Әлеуметтік желіде танымал әнші Қайрат Нұртасқа ұқсастығымен жұртты таң қалдырған жігіт ел назарын өзіне аударды. «Бұл кім?», «Қайраттың егізі», «Керемет ұқсастық» деген пікірлер желіде тараған сәттен бастап, бірер күнде жұртшылық қызығушылығы күрт өсті. Күтпеген жерден ел талқысына түсіп, сырт келбетімен көпшілікті елең еткізген бейнедегі бейтаныс жігіттің есімі – Олжас.
Танымал әншінің айнымас бейнесіндей ұқсастығы, әлеуметтік желідегі қызу талқы тіпті оны республикалық телеэфирге жеткізді – еліміздегі белгілі телешоу редакторлары бірден назар аударып, Олжасқа арнайы шақырту жолдаған.

– Евразия арнасынан хабарласып «Көреміз» бағдарламасына қатысуға шақырту түсті, ұшу билеттері мен қонақүй шығындарының бәрін телеарна толықтай өздері өтейтінін айтты. Ұсынысты қабылдап, келіншегімді қасыма алып, Алматыға жол тарттық. Аэропортқа қонған сәтте-ақ арна қызметкерлері қарсы алып, орналастырып, грим жасап, шашымызды реттеп эфирге дайындап шығарды. Шынымды айтсам, бір күнге болса да, өзімді кәдімгі жұлдыздарша сезініп көрдім. Бұған дейін тіпті самолетке де отырып көрмеген қарапайым ауыл баласымын, – деп жымияды Олжас.

Олжас Ілиясов – Арқалық өңірінің тумасы, отбасында 2 ағайынды. Жанұясының барлығы – мемлекеттік қызметтің айналасында еңбек етіп жүрген жандар. Әкесі мен анасы да ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте. Өзі – электрші. Ал інісі мен келіншегі медицина саласының мамандары. Ең қызығы – оның ұлының есімі Нұртас. Желіде «Қайратқа ұқсайды» деген сөздерден кейін, көпшілік бұл сәйкестікті де әзілге айналдырып, «Тіпті баласының аты да әншімен үндес екен» деп таңданысын жасырмайды.
– Бұл жайтты естігенде студия жүргізушілері де таң қалды. Есімін әншіге байланыстырып қойған жоқпыз, әдемі, мәні терең ат болған соң ұнатып, атасы «нұры тасысын» деген ниетпен бекіткен еді. Енді міне, өмірдің өзі осы есімді тағы еске салып тұрғандай. Әрине, танымал адамға ұқсау – көңіл қуантады. Оның үстіне елдегі нөмірі бірінші хитменге ұқсас болу бір жағынан қызық, бір жағынан жауапкершілік. Бұл шақыртуды тек танымалдық емес, өзімізді дамытуға, шабыт алуға мүмкіндік деп қарадық, – деп өз ойымен бөлісті келіншегі Гүлдана.

Олжастың Қайрат Нұртасқа ұқсайтынын алғаш байқаған да өзі емес. 2008 жылы студент атанған кезде, жаңа ортаға барған жас жігітті көп адам бірден әншіге ұқсатып бастаған. Кейде достары «Қайрат Нұртас келе жатыр» деп әзілдеп, жақын таныстары тіпті суретке түсуге сұрайтын кездер де болған.

– «Қайрат Нұртас деген кім?» деп сұрағанымда, балам «Арман» әнін айтатын әнші екенін түсіндірген еді. Ол кезде осы ән хит болатын, сүйіп тыңдайтынбыз. «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, баламның халық алдында жүрген адамға бой түзеуі оның өзін дамытуға ықпал етеді деген ойдамын, – дейді анасы Бақыткүл Ілиясова.
Ол кезде әншімен ұқсастығы жайлы айналасындағылар ғана айтып жүретін. Кейін әлеуметтік желілердің танымалдығы арта бастаған сәтте, Олжас Қайрат Нұртастың әндеріне шағын пародиялар түсіріп, оны TikTok желісіне жүктепті. Бейнежазбалар күтпеген жерден тез тарап, мыңдаған қаралым жинап, түрлі парақшада оның сырт келбетімен қатар, іс-қимылына дейін ұқсайтындығы жайлы пікірлер жазыла бастаған.

– Парақшамда негізінен достарым мен туыстарым ғана болатын. Шынымды айтсам, қызық көріп, өзімнің аздаған оқырмандарым үшін ғана салған болатынмын. Бейнероликтер кеңінен таралып кетеді, эфирге шақырады деп еш ойлаған емеспін. Сүйтіп алғаш рет 2022 жылы КТК арнасындағы «Астарлы ақиқат» бағдарламасынан хабарласты. Ол бағдарламада белгілі журналист Дина Төлепбергенмен кездесіп, өнердегі көптеген азаматтармен таныстым. Ұқсастығымның ең үлкен пайдасы да осы болар – қаншама жақсы адамдармен жолығып, әңгімелесуге мүмкіндік алдым, – деп бөлісті әншінің «егізі».
Жас жігіттің айтуынша, соңғы күндері өзіне келіп жатқан хабарламалар, құттықтаулар, таныс-таныс емес жандардың жылы сөздері күнделікті өмірін түбегейлі өзгертпесе де, көңілге ерекше әсер қалдырған. Желіде басталған қызығушылық, эфирге дейінгі жол, күтпеген танымалдық – бәрі де есте қалар ерекше жылы кезең екенін айтады.

– Мен танымалдыққа ие болатындай әнші, биші немесе батыр емеспін, күнделікті жұмысына барып, кешке отбасына қайтатын қарапайым жігітпін. Бірақ мына жағдай маған адамдардың қаншалық жақсылыққа жаны құмар екенін көрсетті, – дейді ол.

Қазір Олжастың TikTok желісіндегі бейнежазбалары 1 млн астам қаралым жинап, оқырмандарының саны артуда. Желі қолданушылары «Қайрат Нұртастың сыңары» деп атап та үлгерді. Олжас үшін бұл – өміріндегі тосын, әдемі естеліктердің бірі болып қалатыны сөзсіз.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
