Культура

Облыстық қуыршақ театры қазақ тілінде сөйлейді

Қараша мен желтоқсан айларында Қостанай облыстық қуыршақ театрында қазақ труппасы толыққанды жұмысын бастады. Бұл театр тарихында айрықша орын алатын оқиға.

Қазақ труппасының негізін қалау оңай шаруа емес еді. Алайда театр басшысы Төленді Әлқожа бастаған ұжым бұл мақсатқа үлкен еңбек пен жігер арқылы қол жеткізді. Қараша айының басында Алматы қаласынан келген мамандар қуыршақ театрының әртістері мен көркемдік жетекшілері жаңа құрамды жасақтауға кірісті. Олардың арасында қазақ театрында еңбек етіп жүрген кәсіби әртістер Нұрлыбек Кенжеахмет пен Нұрлан Байшин де бар. Бұған қоса, Балқаш өңірінен келген талантты әртіс Ғабит Қызыров та қазақ труппасының қатарына қосылды. Осындай бірегей құраммен жұмыс бастаған труппа аз уақыт ішінде алғашқы нәтижелерге қол жеткізді.

Қазақ труппасының алғашқы қойылымы «Менің досым жел». Бұл қойылым қазақ тіліне аударылып, көрермендерге ұсынылды. Қойылым қала мектептерінде, сондайақ театр сахнасында көрсетіліп, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Жаңа жыл қарсаңында қазақ тілінде балаларға арналған ертегілер қойылып, балалардың жүрегінен ерекше орын алды. Тек екі айдың ішінде қазақ тілінде үш қойылым сахналанды. Бұл ұжымның қазақ тілінде сапалы театр өнерін дамытудағы алғашқы қадамдары ғана. Алдағы уақытта орыс тіліндегі қойылымдар қазақ тіліне аударылып, көрермендерге ұсынылады. Әсіресе 2025 жылы бірнеше жаңа қойылым дайындау жоспарда бар, деді Облыстық қуыршақ театрының басшысы Төленді Әлқожа.

Театр басшысының айтуынша, қойылымдар тек ойынсауықтық бағытта емес, тәрбиелік мақсатта да ұсынылады. Әрбір қойылым арқылы балаларға қазақ тілінің маңызын жеткізу, олардың қазақша сөйлеуге қызығушылығын арттыру көзделген. Театр балаларға тіл арқылы ұлттық құндылықтарды жеткізуге тырысуда.

Қазақ труппасын құруда түрлі кедергілер кездескен. Әсіресе Алматы мен Астана қалаларында тұратын кәсіби мамандарды Қостанайға жұмыс істеуге шақыру оңай болған жоқ. Алайда Төленді Әлқожаның тынымсыз келіссөздері нәтижесін берді. Ол әртістерге Қостанай қаласына келудің маңыздылығын, қазақ труппасын ашудың тарихи маңызын, бұл бастаманың театр тарихындағы үлкен өзгеріс болатынын түсіндірді.

Сіздер осы труппаның негізін қалаушылар ретінде тарихта қаласыздар. Қазақ театрын жаңғыртуға үлес қосып, балаларға ана тіліміздің құндылығын насихаттайсыздар, деп театр басшысы әртістерді сендіріп, олардың келуіне ықпал етті.

Бұл мәселеде қала әкімі Марат Жүндібаевтың қолдауы ерекше рөл атқарды. Театрға мамандар шақыру үшін баспана мәселесі шешілді. Әкімшілік тарапынан екі пәтер бөлініп, сырттан келген мамандарға қолдау көрсетілді.

Қазақ труппасының алдағы жоспарлары ауқымды. 2025 жылы балаларға арналған жеті жаңа қойылым дайындау жоспарлануда. Қаңтар айында Грузиядан келетін көркемдік жетекшімен бірге «Буллинг» тақырыбындағы қойылым әзірленіп, ақпан айында сахнаға шығарылады. Наурыз мейрамына орай «Әз Наурыз» қойылымы дайындалады. Ал жаз мезгілінде қазақы нақыштағы қойылымдар шетелдік мамандардың қатысуымен ұсынылады.

Күзге қарай театрдың 40 жылдық мерейтойы өтеді. Бұл ерекше күн аясында халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі ұйымдастырылады. Театр ұжымы бұл фестивальге жоғары деңгейде дайындалып, Қостанайдың атын республикалық және халықаралық деңгейде танытуды мақсат етіп отыр.

Қазақ труппасының құрылуы қуыршақ театрының жаңа белестерді бағындыруға деген сенімді қадамы. Ұжымның қажырлы еңбегі мен үлкен жоспарлары театр өнерінің келешегін жарқын ететіні сөзсіз.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,

суреттерді ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77