Онда шәкірттер Тәуелсіздіктің баға жетпес байлық екенін түсінді
Жас жеткіншектерге Тәуелсіз Қазақстан Республикасының өткені мен болашағы, даму тарихы туралы мағлұматтар бере отырып, келешекке сеніммен қарауға, елжандылыққа, ұлтын сүюге, қастерлеуге үйрету, өз Отанына, туған жеріне деген сүйспеншілігін арттыру мақсатында мектебімізде «Тәуелсіздік құрдастары» атты кездесу кеші ұйымдастырылып, «Тәуелсіздік және тұңғыш Президент» виртуальды кітап көрмесі мен «Ел бақытын тербеткен Тәуелсіздік» деп аталған слайд-шоу оқушылардың назарына ұсынылды.
Бұл кешке Армангүл Каримова, Галия Досова, Айгерим Байшева, Ақмарал Сынабаева, Азамат Жайлюбаев есімді Тәуелсіздік құрдастары арнайы шақырылды. Шараға жиналған қауым алдында мектеп директоры Айбек Молдабеков сөз сөйлеп, барша қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, шынайы лебізін білдірді. Ал Тәуелсіздік құрдастыр өздерінің егемен елде дүниеге келгендеріне қуанышты екендерін жеткізді. Білім ордасының шәкірттеріне Тәуелсіздіктің қымбат сый екенін айта келіп, Отанға деген сүйіспеншілік кез-келген жанның бойында болуы керектігіне тоқталды.
Сонымен қатар кеш барысында мектеп оқушылары Тәуелсіздік туралы қойылған сұрақтарға жауап беріп жарысты. Сондай-ақ тапқыр да білімді шәкірттер Тәуелсіздік сөзінің әр әрпінің қандай мағына беретінін атап өтті. Атап айтатын болсақ, Т- теңдікті, Ә-әдептілік, әлдікті, әділетті, У-уайымсыз уақытты, Е-егемендік, елдікті, Л-лағып лепірмеу, С-сенімділік, І-ілтипат пен ізет, З-зиялылық, Д-достық, І-ізеттілік, К-көктегі күн деп өздерінің түсініктерін жеткізді. Осылайша олар Тәуелсіздік сөзінің құдіретін түсінді.
Сондай-ақ оқушылар бүгінгі бақытты өміріміз үшін қан төгіп, құрбан болған боздақтарымыздың қайтпас қайратына тәнті болып, Желтоқсан оқиғасының құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алды. Олардың рухына бас иді. Әрі қарай мектебіміздің 5 «ә» сынып оқушылары Анелья Рақымжан «Отан», Мөлдір Сабитбекова «Отаным менің Қазақстан» деп аталатын өлең жолдарын мәнерлеп оқыды.
Өнерлі де дарынды оқушылар Балайым Қаупыш «Туған жер» әнін орындаса, Лунара Сакаева «Тәуелсіз қазақтың қызымын» әнімен көпшіліктің қиялын көкте қалықтатты.
Мектебімізде ұйымдастырылған Тәуелсіздік күніне арналған кеш осылайша жиналған көпшілікке ұмытылмас әсер қалдырды.
Жаңагүл Тайшыбекова,
№11 орта мектебінің кітапханашысы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77