Социум

Оқушылар экология мәселелерін шешуге арналған жобаларды байқау бастамасымен ұштастыруда

Caravan of Knowledge корпоративті қоры мен «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «NXplorers: Жасыл ұрпақ бәйгесі» атты экологиялық жоба байқауы еліміздегі мектеп оқушылары арасында экологиялық сауаттылықты арттыруды мақсат етеді.

Бұл байқауға 8–10 сынып оқушылары қатысып, олардың жетекшілері NXplorers әдістемесі бойынша арнайы дайындықтан өткен және тренер сертификаты бар мұғалімдер болуы тиіс.

Байқау үш кезеңнен тұрады: бірінші кезеңде мұғалімдер NXplorers әдістемесі бойынша тренингтен өтіп, өздерін тренер ретінде дайындайды. Кейін олар алған білімдерін оқушыларға үйретіп, олардың жобаға дайындалуына жетекшілік етеді.

– Наурыздан қыркүйекке дейін оқушылар экологиялық мәселелерді зерттеп, өздерінің жобалық жұмыстарын әзірлеумен айналысты. Оқушылар команда болып жұмыс істеп, олардың әрқайсысы жеке экологиялық мәселені шешуге арналған жобалар ұсынды. Мысалы, мектеп аумағында жылыжай салу, асхана қалдықтарынан тыңайтқыш жасау, тірі бұрыш құру, флористикалық ландшафт қалыптастыру, Тобыл өзенінің жағалауын тазарту бойынша макет жасау сияқты бастамалар қолға алынды, – дейді Жұлдызай Төлеміс.

«Озат» МАТМЛИ-нің биология пәні мұғалімі атап өткендей, Қостанай қаласының атынан қараша айының соңында өтетін финалда олардың жобаларын қорғау жоспарланған.

Жобаның негізгі мақсаты — оқушылардың зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін дамыту, оларға экологиялық мәселелерді шешудің кешенді жолдарын қарастыруға мүмкіндік беру. Оқушылар тек теориялық біліммен ғана шектелмей, оларды шынайы өмірде қолдану арқылы стартаптар жасауға ұмтылуда. Мұндай бастамалар олардың экологиялық мәдениетін тереңдетіп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйретеді.

«NXplorers: Жасыл ұрпақ бәйгесі» жобасы елімізде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасымен тығыз байланысты деп айта аламыз. «Таза Қазақстан» жобасының мақсаты — Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаға зиян тигізбеу үшін табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бұл бағдарлама аясында елімізде экологиялық мәдениетті дамыту, табиғатты қорғауға назар аудару шаралары іске асырылуда. Оқушылардың экологиялық жобалары да осы мақсаттарға қызмет етеді. Жас ұрпақ табиғаттың қадірін түсініп, оның байлығын сақтау қажеттігін сезінеді. Байқауға қатысушылар өздері мекендейтін аймақтың экологиясын жақсарту үшін көптеген жобалар ұсынып, қоршаған ортаға деген жауапкершіліктерін арттырады.

Shell NXplorers бағдарламасы сыни және шығармашылық ойлауды дамытуға бағытталған. Бұл әдістемені қолдана отырып, оқушылар қоршаған ортаны қорғауға арналған кешенді тапсырмаларды өз бетінше шешу дағдыларын қалыптастырады. Жобаға қатысушылар экологиялық мәселелерді шешуге жаңа қырынан келіп, өз ойларын еркін жеткізіп, түрлі идеялар ұсынады. Мұғалімдер мен оқушылар арасындағы ынтымақтастықтың арқасында еліміздегі экологиялық проблемаларды шешу бағытында жаңа қадамдар жасалуда.

Бұрын бұл байқауға 2023 жылы қатысқан оқушылар практикалық кезеңнен өте алмаған. Алайда, биыл олар өткен қателіктерден сабақ алып, байқаудың талаптарын тереңірек түсініп, жаңа идеялармен келді. Бұл олардың шыдамдылығы мен мақсатқа жетуге деген ұмтылысын көрсетеді. Қатысушылардың бірі атап өткендей, бұл байқауға қатысу арқылы оқушылар өздерінің экологиялық санасын дамытып, болашақта табиғатты қорғау бағытында түрлі бастамаларға атсалысуға ұмтылады.

«NXplorers: Жасыл ұрпақ бәйгесі» бастамасы жас ұрпақты экологиялық мәселелерге байыппен қарауға үйретіп, олардың зерттеушілік және ізденушілік қабілеттерін шыңдайды. Осы арқылы еліміздің болашағы үшін экологиялық тұрғыда білімді әрі жауапты азаматтар қалыптасады.

Аяжан СЕРІК,
суретті ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77