Біздің Қостанай В ритме города

Қобыланды батыр даңғылы: тарихы, бүгінгі күні және болашағы

Қобыланды батыр даңғылы – Қостанай қаласының ең ерекше және дамыған көшелерінің бірі

Оның ұзындығы Абай, Қайырбеков немесе Баймағамбетов көшелерінен кем түспегенімен, маңыздылығы айрықша. Бұл жерде қаланың негізгі инфрақұрылымы, өндіріс орындары, оқу орындары мен тұрғын үйлер тығыз орналасқан.

Қазіргі Қобыланды батыр даңғылы бұрын Александр Герценнің есімімен аталған. 1958 жылы көшеге бұл атау беріліп, аймақтың индустрияландыру кезеңінде белсенді даму басталды. 1960 жылдардың соңында камболды мата комбинатының құрылысы даңғылды өзгертудің негізі болды. Бұл кәсіпорынның айналасында көпқабатты үйлер, мәдениет және денсаулық сақтау нысандары бой көтеріп, аймақ қала тұрғындары үшін тартымды аудандардың біріне айналды. 2016 жылы Қобыланды батыр даңғылы болып өзгертілді.

Қобыланды батыр, толық аты Қарақыпшақ Қобыланды, XV ғасырда өмір сүрген халық батыры, қолбасшы және қазақ халқының ұлттық тарихындағы маңызды тұлғалардың бірі. Ол Қыпшақ тайпасының қарақыпшақ тармағынан шыққан. Қобыланды батыр тек эпостық кейіпкер емес, ол шынайы тарихи тұлға болғаны дәлелденген. XV ғасырда Дешті Қыпшақ даласында билік үшін болған үздіксіз күрестер Қобыланды батырдың есімін тарихта қалдырды. Ол заманда қазақ даласы саяси және әскери қақтығыстарға толы болғандықтан, батырдың қолбасшылық қасиеттері ерекше маңызды рөл атқарған. Қобыланды батырдың өмірі мен ерліктері қазақ халқының бірлігі мен еркіндік үшін күресінің нышаны болып табылады. Оның есімі Қостанай облысындағы көшеге беріліп, батырдың ескерткіші орнатылды. Бұл оның қазақ қоғамындағы тарихи және мәдени маңыздылығын көрсетеді. Қобыланды батыр – халық жадында мәңгі сақталып қалған тұлға.

90-жылдардағы экономикалық дағдарыс көшенің дамуын баяулатса да, 2000 жылдары аймақ қайта өркендей бастады. Босап қалған пәтерлерге жаңа тұрғындар қоныстанып, кәсіпорындар жекешелендірілді. 2013 жылы көшені жаңарту жұмыстары жүргізіліп, ол үш жолақты кең жолдарымен және жаңа асфальт жабындысымен қаладағы ең заманауи көшелердің біріне айналды. Сонымен қатар бұл жерде Жастар алаңы орналасқан. Ол 2013 жылы 8 маусымда ресми түрде ашылды. Қазір жастар көп шоғырланатын жерлердің бірі.

Қобыланды батыр даңғылының бүгінгі келбеті – қарқынды дамудың айқын мысалы. Даңғыл бойындағы көпқабатты үйлер, жаңа салынған заманауи ғимараттар, дүкендер мен мейрамханалар, сондай-ақ оқу орындары бұл аймақты өз алдына бір ерекше шағын қалаға айналдырды. Мұнда бірнеше мектеп, колледж және жоғары оқу орны жұмыс істейді. Бұл студенттер мен оқушыларға білім алуға, ал тұрғындарға толыққанды өмір сүруге барлық жағдай жасалған.

– Мен бұл көшеде 15 жылдан бері тұрып келемін. Соңғы жылдары мұнда нағыз өзгерістер орын алды. Біздің аймақ қазір барлық жағынан ыңғайлы – мектептер, колледж, университет бар, сондай-ақ дүкендер мен шеберханаларға да жақын. Қала орталығына тез жетуге болады, бұл да үлкен артықшылық, – дейді осы көшенің тұрғыны Айгүл Мұратова.

Түрлі кәсіпорындарға толы даңғыл деп те айта аламыз.

– Қобыланды батыр даңғылы – бизнес үшін тамаша орын. Мұнда әрдайым адамдар көп, дүкендеріміз бен шеберханаларымыз жақсы жұмыс істейді. Мен үшін бұл даңғыл тек сауда орны ғана емес, сонымен бірге тұрмысқа қолайлы аймақ, – дейді жергілікті кәсіпкер Ерлан Тасболатұлы.

Қобыланды батыр даңғылы бүгінгі таңда тек көлік қозғалысы үшін маңызды жол ғана емес, сонымен бірге тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыратын аймақ ретінде де маңыздылыққа ие. Жаңа құрылыс жобалары, көлік қатынасының қолайлылығы және кәсіпкерлік орталықтардың ашылуы даңғылды одан әрі жандандыра түсуде.

Бұл көше Қостанай қаласының тарихы мен болашағының символы болып, тұрғындарына толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретін аймаққа айналды. Жаңарып, дамып келе жатқан даңғыл Қостанайдың келбетіне өз үлесін қосып қана қоймай, қала тұрғындарының өмірін жақсартып келеді.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77