алғашқы қадамдары сәтті басталды.

Туған жерге оралған соң талабын одан әрі ұштай түсті. Оның әншілік қабілеті де ерте көрінді. Сол кездің өзінде оның дауысының ешкімге ұқсамайтын сыршылдығы, саздылығы, ұлттық бояуы мен нақышы айрықша сезіліп тұратын. Ол әсем әуенді төрт-бес жасынан бастап айта бастады десек, еш қателеспес едік.

Оның бойындағы осындай қабілет ұшқынын ерте байқаған Аманкелді орта мектебіндегі алғашқы ұстазы Аманбай Мұқышев еді. Мен бұл азаматты да көзім көрді. Қалекеңнің бір шығармашылық кешіне қатысып, өзінің шәкіртіне деген шын жүректен шыққан шынайы лебізін білдіргені әлі күнге дейін есімде. Сол сәтте сахнадағы шәкірті де оның жылы лебізіне марқайып, жүрегі толқып тұрды.

Балалық шағының ізі қалған өңірдегі Аманкелді орта мектебін бітіргеннен кейін ол Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне қабылданды. Жас дарын осы оқу орнында білім алып жүрген кезінде-ақ Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» эстрадалық ансамблінің құрамында өнер көрсете бастады. Сахнада өзін-өзі ұстауы жағынан, әнді орындау шеберлігінен болашақта қазақ халқының аузында жүрер мәдениет саласының майталманы болатындығын сол шақтың өзінде айқын танытты.
Ол аталмыш училищені бітірген соң, өз мамандығы бойынша қызмет атқарып, кейінгі толқынның нағыз тәлімгері атанды.

Жастыққа тән жалын танытып, Торғай өңірінде мәдениет саласын өркендетуге айтарлықтай үлес қосты. Оның өткен кезеңдегі еңбегін жерлестері де жыр қып айтады.

Мәселен, ол Қима ауданында мәдениет бөлімін басқарып тұрған кезде «Гүлдәурен» халық аспаптар ансамблін құрып, аталмыш өнер ұжымы қысқа мерзім ішінде көпшілікке танылды. Іскер де ұйымдастырушылық қабілеті мықты азамат халық ықыласына бөленді.

Әсет Бейсеуовтен бата алған

Өнер үшін туылған бауырымызды республика халқы дарынды композитор ретінде жақсы біледі. Бұл Алматыға барған бір сапарында шығармашылық кеші жоғары деңгейде өткізілді. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Сонда оған Қазақстанның халық әртісі, атақты композитор Әсет Бейсеуов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғафу Қайырбеков, көрнекті жазушы Сәбит Досанов ақ батасын беріп, көрермендердің көз алдында мұны өзінің болашағынан мол үміт күттіретін дарынды інілері ретінде таныстырып, әндеріндегі тұнып тұрған әсем лирика мен жүректердің қылын шертетін, ешкімге ұқсамас сыршылдықты баса айтқан болатын.
Содан бері де талай жылдар сынаптай сырғып артта қалды. Оның талантын жоғары бағалайтын әріптестері мен замандастары өзін «Қостанайдың Шәмшісі» деп атап кетті. Олардың бұлай дейтін себебі де бар. Өйткені, ұлы тұлға Шәмші Қалдаяқовтың әндері қандай әсерлі болса, Қалибектің туындыларын да жұрт ұйып тыңдайды. Көптеген мерекелік кештер оның әнінсіз өтпейді.

Қарап отырсақ, қазір замандасымыздың әндері жүзден асады. Оның бәріне бірдей тоқталу әсте мүмкін емес. Дегенмен, сөздің орайы келгенде, композитордың «Айлы түнде», «Көктем қыздар», «Ерке құсым», «Сағыныш сазы» және басқа да көптеген шығармаларын жерлестері әрдайым асыға күтетіндігін тілге тиек еткеніміз абзал.

Жалпы, кейіпкеріміздің сазгерлік қабілетінің шыңдалуына Алматыдағы тәлімгері Әсет Бейсеуовты мысалға алмағанның өзінде, жергілікті сазгерлер Болат Хамзин, Қайыржан Мақанов, Айтбай Мұздахановтардың ықпалы ерекше. Олардың қалыптасу кезеңдердегі берген ақыл-кеңестерін, көрсеткен бағыт-бағдарын Қалекең әрқашан көпшілік жиналған жерде аузынан тастамай айтып жүреді.

Біздің пайымдауымыз бойынша өнер де тұқым қуалайды. Текке де қарайтын секілді. Қалибектің әкесі Деріпсалды да өз ортасында сөзге шешен, палуан әрі домбыра шертіп, айналасындағылардың арасында сері жігіт атаныпты. Анасы Мағия да әнші, жыршы, термеші болған. Бұл ардақты апамыз сонау бір жылдары қазақ ұлтының мәртебесін асқақтатқан Қазақстанның халық ақыны Нұрхан Ахметбеков ұйымдастырған Торғай ауылындағы театрда әлгі есімі аталған біртуар тұлғамен бірге жұмыс істегендігі көпшілікке мәлім.

Жұртшылықтың құрметіне бөленген Қалибек Деріпсалдин бірнеше ән жинақтарының авторы. Қасиетті Торғай өңіріндегі шығармашылықта рухани үндес болған асыл ағаларының туындыларын арқау еткен кітаптарды баспалардан шығаруға тікелей мұрындық болды. Осы арада ұлтжанды азамат, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, композитор Жұмағали Өмірбековтің әндері мен күйлері енген «Неткен сүйікті ең» деп аталатын еңбегін мысалға алсақ та жеткілікті болар.

Қалибек Деріпсалдинге Президентіміздің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы бостан-босқа берілген жоқ. Бұл абырой-беделге ол өзінің ұзақ жылғы адал еңбек, маңдай терімен жетті.

Ән әлемінде өзіндік ерекше орны бар тума дарын көптеген халықаралық және республикалық композиторлар байқауының лауреаты. Қостанай облыстық меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының иегері. Соңғы біраз жылдардан бері Қостанай қалалық мәдениет бөлімі жанындағы «Мирас» ансамблінің әншісі ретінде әріптестеріне өнеге көрсетті. Облыс орталығындағы маңызды мерекелердің бірде-бірі онсыз өтпейтін.

Өнер қонған шаңырақ

Қалекеңмен бір шаһарда тұрып, өнерде бірге жүрген соң, оны осы деңгейге жеткізіп, рухани қолдап, күйеуінің қуанышына ортақтасып келе жатқан асыл жары, жібектей мінезді Айшаны да жақсы білеміз.

Инабатты Айша да Торғай өңірінің аруы. Ол да ән мен күй десе ішкен асын жерге қоятын замандасымыздың бірі. Отағасының шығармашылықтағы алғашқы сыншысы да өзі. Өйткені, дүниеге келген әнді бірінші болып сол тыңдайды. Ұзақ жылдар қос аққудай жараса ғұмыр кешкен шаңырақ иесінің көңіл-күйін қас-қабағынан таниды. Сол себептен де өнер адамының жағдайын, оның жан-дүниесін терең түсінеді. Отбасында болып, сырласа қалсаңыз, Қалекең жүрек тебірентер сұлу да сәтті ән жазса, жас балаша мәз болып, айрықша қуанышқа кенелетін шақтарын да жасырмайды.

Қазір Деріпсалдиндер әулеті жапырағын тереңге жайған үлкен бәйтерекке айналды. Ерлі-зайыпты Қалибек пен Айшаның бір шаңырақтың астында бақытты өмір сүріп келе жатқандарына жарты ғасырға жақындап қалды.

Елімізге есімі кеңінен танымал әнші-композитор өзінің өнер жолын қуған бауырлары Роза және Жарқынбек Деріпсалдиндерді, Ербол және Бекбол есімді балаларына жастайынан ұлттық рухта тәлім-тәрбие берді. Қазір олар үйлі-баранды. Тоғыз немересі де ата-әжесінің көз қуаныштары.

Ынтымағы жарасқан шаңырақтың тұңғышы Ербол полиция подполковнигі. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, кішкентайынан ән-күйге құштарлық танытты. Сонау мектеп қабырғасынан бастап, әкесінің сазды әндерін нақышына келтіріп орындап, абыз ақсақалдардың батасын алды.

Одан кейінгі баласы Бекбол да ата-анасына қайырымды, ұлтымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қастерлейді. Ал өнерде өз қолтаңбасын қалыптастырған Жарқынбек те тәлімгері әрі өнеге тұтар ағасы Қалекеңді ерекше құрмет тұтады.

Деріпсалдиндер әулетіндегі келіндері Айнұр, Сандуғаш, Гүлбақыттар жастайынан ұлағатты отбасында өсіп, заман талабына сай білім алған қазақ қыздары.

Жаңа жыл Деріпсалдиндер әулеті үшін үлкен қуанышпен басталды. Өйткені, мәуелі бәйтеректің иесі, халқымыздың ардақ тұтар перзенті Қалибек ағамыз 70 жасқа толғалы отыр. Оған алдағы уақытта мықты денсаулық, отбасында бақыт тілейміз.

Оразалы ЖАҚСАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77