Немесе бір баланы мектепке әзірлеу үшін қанша қаражат керек
Жаздың жайдарлы күндері де тез өтіп, көзді ашып-жұмғанша жаңа оқу жылының басталуына да бір айға жуық уақыт қалды.
Тамыз айы басталды дегенше ата-ананың ойлап, бас қатыратыны бала-шағаның қамы, мектепке әзірлік. Қай ата-ана болмасын баласының жарқырап, киініп жүргенін қалайды. Көңілін қуантып, мектепке жаңа құрал-жабдықтар алғысы келеді. Баласы көп отбасы болса тіптен қиын. Бұрынғыдай бірінің киімін бірі киетін бала жоқ қазір. Бәрі де жаңа дүние алып, бой түзесем дейді. Бірақ бәрін ақша шешеді, әркім қалтасына қарай көсіледі. Сонымен бір баланы мектепке толығымен дайындап шығу үшін қанша қаражат керек? Баға белесі қандай? деген сұрақпен бірнеше сауда орындарын аралап, бағаны бағамдып шықтық.
Құралай Бәйменова – көп балалы ана. Биыл 4 баласы мектепке барады. Ұлы Ахмет бірінші сыныптың табалдырығын аттағалы тұр. Бір балаға екі жейде, шалбар-костюм, сөмке, оқу құралдары, екі аяқ киім, спорттық киім тағы басқа қажет. Бұл бір жылға емес, бір реттік киім ғана. Оның сыртында керегі қаншама.
–Мен он бала дүниеге әкелген анамын. Қазір отбасымызда үлкендерім жетіліп, мектеп бітіріп кетті де, кейінгі 4 балам мектеп оқушысы. Бәрін де киіндіріп, қатарынан қалдырмауға тырысамыз. Балаларыма керек оқу-құралдарын көтерме сауда орындарынан аламын. Төрт балам мектепке баратын болғандықтан арзанынан әрі сапалысынан таңдаймын. Қазір қарапайым дәптерлердің өзі сан түрлі. Бала болған соң бояуы қанығына қызығады. Бірақ балаларым еркелікке салынып, «ананы-мынаны әпер» деп табан тіреп отырған емес. Біздің отбасының тәрбиесі сондай. Енді баланы қуантып, қалағанын әперуге тырысамын. Тамыз айы енді басталып жатыр. Саудаға әлі шықпадық. Балалармен ақылдаса отырып, жылдағы дәстүр бойынша көтерме сауда орындарына баратын шығармыз. Немесе қазір онлайн тапсырыс беруге де болады. Ол да тиімді. Үкімет тарапынан көмек ретінде мамыр айында бір реттік төлемді алдық. Әрине, ол ештеңеге жетпейтіні шындық, – дейді Құралай.
Оқу жылы жақындағаннан-ақ базарда, сауда орындарында мектепке дайындық басталып кетеді. Балаларын қолынан жетектеген қарапайым халықтың баратын жері тек базар ғана емес, небір дүкендер бар. Онымен қоса қазір тапсырыс беріп, Қытайдан, Алматыдан, Қырғызстаннан, Түркиядан, Ресейден да алдырып жатады. Біз де базар бағасын бағамдап, онлайн сауданың да шет жағасын шамаладық.
Оқу жылына ерте қамданатын базар сатушылары сауданы қыздырып, жарнаманы да беріп жатыр. Себебі ауылдағы ағайын, алыс ауыл-аймақтардан ертерек келіп, саудаларын жасайды. Базардағы сан түрлі киім-кешек пен оқу құралдарынан көз сүрінеді. Сөрелер толы сан түрлі мектеп формалары, кофта, сарафан, шалбар, қысқасы іздегеніңді табасың. Қаражатқа қарай көсіліп, таңдап ала бересіз.
Қыздарға арналған ақ жейденің бағасы ең арзаны 5000-6000 теңгеден басталады. Ал юбкалардың орташа бағасы 6000 теңгеден сатылымда тұр. Ер баланың костюм-шалбары 12 мың теңгеден бастап, әрі қарай сапасына қарай көтеріле береді. Спорт киімдері мен аяқ киімнің бағасы әлдеқайда қымбат.
–Қызым биыл бірінші сыныпқа барады. Алдын ала дайындық жасап 5500 – кофта, туфли – 6500, ақ колготки жұқасы -2500, сарафан – 7000, сөмке – 8500 теңгеге сатып алдым. Бұл бір киерге алған киіміміз, әлі қаншамасы керек. Заттардың бәрі қымбаттаған. Бірнеше бала оқытатын ата-аналарға оңай болмасы сөзсіз, – дейді Нұргүл Исабекова.
Енді бір балаға кетер ақшаны бағамдай беріңіз. Мектептерде де арнайы жаңа киім формасы жоқ. Тек дизайны мен түсі талапқа сай келсе болғаны. Иә, бір балаға мектеп киімі мен құрал-жабдықтарға кемінде 50-60 мың теңгедей қаржы жұмсалатыны белгілі болды. Егер 3-4 бала мектепке барса, осы соманы еселей беріп, есептесеңіз де болады. Бұл қаражатты қалтасы көтермейтін отбасылар да бар. Әр баланың білім алуына жағдай жасау мемлекет алдындағы басты міндеттердің бірі. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы осал топтарға қажетті көмектер үкіметтен жасалып та жатыр.
Биыл жалпыға бірдей білім беру қоры 500 мыңнан астам баланы қамтыған. Олардың қатарында АӘК алатын отбасылардан шыққан оқушылар және жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардан шыққан оқушылар бар. Білім министрлігі көмек көрсету тетігін жақсарту бойынша шара қабылдап, ата-аналардың есеп-шоттарына ақша аударған. Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен мектеп керек-жарақтарын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, осылайша сапасыз тауарларды алуға болмайды. Қазіргі уақытта киім-кешек пен мектеп керек-жарақтарын сатып алу үшін әрбір білім алушыға ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде – 43 407 теңге белгіленген.
«Бүгінгі таңда ата-аналардың шоттарына 3,4 млрд теңгеден астам қаражат аударылды, 78 мыңға жуық бала қамтылды. Бұл процесс жалғасуда. Осыған байланысты, жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында өңір әкімдіктерінен, «Атамекен» ҰКП-дан мектеп жинақтарын, мектеп формаларын және т. б. сату бойынша жәрмеңкелер, соның ішінде көшпелі жәрмеңкелер ұйымдастыруды сұраймыз», — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Сонымен қымбатшылық қыспаққа алған шақта 43 мың теңгеге не алуға болады? Бұл сұраққа ата-аналардың өздері жауап берген еді.
Айгүл Көкен:
–Сабаққа баратын балам жоқ. Бірақ, немерем биыл бірінші сыныпқа барғалы отыр. Әрине, бәрі де қымбат. Қарапайым дәптердің өзі 45 теңгеден басталады. Бір баланы толығымен киіндіру, оқу-құралдарын алу аз қаражат емес екені белгілі.
Құралай Бәйменова, ата-ана:
–Балаларыма мамыр айында сол ақшаны алдым. Бір баланы түгелімен киіндіруге жетпейді. Бірақ сөмке мен оқу-құралдарының бір бөлігін алатын шығармын. Менің төрт балам барады.
Нұргүл Исабекова, ата-ана:
–Өздеріңіз де көріп отырсыздар, баға деген күннен-күнге шарықтап барады. Қай ата-ана болмасын баласына сапалы дүние алғысы келеді. Ақшаны барынша үнемдеп, әр баланы кезек-кезек киіндіруге тырысып жатырмыз.
Аий ӘБДІЛДА,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77