Біздің Қостанай ЖКХ

Омар Досжанов көшесі — инфрақұрылымы дамыған, тұрғындары разы, болашағы зор аймақтардың бірі

Қала көшелері жобасының кезекті шығарылымында Қостанай қаласының оңтүстік бөлігінде орналасқан, тарихи маңызы бар Омар Досжанов көшесі туралы сөз қозғаймыз. Бұл көше – қала тұрғындары үшін тек қатынас жолы ғана емес, Отан үшін күрескен, халқына адал қызмет еткен ардақты тұлғаның есімін ұлықтаудың бір көрінісі.

Омар Досжанов – ХХ ғасырдың басындағы қазақтың алғашқы революционерлерінің бірі. Ол 1917 жылдан бастап большевиктер қатарында қызмет етіп, елінің тәуелсіздігі мен әлеуметтік теңдігі үшін күрескен. 1918 жылы ақгвардияшылардың қолынан қаза тапқан. Оның есімі Қостанайдағы бұрынғы Иргизская, кейін Қазақ көшесі болып аталып келген көше атауына 1957 жылы берілген. Бүгінде бұл көше – халық көп шоғырланған, тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандар қатар орналасқан үлкен аумақ.

Көше бойында жаңа тұрғын үйлермен қатар, түрлі сауда нүктелері, дәріханалар, сұлулық салондары, дәмханалар мен автосалондар бар. Сонымен қатар, «Қазгидромет» мекемесі мен балаларға арналған шахмат академиясы да осы көшеде орналасқан. Академия балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін, танымдық орталыққа айналып отыр.

Тұрғындар үшін ең басты артықшылықтардың бірі – көше бойымен жүретін қоғамдық көлік желісі. Мұнда №3, №27 және №108 бағытындағы автобустар тұрақты қатынап, қала орталығына жетуді едәуір жеңілдетеді. Бұл жайында көше тұрғыны, студент Аян Ибрагимов былай дейді:

– Мен осы көшеде туып-өстім. Мұнда бәрі қолжетімді: дүкендер жақын, автобустар жиі жүреді. Жастар үшін дәмханалар да жеткілікті. Сабаққа да, жұмысқа да тез жетіп аламын. Жалпы, ыңғайлы көше.

Көшеде серуендеп жүріп, жаңадан салынып жатқан немесе сырты жөнделіп жатқан үйлерді де байқауға болады. Қазіргі таңда үйлердің сыртын қаптау жұмыстары жүргізілуде. Бұл – қаланың көркін арттыруға бағытталған игі істердің бірі. Сонымен қатар, көше бойындағы кейбір ескі ғимараттар көзге түседі. Бұрынғы өндірістік нысандардың қаңырап бос тұрғаны белгілі. Алайда, тұрғындар бұл жерлердің болашағына үмітпен қарайды.

Көпбалалы ана Ләззат Әбдірахманова:

– Бұл көшеде 10 жылдан астам уақыттан бері тұрамыз. Балаларға арналған ойын алаңдары бар, мектеп пен балабақша алыс емес. Кейбір жерлер ескі көрінгенімен, қауіпсіздік жағынан алаңдамаймыз. Көше жарығы жақсы, түнде де еркін жүруге болады. Егер бос тұрған ғимараттар балалар алаңына немесе спорттық кешенге айналдырылса, тіпті керемет болар еді, – дейді ол.

Жастар ғана емес, зейнет жасындағы тұрғындар да бұл көшеде тұруды қолайлы санайды. Зейнеткер Қуанышбек ақсақал өз ойын былай білдірді.

– Көшеде тыныш, бәрі бар. Дүкенге, дәріханаға бару үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Немерелерім шахмат академиясына барып жүр. Қала әкімдігі жолдарды жөндеп, көше тазалығын қадағалап отыр, – дейді қала тұрғыны.

Тұрғындармен әңгіме барысында біз әдеттегідей шағын сауалнама жүргіздік. Өкінішке қарай, көпшілік Омар Досжанов туралы нақты ақпарат біле бермейді. Бұл – жас ұрпаққа тарихи тұлғалар туралы кеңінен таныстыру, ағартушылық жұмыстарды күшейту қажеттігін көрсетеді. Көшеге ат берумен шектелмей, ол кісінің өмір жолы мен еңбегі туралы тақталар орнату немесе шағын ескерткіш қою – жастар үшін тағылымды іс болар еді.
Жалпы, Омар Досжанов көшесі – тарихи мәні терең, қазіргі заманға сай қалыптасып келе жатқан аймақ. Мұнда өмір сүру қолайлы, инфрақұрылым дамыған. Әрине, кейбір мәселелер бар – ескі үйлер мен бос тұрған ғимараттар. Алайда тұрғындар бұл жердің болашағына сенеді. Қала билігі тарапынан тиісті назар аударылып, жөндеу және абаттандыру жұмыстары жалғаса берсе, бұл көше Қостанайдың ең көрікті аудандарының біріне айналатыны сөзсіз.

Міне, Омар Досжанов есімі бұл көшеге берілгеніне 68 жыл болыпты. 1957 жылдан бастап Қостанай қаласының картасында осы атаумен белгілі болған көше бүгінде тек қозғалыс бағыты ғана емес, тарихи жадының бір бөлшегіне айналды. Уақыт өтсе де, көше өз атауын сақтап, сол арқылы өткен ғасырда ел үшін жанын қиған азаматтың есімін ұрпаққа жеткізіп келеді.

Омар Досжанов көшесі – жай ғана көше емес, халықтың жады, тарихпен үндескен орын. Қаншама ұрпақ осы көшеде өсіп-өркендеді, қаншама өзгерістер орын алды. Бірақ атау өзгермеді, себебі ол – тарихи әділеттілік пен құрметтің белгісі.

Бүгінде бұл көше бойында балалар ойнайтын алаңдар, тұрғындарға қызмет көрсететін мекемелер мен дүкендер орналасқан. Қаланың бір бөлігі жаңарып, дамып жатса да, көше атауы сол тарихи маңызын жойған емес. Бұл – халқымыздың өткенді ұмытпай, болашаққа аманат ете алатынының бір айғағы.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77