Біздің Қостанай Социум

Қолөнерді ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап отырған Рыскүл Жангелдина

Қазақ ұрпағымен мақтанады, мәңгі жасайды. Үлгілі отбасының қашанда тірегі әке, жылу таратары ана екені сөзсіз. Сондай жандардың бірі, жүрген өмір жолы өнеге, еңбегі зор – Тұрымжановтар отбасы

Бүгінде отанасы Рыскүл апамыз 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, 11 немере, 8 шөбере сүйіп отыр. Марқұм Құрманғали ағамызбен отыз жылдан астам бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешкен екен. Үлгілі шаңырақ өзгелерге өнеге болып, еңбек сүйгіштігінің арқасында ерлі-зайыптылар мақтаулы маман, өнегелі ата-ана атанды. Әсіресе, Құрманғали ағамыз зоотехник болып еңбек етіп, отбасымен талай совхозды аралаған екен. Өмірдің сынақ сәттерінен сүрінбей өтіп, халық үшін қалтқысыз қызмет еткен жан.

– Мен тұрмысқа шыққанда он тоғыз жаста едім. Тұрымжановтар отбасына келін болып түстім. Жолдасымның ата-анасы мен аға-жеңгесімен бір шаңырақ астында тұрдық. Олар ол кезде Қызыләскер ауылында тұратын. Өзім сол Торғай жерінің Қызбел совхозына қарасты Құмшық деген бөлімшеде туып- өстім. Бір үйдің жалғыз қызы едім. Менен үлкені ағам ғана еді. Мен ата-анамның еркелетіп өсірген қызы болсам да, үй жұмысына үйреніп кеттім. Қолымнан келмейді демедім. Кейін еншімізді алып бөлек шықтық. 1980 жылдар еді, ол кезде үш баламыз бар. Жолдасымды «Родник» деген совхозға жұмыс бабымен парторог етіп сайлады. Балаларды өсіріп жүріп, жұмыс істедім. Фельдшер, медбике де болдым, – дейді Рыскүл апа.

Қазір мерейлі отбасының әр перзенті бір-бір әулет. Отбасының ұлдары әскери қызметкерлер мен жауапты қызметте. Үлкен қызы Гүлшат фельдшер, кіші қызы Гүлжан жеке кәсіпкер. Рыскүл апай ортаншы ұлы Мәлік пен келіні Әсемгүлдің қолында. Келіні Әсемгүл де енесінің жағдайын жасап, отбасының берекесін келтіріп отырған жан. Рыскүл апай жастайынан қолөнермен айналысып келе жатқанын да естіп, ол жайында өз аузынан естуді жөн көрдік. Бүгінде құрақ-құрап, кілем тоқу деген көненің көзіне айналып бара жатқаны белгілі. Ал, апамыз осы өнерді ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап отырған алтын құрсақты ана.

– Өнерлінің қолы ортақ дегендей, осы қолөнерімнің арқасында талай кілем тоқыдым. Бұл өнер бала күнімдегі қызығушылығымнан бастау алды деп ойлаймын. 1957 жылы ағам Алматыдан оқуын аяқтап келіп жұмыс бабымен Амангелді ауданының, Қайыңды совхозына жұмысқа жіберілді. Біз де отбасымызбен ағамызға еріп сол жаққа көшіп бардық. Ол кезде мен он жастағы баламын. Сол жылы ауылға басқа жақтан адамдар келіп кілем тоқып бастадық. Біз баламыз қызығып қарап жүреміз. Сол жерде алғаш рет қолымызға жіп алып кілем тоқып үйрене бастадым. Кейін мектеп қабырғасында оқып жүргенде жаз айында бірнеше кілемді еш қиналмастан тоқып тастайтынбыз. Қарап отырсам балаларымның бәріне бір-бір кілем тоқып беріппін. Ол кезде кілем кімге арналып тоқылса соның аты жазылып, жылды жазып тоқу сол кездің сәні еді. Соңғы рет 1995 жылы кіші қызыма арнап кілем тоқыған екенмін. Міне, араға отыз жыл салып қызымның қолқа салуымен немереме арнап былтырғы жылы кілем тоқып бердім. Әдемі, көлемді кілем шықты. Бұрындары бір отар қойдың жүнін дайындап, иіріп, бояп кілем тоқуға үлкен дайындық жасау керек болатын. Қазір дайын жіптер көп. Осы жолы біз түрік елінен шыққан жіптен тоқыдық. Араға уақыт сала отыра 2-3 айдың көлемінде аяқтап шықтым. Қызым мен немерелерім де қызығушылық танытып, қол ұштарын берді.

Қазір бос уақытта құрақ құрап, немерелеріме жасауын дайындаймын. Осы қолымнан келетін істі немере-шөберелерім игеріп алса деймін, – дейді Рыскүл апай.

Үйдің ырысы, шаңырағының шаттығы болған Рыскүл Хамзақызынан жастардың үйренері көп. Отбасындағы ерекше сыйластық, жас буынға ой саларлық тағылымдары, ғибраты мол әңгімелері отбасыларына үлгі боларлықтай. Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, мерейі тасыған Тұрымжановтар отбасына қандай мақтау айтса да жарасады.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
суретті ұсынған Тұрымжановтар отбасы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77