Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры соңғы екі жылда шығармашылық құрамын жаңа актерлермен толықтырды. Біз театр табалдырығын енді аттаған жас өнерпаздармен жүздесіп, олардың сахнаға келу жолы, арманы мен алғашқы рөлдері жайлы сұрап білдік.
Өмірбек: бала арманнан – үлкен сахнаға
21 жастағы Өмірбек Құрсанбай – К.Байсейітова атындағы қазақ ұлттық өнер университетінің 4 курс студенті. Сахнаға қызығушылығы 7-8 сыныптан басталған ол бүгінде Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының жас толқыны қатарында өз жолын қалыптастырып келеді.
Оның өнер жолындағы беталысына оқытушылары айрықша ықпал еткен. Өмірбектің алғашқы ұстазы – танымал театр және кино әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Лейло Бекназар.

– Лейло Ақназарқызының «тәртіпке бағынған құл болмас» деген ұстанымы әлі күнге дейін есімде. Сондай-ақ сахна тілі бойынша Қадыр Қашқабаевтан дәріс алып, актердің еркіндік пен жауапкершілікті қатар алып жүруі керектігін ұғындық. Осы ұстаздарым кәсіби көзқарас, сахналық мәдениеттің қалыптасуына үлкен әсер етті, – дейді Өмірбек.
Жас жігіт Қостанайдағы театрға 2 жыл бұрын оқу практикасына келіп, бірден ұжымда жұмыс істеп бастаған. Өмірбектің Қостанай сахнасындағы алғашқы шығармашылық процесі «Қараш-қараш» шығармасынан басталды. Спектакльде екінші құрамда ойнап, ұжымдық жұмысқа бейімделді. Қойылым режиссерінің қатаң тәртібі актердің кәсіби өсуіне ықпал етті.
– Даниил Филиповичпен бірге жұмыс істеу сахналық тәртіптің не екенін түсіндірді. Ол кісінің жұмысында кешігу, себепсіз сұрану деген болмайтын. Бұл кезең мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды, – дейді ол.
Бүгінде өнерпаз «Махаббат қызық мол жылдар», «Бір түп алма ағашы» қойылымдарында көрерменге өнерін ұсынып келеді. Болашақта сахнада әлемдік классика «Ромео мен Джульетта» трагедиясындағы Меркуцио рөлін алып шығуды армандайды.
Айнұр: жүрек қалауы – өнер
Биыл ғана «музыкалық театр әртісі» мамандығын тәмамдаған Айнұр Абдрахманова актер болуды мақсат етпеген. Дегенмен өмірін өнермен байланыстыру ішкі түйсігі болатын.

– Кішкентайымнан музыкалық мектепте оқыдым, қылқобызда ойнап, хорда ән де шырқадым. Өмірімді өнерден бөлек елестеткен емеспін, осы салада болғым келетінін сезетінмін. 11-сыныпта Айгүл Иманбаеваның шеберханасына барып, бағымды сынап көрдім, – дейді жас маман.
Айнұр ол жерде төрт айлық курстан өтіп, К.Байсейітова атындағы қазақ ұлттық өнер университетіне грантпен оқуға түседі. Университеттегі оқу оңай болмағанын жасырмайды, алайда өзін мықты өнерлі ортаның ішінде шыңдай білді.
– Ұстазымыз Жанқалыбек Төленбаев студенттерді бөліп-жармай, әрқайсымызға сенім артып, адами құндылықтар қағидасын құйып өсірді. Сол кісінің арқасында тобымыз өте тату болды. Дипломдық спектакльдерді жақсы деңгейде алып шықтық. Тіпті сол қойылымдармен гастрольге шығу туралы ұсыныстар да болды, – деп еске алады ол.
Қостанайдағы қазақ драма театрында Айнұр «Шоқан» спектаклінде Катерина рөлін сомдап, қалың көрермен алдына шықты. Бұл қойылым оның үлкен театрдағы алғашқы жұмысы ғана емес, кәсіби тұрғыда өсіп, сахна заңдылықтарын терең түсінуге жол ашқан маңызды кезең болды. Ал Катерина образы актриса үшін ерекше мәнге ие болды.
– Катерина – Шоқанға ғашық болған орыс қызы. Бұл рөлді ойнау үшін тек мәтінді жаттау аз, адам ғашық болғанда қандай күй кешеді, неге дәл сол адамды сүйеді – соның бәрін саралау керек. Кейіпкерді зерттеген сайын оған деген махаббат та пайда болады. Сондықтан Катерина мен үшін өте ыстық образ, – дейді жас әртіс.
Айтуынша, үлкен сахнадағы алғашқы спектакльде рөл сомдау ерекше сезім сыйлаған. Сахна сыртындағы қарбалас, гримеркадағы дайындық, алғаш рет өзіне арнап тігілген костюмді кию жас актриса үшін кәсіби жолдың басталғанын сездірді. Театрдағы тәжірибелі аға-апаларының кеңесі, костюмерлер мен реквизитшілердің мейірімі де бұл әсерді еселей түскен. Сол сәттер Айнұрдың театрға деген жауапкершілігін арттырып, сахнаға деген сүйіспеншілігін бұрынғыдан да күшейте түскен.

Бүгінде жас маман театр репертуарымен танысып, жаңа қойылымдарға дайындық үстінде. Қазір Айнұр «Ай тұтылған түн», «Ана – Жер Ана» қойылымына қосалқы құрамда қатысып жүр.
Аяулым: таңдаудан туған шығармашылық белес
Аяулым Ақмырза – Амангелді ауданы, Үрпек ауылының тумасы. Жоғары оқ орнының соңғы курсында Өскемен театрында жұмыс істеп, кәсіби сахнамен ертерек танысқан. Ал диплом алған соң оның алдында екі таңдау тұрды: Өскеменде үйренген өнер ортасында қалу немесе туған өңіріне оралу.
Шешімді қабылдар алдында Аяулым ұстазы Жанқалыбек Төленбаевпен ақылдасқанын айтады.

– Ағайым театр үш буыннан тұрады деді: үлкен, орта және жас буын. Осы үшеуі толық болғанда ғана театр– нағыз шынайы өнер ордасына айналады. Үлкені бар жерге бар, олармен жұмыс істеу – бөлек мектеп деді. Сол сөз мені Қостанайға алып келді, – дейді жас актриса.
Оның да Қостанай сахнасындағы алғашқы жұмысы «Шоқан» спектаклімен басталды. Режиссер Бәзіл Сұлтанғазы ең алдымен актерлерге этюдтар жасатып, олардың табиғатын сырттай бақылаған. Ал рөлдер бөлінген сәт аса толғанысты болғанын еске алады.

– Айжан рөлі маған тигенде денем мұздап, бойыма бірден қорқыныш ұялады. Шоқан ғашық болған қыз қандай болуы керек? Сол образды көрерменге жеткізе алам ба деп қатты уайымдадым. Оның үстіне режиссер бұл образ арқылы қазақ әйелінің даналығын, отбасы үшін өзін екінші орынға қоятын қасиетін көрсеткім келеді деді, – дейді Аяулым. – Режиссер қойған міндеттерді орындау үшін театрдағы үлкен апайлармен де ұзақ кеңестім. Көп жұмыс жасалды. Кейіпкердің жай-күйін, махаббаттан бас тартқан сәттегі ішкі сезімін шығару өте қиын болғанын жасыра алмаймын. Бірақ премьера көптің көңілінен шыққан сыңайлы.
Аяулым үшін бұл рөл – үлкен жауапкершілікпен қатар, актерлік ізденіске жол ашқан тәжірибе. Кейіпкердің ішкі жан дүниесін түсініп, тарихи тұлғамен байланысын сезіну жас актрисаның кәсіби өсуіне ықпал етіп, өзіне деген сенім де берген. Бүгінде ол жаңа шығармашылық процестерді асыға күтеді.
– Қазір сол сияқты терең рөлдерді, ауыр процестерді күтіп жүрміз. Тезірек режиссер келіп, дайындық басталса екен дейміз. Себебі дәл осындай сәттер өнер адамдарын өсіреді, – дейді театрдың жас буын өкілі.
Қатар басталған жол, ортақ сахна
Айнұр мен Аяулым төрт жыл бойы университет қабырғасында бірге оқып, өнер жолындағы алғашқы белестерін қатар еңсерген. Бойжеткендер білім ала жүріп, елордадағы «Жан» иммерсивті театрында өнерлерін ұштады. Аталған шығармашылық ұжымның қалыптасуына атсалысып, оны құрушылардың бірі болды деуге болады. Студенттік жылдары театр құрамымен гастрольдік сапарларға шығып, кәсіби тәжірибелерін де кеңейткен.
Қостанайға да бірге келіп, жаңа театрдағы шығармашылық өмірді қатар бастады. Жас актрисалардың айтуынша, жаңа ортаға бейімделуіне театрдағы үлкен буынның аналық қамқорлығы зор болған.
– Келген бетімізде театрда Зәмзәгүл апай қарсы алды. Бетімізден сүйіп, «жас қыздар келді» деп ерекше ықылас танытты. Үйлеріне қонаққа да шақырып, жатсындырған жоқ. «Шоқан» спектакліне дайындық кезінде түнгі екіге дейін репетицияда жүрген кездеріміз болды, сондай сәттерде апайлар үйден тамақ дайындап әкеліп, гримеркаға шақыратын. Кейде әшекейлерін сыйлап, кем-кетігімізді түгендеп, бізге шын мәнінде аналық мейірідерін көрсетті», – дейді жас қыздар.
Осы қамқорлық пен қолдауды Айнұр мен Аяулым өздерінің шығармашылық жолындағы үлкен демеу деп бағалайды.
Бүгінгі жас актерлер – театрдың ертеңі. Олардың ізденісі, арманы мен сахнаға деген адалдығы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық тынысын кеңейтуге жол ашады деп сенеміз.
Назгүл Азатқызы
Суреттерді І.Омаров атындағы
қазақ драма театры ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
