Өткен аптада жыл қорытындысы жасалып, Астанада ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен «Алтын тұғыр» жүлдесінің он жылдық мерейтойы аясында ұлттық спорт түрлері бойынша үздік спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталды
Жиынға Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, сондай-ақ ҚР Парламентінің депутаттары мен көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты. Салтанатты кешке Қазақстанның барлық аймақтарынан спорт федерацияларының басшылары, спортшылар, жаттықтырушылар мен ұлттық спорт жанкүйерлері де қатысқан.
Салтанатты жиын ерекше форматта өтті. Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бұрыштар ұйымдастырылып, қатысушылар «көк кілем» үстімен жүріп өтті. Аталмыш іс-шараға облысымыздың намысын қорғап жүрген Аяулым Аппазова қатысты. Республикалық деңгейдегі жыл қорытындысы «Алтын тұғыр – 2023» іс-шарасының иегерлерінің ішінде нәзік жандылар қатарынан жалғыз бір өзі табылған біздің оқытушы-жаттықтырушымыз болды. Ол «Дәстүрлі садақ ату» номинациясы бойынша марапатталып, 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды.
«2024 жылы біз барша қазақстандықтарды салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге деген құрметпен бірге ұлттық спорт түрлерімен белсенді айналысуға шақырамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанда ұлттық спорттың жүйелі дамуын қолдайды. Президент бастамасымен келесі жылы Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Осындай шаралардың арқасында елімізде ұлттық спортпен шұғылданатын қазақстандықтардың саны жыл сайын артып келеді. Біздің қауымдастық өз тарапымыздан ұлттық спорт түрлерін дамытып, кеңінен насихаттауды жалғастыра береді», – деп атап өтті Исламбек Салжанов.
2023 жылы он номинация «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері ішінде «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату» , «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ ату» , «Асық ату», «JORYQ» болды.
– Аталмыш іс-шараға шақырту алып, үлкен сахнада еңбегімнің бағаланып жатқанына өте қуаныштымын. Мен бала күнімнен ұлттық спортқа жақын өскендіктен болар, бүгінде осы саланы жаныма серік еттім. Қазіргі күні шәкірт тәрбиелеп отырған жаттықтырушы болғанымды мақтан тұтамын. Кез келген жеңістің артында үлкен еңбек жатады, – дейді Аяулым Аппазова.
Іс-шараны Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап кәсіпкер және меценат Исламбек Салжанов Қауымдастық Президенті болып тағайындалды. Салтанатты іс-шара «Amanat» партиясы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті ұсынған
Аяулым АППАЗОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77