Біздің Қостанай

Қонақжайлық – қазақ халқының асыл қасиеттерінің бірі

Сан тағдырды тоқыстырған қазақ елінің тарихы талайға үлгі


Кезінде тағдырдың жазуымен Қазақстанға қоныс аударып, бүгінде болашағын қазақ елімен байланыстырып отырған қаншама өзге ұлт өкілдері бар. Солардың бірі – Қостанай қаласының тұрғыны Валентина Михальцова.

Аталмыш кейіпкеріміздің ата-анасының тағдыры ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келген. Атасы Кузьма мен әкесі Василий талай боздақтың өмірін қиған Украина жерін жау қолынан азат еткен шайқастарға қатысып, бірі қаза болса, екіншісі майданнан мүгедек болып оралады.

Валентина Васильевнаның айтуы бойынша, бір үйдің арқа сүйеп отырған әкелі-балалы Кузьма мен Василий бір мезетте соғысқа аттанғанда, артында қалған шиттей бала-шағасы мен анасы Марияға өте қиын болыпты. Ол кезде бұл отбасы қазіргі Украина мемлекетінің Запорожье қаласында тұрыпты.

«Фашистердің құрсауында қалған осынау қаланың тұрғындарының тағдыры сол кезде өте аянышты болды. Осынау аласапыран сәтте менің Мария әжем бала-шағасымен Қазақстан жеріне жаяу­-жалпылап келіп, Қостанай ауданының Красный Кардон ауылында тұрақтап қалады. Сол кезде басқа бір елден арып-ашып келген әжем мен бала-шағасын жергілікті тұрғындар құшақ жая қарсы алып, қолындағы барларымен бөлісіпті. Жергілікті қазақ отбасыларының кезінде жасаған қамқорлықтарын әжем ақырғы демі үзілгенше бізге үлгі-өнеге қылып, санамызға сіңіріп кетті. Ол кісінің өзі де жергілікті халықтың арасына сіңісіп кеткені соншалық, қазақ тілінде еркін сөйлеп, салт-дәстүрлерін жатқа білетін», – дейді Валентина Михальцова.

Кейін 1944 жылы кейіпкеріміздің әкесі Василий ауыр жарақат алуына байланысты анасы мен іні-қарындастары мекендеп жатқан Қостанай жеріне табан тірейді. Ол кезде соғыстан мүгедек болып келдім деп аспанға қарап жататын уақыт емес. Жаралы жауынгер еңбекке араласып, тылда тапжылмай жұмыс істепті.

Соғыстан соң қайнаған тіршіліктің ортасында жүрді. Осындай жұмыстармен көршілес Қазақстан ауылына барғанда анасы Анастасия Александровнамен танысып, отбасын құрады. Бұл 1947 жыл болатын. Үй болып, отау тіккен екі жас өзара келісе келіп, атамекендері Запорожье қаласына қоныс аударады. Бірақ, ол жерге барып тұрақ таба алмаған әкесі мен анасы тұңғыш ұлдары Петр дүниеге келген соң 1949 жылы Қостанай қаласына қайтып келеді. Содан бері осы шаһардың тұрғындары атанып, ұзақ жылдар бойы облыс орталығындағы құрылыс зауытында қызмет етеді. Аталмыш зауытта ағаш шебері мен сылақшы болып жұмыс істеген ерлі-зайыптылар 1 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсірді.

Ата-анасының тірісінде көз қуаныштарына айналған Валентина мен ғұмырлық серігі Владимир Петрович Михальцов 1 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 3 немере мен жиен сүйіп, тәтті қылықтарына сүйсініп отыр. Кейіпкеріміздің сүйіп қосылған жары Владимир Петровичтің әулетінің тарихының өзі жеке бір мақалаға жүк боларлықтай. Атап айтатын болсақ, 1937 жылы қылышынан қан тамған Сталиндік қуғын-сүргін кезінде тағдырдың жазуымен Ресейден келіп, Қостанай жерін тұрақтап қалған отағасына ата-анасының айтпаған біраз сырлары бар көрінеді.

Сондықтан да ол әке-шешесі Петр мен Розаның кезінде бастарынан өткізген қиындықтарын қайтып есіне түсіруге жүрексінеді. «Бар бақытымыз бен балалық шағымыздың қызықты дәурендерін бастан өткізген Қостанай қаласынан ыстық мекен жоқ. 100-ден астам ұлттың басын біріктіріп, бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан Қазақстанның азаматы болғанымызды мақтан етеміз. Сондай-ақ, біздің әулетіміз қиналған кездерде өзінде барды бөліп беріп, тумаса да туғанынан артық қамқорлық жасаған қазақ халқына мәңгілік қарыздармыз. Осынау кең пейіл елдің қонақжайлылығы қанына сіңген асыл қасиеттердің бірі», – дейді ерлі зайыпты Владимир мен Валентина Михальцовалар.

Мешіт Ғазиз


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77