Біздің Қостанай Социум

Қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Римма Ғайсеновамен сыр – сұхбат

Жуырда қазақтың аяулы қызы Римма Ғабдолқызының мерейтойы өңірде есте қаларлықтай аталып өтті. Ұйымдастырылған кездесулерде оның атына қаншама жылы лебіздер айтылды. Тың ізденіспен жазылған кітабының да тұсауы кесілді.

Тәрбие отбасынан басталады

Мен ел ардақтысына арнайы жолығып, көкейде жүрген сауалдарымды қойған едім. Кейіпкерімнің ой-толғаныстары кейінгі өскелең ұрпаққа қай жағынан болсын өнеге.

– Римма Ғабдолқызы, сізді көпшілікпен жете таныстырып жатудың өзі артық болар. Өйткені, өзіңіз ұзақ жылдар бойы басқаларын айтпағанның өзінде, облыстық мәдениет басқармасына басшылық еттіңіз. Кезінде жауапты қызметтерде жүрсеңіз де әрқашан отбасын бірінші кезекке қойдыңыз?

– Әрбір адам өзінше жеке тұлға. Олардың өмірлік ұстанымы, белгісіз қырлары мен сырлары да болады. Міне, осы көкейдегі жайларды ақтаруға мүмкіндік жасап отырғаныңыз үшін қуаныштымын.

Мен өзімді бақытты қазақ қыздарының бірімін деп есептеймін. Аллаға шүкір, өзімнің таудай талабым мен іскерлігімнің арқасы болар, бірқатар жауапты қызметтерді атқарғаным да рас. Алайда мен ешқашан кеудемді көтеріп, басқалардан өзімді жоғары қойған емеспін.
Бойымдағы қабілетім мен білім-біліктілігіме байланысты облыстық деңгейде лауазымды жұмыстарда болдым. Бірақ өзімнің әйел екенімді, ибалы да жүрегі нәзік қазақ қызы екенімді ұмытқан емеспін. Қызметте басшы болғаныммен, үйде өзімнің міндетіме берік болдым.
Отағасы мен балалардың мұнтаздай таза болып, ас-суын дер кезінде дайындалуына да уақыт таптым. Осындай жан-жақтылығымның арқасында қызметті де қатар алып жүрдім.

– Сіз әрбір сұхбат кезінде осы биік деңгейге жетуім ата-анамның арқасы дейсіз. Соның мән-мағынасын қысқаша баяндап кетсеңіз?

– Өзім Қарасу ауданында дүниеге келгеніммен, Сарыкөл селосында өстім. Ата-анамның қамқорлығымен толыққанды тәрбие алдым. Әкем Ғабдолла сауда саласында қызмет атқарып, талай жастарға тәлімгерлік етті. Ал анам Ұлбөпе қарапайым ғана кісі-тін. Ол үй шаруасымен айналысты. Тоғыз баланы ес білгеннен еңбексүйгіштікке, адамгершілікке баулыды. Қазір солардан інім Серік екеуміз ғана қалдық.

-Менің байқауымша, сонау мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап руханиятқа ерекше көңіл бөліпсіз. Алғашқы кезде педагогикалық жоғары оқу орнын аяқтапсыз. Әңгіменің орайы келгенде жалпы еңбек жолыңыз жайлы да аз-кем тоқталып өткеніңіз орынды сияқты?

-Меніңше, өнер мен мәдениетке назар аудармайтын шаңырақ жоқ шығар-ау. Өзім өскен жанұя мүшелері де ән-күй десе ішкен асын жерге қоятын. Мектеп қабырғасында жүргенде де руханиятқа жаным жақын болды. Алайда, 1963 жылы Урицкий орта мектебін тәмәмдаған соң бірден сонау Алатаудың баурайындағы Алматы қаласына аттандым. Сондағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне студент болып қабылдандым.

Ол да адам өміріндегі ең бір ұмытылмас кезеңдер ғой. Аталған жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірісімен туған өңіріме оралдым. Еңбек жолымды аудан орталығындағы ауылшаруашылығы техникумында қатардағы мұғалім болып бастадым.

Уақыт өте мәдениет саласына біржола ауыстым. Рудный қаласындағы «Строитель» мәдениет үйінде балалар секторының меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. Бертін Қостанай шаһарындағы «Текстильшик» мәдениет үйіне жетекшілік еттім.

Ал, үлкен сенім артылып, Қостанай облыстық мәдениет басқармасын он үш жыл басқардым. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де бірқатар қызметтерді абыроймен атқардым. Оның бәріне бір сұхбатта тоқталып өту мүмкін емес.

-Қазіргі таңда руханият ордасы болып табылатын бірқатар мекемелердің әу баста ашылып, кейін көпшіліктің сүйікті орнына айналуы сіздің есіміңізбен де тығыз байланысты екенін білеміз. Солар жайлы да бірер сөз?

-Мәдениет басқармасының бастығы лауазымды қызметін атқарған кезімде қаншама мәдениет ордаларының ашылуына септігім тиіп, оның басы-қасында болдым. Мәселен, бұл күндері күллі елімізге танымал «Ақжелең» фольклорлық ансамблі құрылғанда үлкен қуанышқа бөлендік. Содан кейін биыл 25 жылдығын атап өткелі отырған Ілияс Омаров атындағы қазақ драма және Арқалық қаласындағы жастар театрларының бастауында тұрғанымды мақтан тұтамын. Сондай-ақ, Қостанайдағы облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі де мен үшін өте ыстық. Мұның бәрі де күні кешегідей көз алдымда.

Мағыналы ғұмыр кештік

– Өзіңізбен кездесіп, отбасыңыз жайлы сөз болғанда марқұм, яғни отағасы Қабдуғали ағамыз жөнінде әңгіме етпей тұра алмаймыз. Менің ұғымымша, ол нағыз жігіттің сұлтаны болатын. Ешкімді де ренжітіп, көңіліне қаяу түсірмеді. Шыныңызды айтыңызшы, оқта-текте болса да оны еске алып, сағынатын кездеріңіз бола ма?

– Айналайын, інім-ау. Өзің білесің, Қабдуғали менің жанұямдағы тірегім, әрі пірім болды. Адам баласы тірі кезінде бір-бірінің қадірін біле бермейді. Кей кезде әлгі өзің айтпақшы, ұлдарым мен немерелерімнің өміріндегі бір қызықты сәттерде: «Қайран, Қабдуғали. Осы балаларымның нағыз бақытты шақтарына ортақтасар кезде бақилық болып кеттің-ау» деп еріксіз көзіме жас аламын.
Күйеуім екеуміз ұзақ жылдар бойы аса сыйластықта болдық. Тіршілікте кездескен қиындықтарды бірге жеңіп, қуаныштарды бірге бөлістік. Оны тек ғұмырлық серігім ғана емес, балаларының әкесі ретінде де құрмет тұттым.

Өзім еркектің әрбір шаңырақтағы алатын орны жөнінде түрлі басқосуларда кейінгі сіңлілеріме жасырмай айтып отырмын. Өйткені, еркек үйдің тірегі болса, әйел шаңырақтың ұйытқысы.

Қабдуғали оқыған, тоқығаны мол азамат еді ғой. Соның арқасында ер азаматтарша жауапты қызметтер атқардым. Жұмыстың ерекшелігіне байланысты ерте кетіп, кеш оралатынмын. Сол кезде ешкімнен қызғанып, қабақ шытқан емес. Қайта үйге кіре берістен сыртқы киімдерімді қолына алып, көңіл-күйімді сұрап жататын. Онымен бірге өткізген бақытты күндер жадымда мәңгілік сақталып қалды.

– Өміріңіздің мәні перзенттеріңіз жайлы не айтасыз. Олар да әкелерінің атына кір келтірмейтіндей абыройлы қызмет атқарып жатқан болар. Бүгін орайы келгенде, осы жөнінде де тілге тиек етсеңіз?

– Қызмет пен дүние қолдың кірі деп босқа айтылмайды. Өмірде бәрі де уақытша. Адам ғұмырының жалғасы әрі оны ұзартатын ұрпақтары екендігі дау тудырмайды. Отағасымен бірге екі ұл өсірдік. Біздің тұңғышымыз Русланның өзі бір шаңырақтың тірегі.

Ол жас кезінен өте қайсар да қажырлы болатын. Бауыржан Момышұлы атасы секілді темірдей тәртіпке ерекше көңіл бөлетін. Оқып-тоқудың арқасында өзінің көздеген мақсатына жетті. Қазір Қостанай өңірлік университетінің профессоры.

Оның жан-жары, яғни менің сүйікті келінім Майсара да белгілі ғалым, тәуелсіз еліміздің болашағы болып табылатын жастарға дәріс береді. Олардың Әлішер және Арсен есімді ұлдары бар.

Екінші ұлым Ержан қаржыгер. Бұл күндері елордамыз Астанада тұрады. Келіншегі Әлия кәсіпкер. Екеуі балалары Алдиярға уақыт талабына сай тәрбие берді. Осы немерелерім үйіме келгенде ерекше қуанышқа бөленемін.

Еңбегіне қарай құрмет

– Сіздің мерейтойыңызға арналған басқосуда ізіңізді басып келе жатқан іні-сіңлілеріңізге және зиялы қауымға ғибрат боларлық «Мәдениет те бір майдан» деп аталатын кітабыңыздың тұсаукесері болып өтті. Осы жайлы не дер едіңіз?

– Иә, бұл күннің де мен үшін орны бөлек. Даңқты жерлесіміз, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталатын облыстық мемориалдық музейдегі кеш өте тартымды өтті. Оған мәдениет саласының ардагерлері, өнер майталмандары, елімізге кеңінен танымал ақын -жазушылар мен көрнекті ғалымдар қатысты.

Жүздесу барысында жоғарыда өзіңіз айтып өткендей, «Мәдениет те бір майдан» атты үлкен толғаныспен жазылған еңбегім хақында айтылды. Бұл кітап бірнеше бөлімнен тұрады. Онда менің өткен өмір жолдарым мен халық игілігі үшін атқарған жемісті жылдарым кеңінен қамтылды.
Оның мазмұны мен мұрат-мақсаты жөнінде жиынға қатысушылар да жан-жақты тоқталды. Сондықтан оны қайталап жатқаным артық болар. Ең бастысы, көкейде жүрген көрікті ойларымның бәрі енгізілген сияқты.

– Адал еңбек қашан да өзінің жемісін береді. Бұған сіздің ғұмырыңыз нақты мысал болады десек қателесе қоймаспыз. Өйткені, мемлекет тарапынан көп жылғы төккен маңдай теріңіз бағаланып, лайықты марапатқа ие болдыңыз.

-Жастық шақ адамға бірақ рет беріледі. Сондықтан қандай қызмет сеніп тапсырылса да оны барынша жауапкершілікпен атқаруға тырыстым. Негізгі жұмысымнан қол үзбей жүріп, Шымкент мәдениет институтын аяқтадым.

Менің замандастарымда уақытпен санасу деген болған жоқ. Бәріне де үлгеруге ұмтылдым. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, тиісті орындар қызметімді лайықты бағалады. Кеудеме «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалін тақтым. Бірнеше төс белгілері мен Құрмет грамоталарым да бар.

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын алдым. Мәдениет қайраткері атандым. Өңірдегі мәдениет саласындағы 30 жылдық сіңірген еңбегім үшін меценаттар клубының арнайы сыйлығы және «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталдым. Сонымен қатар Сарыкөл ауданы мен Қостанай қаласының құрметті азаматымын.

-Сізді облыста білмейтіндер кемде-кем. Бұл күндері мәдениет пен өнер саласында абыроймен қызмет атқарып жүрген жігіттер мен қыздардың көпшілігі өзіңіздің тәрбиеңізді көрді. Әлі де болса қоғам қайраткері ретінде маңызды басқосуларда тәуелсіз еліміз жайлы ойыңызды ортаға салып, артыңыздан ерген жастарға үлгі көрсетіп келесіз.

– Мен жастайымнан қызметке ерте араластым. Адамдармен тығыз байланыста болдым. Басшылық жұмыста қарамағымдағы мамандарға қолдау көрсеттім. Қолынан іс келетін қарым-қабілеті мол, болашағынан үлкен үміт күттіретін жастарға үлкен сенім арттым. Қазіргі таңда солардың бірқатары руханият ордаларын басқарып, қазақ өнері мен мәдениетін өркендетуге лайықты үлестерін қосуда. Олар мені кешегі тәлімгер ретінде құрметтейді. Одан артық қандай бақыт болушы еді.

Өзім табиғатымнан сергек жанмын. Бос уақытымды барынша мағыналы өткізуге талпынамын. Табиғат аясында серуендегенді ұнатамын. Сұлулыққа жаным құштар. Меніңше әрбір әйел жаратылысынан көркем деп ойлаймын.

Халықтың бел ортасында жүргенді қалаймын. Қазіргі таңда «Аманат» партиясы облыстық филиалының жанындағы «Мирас» және облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінде тәлімгерлер кеңесінің мүшесімін. Осындағы маңызды басқосуларға тұрақты қатысып, еліміздің жарқын болашағына байланысты өзіндік ой-пікірімді ортаға саламын.

– Өзіңіз үнемі отбасындағы сыйластық пен татулық, қазақ қызының шаңырақтағы алар орны жөнінде айтып келесіз. Ене мен келін жайлы да өзіндік пікіріңіз бар екендігін жақсы білеміз. Соңғы кездері ажырасулар саны да өсіп келеді емес пе.

– Мен әрқашан өз ұстаныма берік адаммын. Бұл орайда ардақты анам Ұлбөпенің кішкентайымнан айтқан ұлағатты сөздері санамда мәңгілік жатталып қалды. Ол «Қыз бала ертеңгі ана. Бір шаңырақтың алтын діңгегі» деп отыратын. Қазір ойлап отырсам, соның бәрі өмірден алынған өсиетке толы даналы сөздер екен. Қазақ қызы – ұлтымыздың айнасы. Еліміздің мықты болуы әрбір отбасындағы ынтымақ пен бірлікке байланысты. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп босқа айтылмайды.

Ене мен келін қайсы әулеттің болсын берекесін келтіретін ізгі жүректі жандар. Олар тату-тәтті сыйластықта ғұмыр кешсе үйде береке болады. Соларды көріп, өскен ұрпақ та инабатты, бауырмал, мейірбан да көпшіл болып қалыптасады. Мұндай жарқын мысалдар тіршілікте аз емес.

Бұрын халқымызда ажырасу деген мүлде болмайтын. Бір өкініштісі, қазір шаңырақ көтермей жатып, жас жұбайлар уақытша қиындыққа шыдамай некелері бұзылады. Екі ортада зардап шегетін бейкүнә сәбилер. Бұл мәселе бәрімізді де толғандырмай қоймайды. Ажырасушылар қатары жылдан-жылға артып келе жатқаны баршаға мәлім.

Әңгімелескен
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77