Образование

«Оқу үдерісіндегі оқу-әдістемелік құралдардың ерекшеліктері мен тиімділігі»

атты дөңгелек үстел соңында қатысушылар оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуге қатысты көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды

Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының алқа мәжілісінің секция жұмысы аясында «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша кәсіби даму институтының базасында «Оқу үдерісіндегі оқу-әдістемелік құралдардың ерекшеліктері мен тиімділігі» тақырыбында бірлескен дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілді оқыту үдерісінде қолданылатын оқу-әдістемелік құралдардың тиімділігін саралау, әдістемелік құрал түрлерінің тиімділігін жіктеу мен ажырату, мемлекеттік тілде сабақ беріп жүрген оқытушыларға әдістемелік көмек көрсету болып табылады.

Дөңгелек үстелге «Өрлеу» кәсіби даму институтының әдіскер-оқытушылары, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары, білім беру мекемелерінің әдіскерлері, аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталықтарының директорлары, тіл мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры М. Слесарь алғы сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге арналған өзара бірлескен іс-шараның тиімді өтуіне сәттілік тіледі. «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы» КММ басшысы Ж. Ербатырова кіріспе сөзінде дөңгелек үстелдің өту мақсатына кеңінен тоқталып, жалпы өңірдегі тілдерді оқытумен айналысатын орталықтардың жұмысын ілгерілету үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

-Облысымыздың барлық аудандары мен қалаларындағы тіл оқытатын орталықтардың жұмысы барынша қарқын алып отыр. Мемлекеттік тілді үйренем деген кісіге есік ашық. Тілді меңгеру бірінші кезекте адамның өзінің шынайы ықыласына байланысты әрине. Сондай-ақ қазақ тілін үйретітін мамандардың біліктілігі де маңызды. Сондықтан қазір тіл мамандарының жұмысына ерекше көңіл бөлініп, барынша жауапкершілік артылып отыр. Ал өңір тұрғындарының тарапынан тіл үйренуге деген тілек болып жатса, тіл үйрететін орталықтардың есігі айқара ашық,-дейді «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Жұлдызай Қабділмәжитқызы.

Іс-шараның модераторы «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша кәсіби даму институтының кафедра меңгерушісі Г. Жусупова қатысушыларды дөңгелек үстелдің өту ретімен таныстырып, арнайы шақырылған спикерлерге сөз берді.
Арнайы шақырылған спикерлер А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Тілдерді даярлау орталығының меңгерушісі, ф.ғ.к. Г. Жүрсіналина «Өзге тілді ортада қазақ тілін жетілдіру әдістемесінің негіздері», «Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы» ММ мектепке дейінгі жалпы білім беру әдістемелік кабинетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіскері Ж. Ташетова «Қазақ тілі пәні бойынша әзірленген әдістемелік құралдардың ерекшеліктері», Лисаков қаласы білім бөлімінің №3 ЖББМ мектеп директоры А. Ахметкалиева «Мемлекеттік тілді оқытудағы әдістемелік құралдар», – «Рудный қаласы білім бөлімінің Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясы» КММ директорының әдістеме жөніндегі орынбасары Г. Жұмабаева «Авторлық жұмыс жазудың құрылымы мен әдістемесі», «Қостанай қаласы білім бөлімінің №18 мектеп-гимназиясы» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі З. Сергазина «Әдістемелік құралдарға қойылатын талаптар» тақырыбында өздерінің жинақтаған іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара соңында қатысушылар оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуге қатысты көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Жалпы дөңгелек үстелге 25 адам офлайн форматта, 50 адам zoom арқылы онлайн форматта қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77