Алматы шаһарында орналасқан толық жаңартылған музей үйдің тұсау кесері қыркүйек айында өтпек
Елімізде «Алаш» арысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіліп жатқаны белгілі. Осы орайда, қоғам қайраткерінің Алматы шаһарындағы музейіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы уақытқа дейін толық мемлекет тарапына өтпеген музейді Алматы қалалық әкімдігінің қарамағына ауыстыру мақсатында қыруар жұмыс жасалған. Бұл жайында толық мәлімет алу үшін музей үйі жетекшісі Райхан Имаханбетпен хабарласып, тілдескенімізде:
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын қалай атап өтсек те жарасады. «Маса» деген жинақ шығарып, қалың ұйқыда жатқан қазақ халқын оятып, көзі ашық, көкірегі ояу зиялы азаматтың ұлты үшін жасаған еңбегі ерен деп білемін. Бүгін осыны жаңғыртып, «Алаш» арысынан қалған құнды дүниелердің қадіріне жете білуіміз өте маңызды болса керек. Сондықтан осы мерейтойға орай, көпетеген беделді азаматтардың бастамасымен Алматы шаһарындағы Ахмет Байтұрсынұлының музей үйі толық мемлекеттің қолына 2021 жылы берілді. Осыдан кейін онда қажетті жөндеу, абаттандыру бір сөзбен айтқанда жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстардың жүргізіліп жатқанына екі жылдың жүзі болды. Сонымен қатар штаты да анықталып, білікті де тәжірибелі мамандар тартылып жатыр. Мемлекет қарамағына көшкен музейдің жағдайы күн санап жақсара түсті десек қателеспеген болармыз. Бүгінде бұл музей үйді қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылдың қыркүйек айында толық аяқталады деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының артында қалған құнды дүниелерді баршаның назарына ұсыну мақсатында мұрағаттарды жинақтау, қалпына келтіру сынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған қорытынды үлкен мерекелік шарада толық жаңартылған музей үйдің тұсауы кесіліп, қалың жұртшылыққа есігі айқара ашылады деп жоспарланып отыр.
Осы арады тағы да атап өтетін жайт, Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық кітабы жаңадан жасалып жатыр. Осы уақытқа дейін бірнеше рет басылып шыққан ұлт ұстазының еңбегі оның таза өз қолымен жазылған күйінде сақталған. Осы сақталған еңбекті қайтадан басып шығару жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Оның артында қалған еңбектері он екі томдық болып жинақталып шығады. Бұл еңбекті «Оқу құралы» оқу әдістемелік орталығы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Алаш орда» университетімен бірлесіп, 140 баспа табаққа басып шығаруды жоспарлап отыр. Бұл өте құнды еңбек. Мұндағы басты ерекшелік онда қоғам қайраткерінің таза өзінің қолынан шыққан дүниелері басылып шығады,-деді.
Ахмет Байтұрсынұлының артында қалдырған мұрасы мол. Ол еліміздің болашағы жастар үшін үлкен өнеге болса керек. Әсіресе, қоғам қайраткерінің ой-толғамдары, адамгершілікке, еңбекке баулитын дүниелері өте көп.
А.ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Сурет музей қызметкерлерінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77