Образование

Оқыту орталығын ашқан кәсіпкердің ісі алға басуда

Бүгінде жеке кәсібін дөңгелетіп отырған Индира Аяғанова жайында

Бүгінде жеке кәсібін шыр айналдырып отырған жандар көп. Өз алдына кәсіп ашып, жаңа жұмыс орындарын қалыптастырамын, адамдарды жұмыспен қамтамасыз етемін деген жандарға мемлекет тарапынан қолдау да жоқ емес. Егер өзінің бастағалы отырған жеке кәсібінің жоспарын дұрыс қорғап, оның болашақта елімізге көмегі тиетінін дәлелдай алған жандарға қайтарымсыз грант та беріліп жатыр.

Міне, осындай жеке кәсібін ашып, бүгінде балаларды оқытатын орталық ашып отырған менің кейіпкерім Индира Аяғанова өте еңбекқор жан. Онымен арнайы жолығып, қолға алған кәсібімен танысып қайтқан едім.

Индира Ғазизқызы Ақмола облысы Державинск қаласында дүниеге келген. Бала кезінде ата-анасы Денисов ауданы Крымский ауылына көшіп келеді. Отбасында 4 ағайынды. Анасы Альмира аспазшы. Әкесі Ғазиз қарапайым жұмысшы болған кісі. Ата-анасы балаларына өнегелі тәрбие беріп, олардың өмірден өз орындарын тауып, білікті маман атануларына барынша үлес қосты.

Ол 9 сынып бітіріп, Қостанай қаласындағы мемлекеттік педагогикалық колледжге оқуға түседі. Мамандығы бастауыш сынып мұғалімі. Кейін А.Байтұрсынов атындағы өңірлік универсиететінде психология мамандығы бойынша білім алады.Бірнеше жылдар қатарынан ұстаз болып жұмыс істейді.

Бірақ жеке кәсіп ашу туралы ой оны қайта-қайта мазалай береді. Сөйтіп өз алдына балаларды оқытатын орталық ашуды ұйғарды. Кәсібінің жоспарын құрып мемлекеттік «Жас кәсіпкер» бағдарламасына қатысып, 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алады.

Ол қазіргі таңда Қостанай шаһарының орталығында «Дамбо» деп аталатын оқу орталығын ашып, жұмысын шыр айналдырып отыр. Мұнда 30 бала білім алып жатыр. Орталық балаларды мектепке даярлайды. Әріп, сан үйретеді. 1-4 сынып аралағындағы оқушыларға үй тапсырмасын орындауға көмектеседі. Сонымен қатар мектепте түсінбеген тақырыптарды түсіндіреді.

-Біз бастауыш сыныптың оқушыларымен жұмыс істейміз. Қазіргі оқу бағдарламасы өте қиын. Оқушылар жаңадан өткен тақырыпты толық түсіне алмай жатады. Үйлеріне келіп, үй тапсырмасын орындаған кездері ата-аналарының көмегіне жүгінеді. Олар қазіргі қиын бағдарламаны түсінбегендіктен балаларына көмектесе алмайды. Осындай кездері ата-аналар балаларын біздің орталыққа әкеледі.

Мектепке дайындау барысында біз балаларға әріп, сан үйретіп, өздігімен оқып, есеп шығаруға көмектесеміз. Олар жетісіне 5 рет 1 ай бізде оқиды. Бұл сабақтарға 24 мың теңге төлейді.

Ал егер бала бізге жетісіне 2 немесе 3 рет ғана келіп, біздің қосымша курстарымызға қатысса 11 мыңнан 15 мыңға дейін ғана төлейді. Бұл курстардың балаларға берер пайдасы зор. Олар өздерінің білмегендерін үйренеді. Қазір біздің орталықта орыс тілді мұғалім бар. Қазақ тілінде сабақ беретін тәжірибелі ұстаз іздеп жатырмыз, – дейді Индира Ғазизқызы.

Елімізді жайлаған коронавирус пандемиясы жеке кәсіпкерлерге айтарлықтай ауыр тиді. 2019 жылдың қарашасында ашылған «Дамбо» орталығы желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында жұмысын қарқынды жүргізіп бастаған еді. Бірақ 2020 жылдың наурыз айында қауіпті дертке байланысты енгізілген төтенше жағдайда жұмысын тоқтатуға тура келді. 4 ай көлемінде орталықтың жұмысы уақытша тоқтап тұрды. Қашықтықтан жұмыс жасаған жоқ. Өйткені, мектепке енді ғана баратын кішкентай балалармен қашықтан жұмыс істеу мүмкін болмады.

Міне, өңірімізде жағдай түзеліп, карантин босаңсыған сәтте оқыту ортылығының жұмысы қайтадан жандана түскен. Келуші балалардың саны күннен-күнге артып келеді. Оған Индира Ғазизқызы өте қуанышты. Бүгінде жұмысын бір қалыпқа келтіріп, балаларды оқытуға кірісіп кеткен.

-Бала оқыту оңай емес. Әсіресе, кішкентай мектеп табалдырығын енді аттағалы отырғандар оқығаннан гөрі ойнағанды жақсы көреді. Сондықтан біз әртүрлі көрнекіліктерді пайдалана отырып, ойындар ойнатып әріптер үйретеміз. Тез меңгеріп алып жатады.

Көбінесе, балалар математика, ағылшын тілдерінен қиналады. Оның шешімін де таптық. Сол пәндерден сабақ үлгірімдерін жақсартуға көмектесеміз. Ата-аналар да риза, – дейді ол.

Кәсіптің ыңғайын тапқан жанның өзіне қойған талабы зор. Қолға алған ісін сапалы атқарып, көпшіліктің алғысына ие болсам дейді. Балалардың көңілін тауып, білімін жетілдіріп жүрген Индира Ғазизқызының еңбегіне мол табыс тіледік. Алдына қойған мақсаттарына қол жеткізіп, армандары орындала берсін демекпіз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77