Біздің Қостанай В ритме города

Қолөнер саласын жаңа қырынан танытып келе жатқан шебер

Қазақ халқы қашанда өнерден құр алақан емес соның ішінде ерекше бағаланатыны қолөнер саласы. Ал бүгінде сол бағытты жаңаша қырынан танытып келе жатқан жастардың қатары артып келеді

Қолы алтын, он саусағынан өнер тамған тігіншілердің бірі қаламыздың тұрғыны Анар Уайсова. Ол той-томалақтың сәнін келтіретін жоралғылардың бірі саналатын дорба, тойбастар сияқты заттарды жаңа қырынан танытуда. Бір сөзбен айтқанда Анар мата мен қағаздың түр-түрімен жұмыс істейді.
Анардың тігіншілік кәсібінің арқасында нәпақасын тауып отыр. Негізгі мамандығы заңгер, бала күтімімен үйде отырғандықтан бос уақытын құр өткізбей қолөнермен айналысуға бет бұрған. Анар тігін саласына бала кезінен қызығушылық танытқан екен. Оның бұл іске деген сүйіспеншілігін оятқан әжесі Дыбыс деген кісі екен. Ол уағында құрақ көрпе, түрлі киімдер тіккен. Осыны көріп өскен Анар кішкентайынан қолөнер саласына жақын өскенін айтады.

– Кішкентай күнінде той-жиындарда дорба ашып, үлкендер жағы мәз-мәйрам болып жатқанын көретінмін. Бұл адамдарға сондай бір қуаныш эмоциясын сыйлайтынын байқайтынмын. Міне, осы көрністер көз алдымда қалыпты. Қазір бала күтімі бойынша үйде отырғандықтан, қолымнан іс келген соң неге осы дорба тігу, кәрзеңке жасау идеясын қолға аламасқа деп ойладым. Бір жағынан адамдарға қуаныш сыйлаймын деп шешім қабылдадым. Осылай өз ойымдағы туындыларды жасау үшін қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Өз ортам арқылы алғашқы тапсырыс берушілер де бола бастады. Кейін әлеуметтік желіден toe_bitpesin.kst парақшасын ашып қолымнан шыққан заттардың суретін сала бастадым. Бұл оқырмандар өз бағасын берсін деген ниетте жасалды. Жолдасым да менің қызығушылығымды қолдап, қазір тапсырыстарды иелеріне жеткізіп беруге көмегін беруде, – деді Анар Уайсова.

Шебердің алдағы уақытта алдына қойған мақсаты зор. Ендігі кезекте өз ісін дамытуды қолға алуды көздеуде. Яғни, дорба, қалта, кәрзеңкелерді түрлі дизайнда жасаумен қатар оның ішіне салынатын заттар топтамасының да қатарын көбейтіп, тұтынушыларға кең таңдау ұсынбақшы.

Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті ұсынған
Анар УАЙСОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77