Біздің Қостанай Социум

Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірхановпен сұхбат

Міне, қасиетті Рамазан айының басталғанына да біраз уақыт болып қалды. Облыс орталығындағы Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы да оған тыңғылықты әзірленіп, әрбір күнді шаһар тұрғындары үшін тағылымды етіп өткізуге ұмтылыс жасап жатыр. Күнделікті ауызашар ұйымдастырылып, кешке тарауих намаздары өткізілуде

Мен жуырда Бас имам, республикалық «Үздік қала имамы» байқауының жеңімпазы Шоқан қажы Әмірхановпен жолығып, Ораза кезінде және имандылық ордасындағы қайырымдылық, ұжымдағы ынтымақ-бірлік, жергілікті халыққа көрсетіліп жатқан басқа да қызметтер жайлы арнайы жолығып, әңгімелескен едім.

Бүгін осы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

– Өзіңіз басқаратын мешітте жыл сайын Рамазан айы ұйымшылдықпен өтетінін білеміз. Биыл да жан-жақты дайындықпен келіпсіздер. Оразада іскер азаматтар мен жамағаттар ауызашар беруге атсалысып жатқан болар?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ислам және адал қоғам» жылы аясында бекіткен бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында танымдық-тәрбиелік мәні жоғары қыруар жұмыстар қолға алынды.

Оразаның алғашқы күні Қостанай қаласындағы бір топ азаматтардың қолдауымен мешітте дастархан жайылып, ауызашар берілді. Оған өңірімізге белгілі тұлғалар, зиялы қауым өкілдері мен жамағат қатысты. Жұртшылық алдында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Серікбай Оспанов жыр шумақтарын оқыса, Халық ақыны Әсия Беркенова Оразаның қадір-қасиеті, оның адам баласына тигізер шарапаты мен шапағаты, бауырмалдыққа шақыратын ғибраты жайында өз ойын ортаға салды.

Көпшілікке Рамазан айының тағылымы хақында бейнефильм көрсетілді. Содан кейін Құран оқылып, есімі өңірімізге танымал ақсақал Серікбай Бисетаев бата берді. Имандылық ордасында сауабы мол ауызашар беру дәстүрі Ораза айының соңына дейін жалғасады. Биыл пітір садақа жан басына шаққанда 735 теңге болып бекітілді. Ал, 20 наурызда Ораза айты басталады.

– Рамазан айында қайырымдылық мақсатында да көпшілікке үлгі болар қаншама шаралар ұйымдастырылады. Өздеріңіз Оразаның өткен күндерінде бұл орайда қандай сауабы мол шаралар өткіздіңіздер. Осыған қысқаша тоқталып өтсеңіз?

– Қайырымдылық адам бойындағы ең асыл қасиет. Мұны менің әріптестерім жақсы түсінеді. Біз үнемі шаһардағы есімдері көпке танымал іскер азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Солар және жамағаттың қолдауының арқасында қаншама көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп келеміз.

Мысалы, Ораза басталғалы бері бес отбасына азық-түлік табыс етілді. Осы мақсатқа 100 мың теңге жұмсалды. Сонымен қатар өтініш білдірген кісілерге мүмкіндігіміз келгенше жәрдем береміз. Жуырда ғана баласын емдету үшін бір жанұяға 54 мың теңге көлемінде қаржы табыс етілді. Қолдан келсе қиналғандардың жанынан табылып, қуаныштарын бөліскенге не жетсін.

– Сөздің орайы келгенде көпшіліктің көңілінде жүрген мына жайға да жауап бере кетсеңіз. Жалпы, өзіңіз жетекшілік ететін қалалық мешіттің тарихына, яғни оны тұрғызған әулет жайлы да білгеніміз жөн болар.

-Менің түсінігімде, жалпы жағдайың болса мешіт тұрғызу, құдық қазу, көпір және жол салу – қайырлы әрі сауапты істердің қатарына жатады. Мысалы, Мұхаммед Пайғамбарымыз өз хадисінде: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» деген. Осы қағиданы басшылыққа алған Жайлаубаевтар әулеті қазіргі мешітті өз қаражатына салғызды.

Алайда, кезінде белгілі кәсіпкер, марқұм Төлеген Жайлаубаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қос тілегін білдіріпті. Оның бірі өздері тұрғызған мешітке атасы Жайлаубайдың есімін беру, екіншісі дін саласында мол тәжірибесі және жоғары біліктілігі бар азаматты басшылыққа тағайындау жөнінде.

Уақытында діни басқармадағылар оның бұл ұсынысын қабылдады. Сөйтіп, 2014 жылы 31 мамырда аталмыш мешіт салтанатты түрде ашылды. Оған сол кездегі Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы арнайы қатысты. Өз бұйрығымен мені Бас имам қызметіне тағайындап, батасын берді. Содан бері олардың сенімдерін ақтауға тырысып келемін. Әрине, оған бағаны беретін әрқашан да халық.

Сол кезден бері бұл имандылық ордасы діни басқарманың Қостанайдағы филиалы болып тіркелді. Аталған әулет қолдан келген көмегін беруден еш аянбайды. Тек өкініштісі, Төлеген ағамыз өмірден өтіп кетті.

Шәкіртсіз ұстаз тұл

– Біз өзіңіз басқаратын имандылық ордасында облыс көлемінде шәкірттер әзірлейтін екі айлық білімін жетілдіретін курс ашылғандығын білеміз. Осындағы ұстаздардан дәріс алатын талапкерлер тегін оқытылып, оны аяқтағанда арнайы сертификаттар тапсырылады екен. Сол жөнінде де қысқаша айтып берсеңіз?

-Әңгіменің орайы келгенде, сіздің сауалыңызға нақты жауап бере кетейін. Себебі, шәкірт дайындау мұндағы қызметкерлердің тындырып жатқан жұмыстарының бір парасы деуге әбден болады. Бәлкім, көзі қарақты оқырманның есінде болар, 2015 жылы мешіттің жанындағы қайырымдылық мекемесі есебінен екі айлық білім жетілдіру курсы қолға алынды.

Қазір қарап отырсақ, содан бері бес жүзден астам түлекке арнайы сертификаттар тапсырылыпты. Курс тыңдаушылары тек біздің Тобыл-Торғай өңірінен ғана емес, өзге де облыстардан келіп, діни сауаттарын көтеріп жатады. Ең бастысы, бітірушілердің тәлімгерлерге деген шынайы алғыстары шексіз.

Шәкірттерге наиб имам Бақберсін Ізбасаров, Әлібек қари Қылышбек дәріс береді. Аты-жөні аталған азаматтардың бірі – Әл -Азһар университетінің түлегі болса, екіншісі құранды жатқа біледі. Олар жамағат пен жерлестеріміздің арасында зор беделге ие болды. Ізденімпаз жандарды бәрі де құрмет тұтады.
Мешітке түскен қаржыдан аталмыш курс тыңдаушылары күніне үш мезгіл тегін тамақтанады. Оның сыртында салауатты өмір салтын қалыптастыруда түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылады. Таным көкжиектерін кеңейту мақсатында шаһардың көрікті жерлеріне, музейлерге саяхат жасайды.
Сонымен қатар діни рәсімдерді жетік меңгеру мақсатында арнайы тәжірибеден өтеді. Білімдерін барынша шыңдау үшін семинарларға қатысады. Бұлардың да оларға берері мол.

– Имандылық ордасында қанша адам қызмет атқарады. Олардың мақсат, міндеттері жөнінде де тілге тиек етсеңіз?

– Жалпы мешітте 15 адам жұмыс істейді. Мені айтпағанда, наиб имамдар, есепші және басқа да жауапты мамандар өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды. Дін қызметкерлеріне қойылатын талап та өте жоғары. Олар соның үдесінен шығуға талпынады.

Имандылық ордасы ұжымының басты мақсаты – халыққа адал қызмет көрсету. Әріптестерім жұртшылықпен күнделікті қарым-қатынаста кішіпейілдік пен жоғары мәдениетті ұстанады. Сонымен қатар ғимараттың айналасын жыл он екі ай бойы таза ұстайды. Жаз айларында абаттандыруға ерекше көңіл бөледі. Мұның бәрі сайып келгенде, экологиялық және эстетикалық талғамға баулиды.

Атамыз қазақ «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп босқа айтпайды. Мешіт жанындағы ақсақалдар алқасының құрамы өмірлік тәжірибесі мол, қай мәселеде болсын өзіндік ой-пікірлері бар аға буын өкілдерінен тұрады. Бұл кісілер ұжым жұмысының жандануына өздерінің қомақты үлесін қосып келеді. Кейінгі жастардың заман талабына сай еліміздің нағыз патриоттары болып қалыптасуына да ықпалын тигізіп жатқаны белгілі. Менің күнделікті қызметімде бағыт берер кеңесшім де, ақылшым да аға буын өкілдері дер едім.

Ысырапшылдыққа жол бермейік

– Уақыт өткен сайын «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, кейбір діни рәсімдерде өзгерістер орын алып жататындығы белгілі. Өйткені, мұның бәрі де халық үшін өте маңызды. Дүниеден озған адамның жаназасы, қырқы, жылдық асы кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу, зираттарды бір ізге келтіру секілді мәселелер Бас имам ретінде өзіңізді де толғандыратын шығар?

– Бұл жайлар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан да жиі қозғалып келеді. Оны біздің өңірдегі имамдар да қолдап, өздерінің халықпен болған жиындарында әңгіме өзегіне айналдыруда.

Қостанай облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен жылдарда «Дін мен дәстүр: ысырапшылдықтың алдын алу» атты конференцияда да осы бағыттағы өзекті мәселелер талқыланып, ас беру дәстүріндегі ысырапқа жол бермеу жөнінде бірауыздан шешім қабылданды. Оған зиялы қауым өкілдері мен дін қайраткерлері қатысты.

Мұндағы басты мәселе – жұрттың қамын ойлаудан туындайды. Себебі, «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» демей ме. Әсіресе, жағдайы төмен, жалғыз басты адамдарға қиын соғады. Өзгелерден қалмауға тырысып, амалсыздан қарызға белшесінен батады. Тіпті, ол бәсекеге айналды деуге болады. Несие алып, жылдар бойы төлейтіндер де кездеседі.

Жалпы, менің ұғымымда қаза болған кісінің үйінде үш күнге дейін қазан көтерілмеуге тиіс. Алыстан келген қонақтарды көршілері мен туған-туысқандары шақырып, тамақтандырады. Тіпті, марқұмға топырақ салмай жатып, қонақасы беру дегенге де тыйым салған дұрыс. Себебі, қайтыс болған адамның жамбасы жерге тимей құран оқылмайды. Сондықтан оған ешқандай келтірер сауабы жоқ. Тек ғана ысырапқа жол беріледі.

Марқұмды жерлеуде де ойланар жайлар аз емес. Өздеріңіз көріп жүрген боларсыздар, бірқатар елді-мекендерде зираттарда зәулім үй тұрғызу әдетке айналды. Бұл да қайғы жамылған кейбір шаңыраққа оңай соқпайды. Осы ретте бауырлас өзге елдерден үлгі аларымыз жетерлік.
Өлі риза болмай, тірі байымайды

– Сіз «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының өңірдегі жауапты өкілісіз. Осы салада да өзіндік ой-пікірлеріңіз бар екендігі даусыз. Сұхбатымыздың соңында сол жөнінде де баяндап берсеңіз?

– Баршаға мәлім, 2020 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету бөлімі ашылды. Ал 2022 жылдың тамызынан еліміздің барлық өңірлерінде филиалдар жұмысын бастады.

Мұндай орталықтарды ашудағы негізгі мақсат – дүниеден өткен жандарды шариғат талаптарына сай жөнелту ісін жолға қою, жаназа мен ас беру рәсімдеріндегі тәртіпті реттеу, халық арасында зират мәдениетін қалыптастыру мен насихаттау жұмыстарын барынша жандандыру.

Айта кетер тағы бір игі іс діни басқарманың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Өткенге құрмет – тіріге міндет» жобасы. Жыл сайын көктем және күз айларында зираттарды тазалау, қоршауларды ретке келтіру жұмыстары дәстүрге айналды. Бұл шараға имамдар, дін қызметкерлері және жамағаттар белсене атсалысуда.

Әрине, «Көш жүре түзеледі» десек те, бүгінде бұл орайда атқарылып жатқан игілікті істер де аз емес. Бұрын жанұяларда қайғылы жағдай орын алғанда, мұсылман бауырларымыз мәйітті дайындау үшін ауруханалардағы мәйітханаға жүгінетін болса, қазір ондай қажеттілік азайды. Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» және қалалық «Жайлаубай ата» мешіттерінде «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталықтары тиімді жұмыс істейді.

Өзім жетекшілік ететін орталық өз қызметінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды басшылыққа алады. Онда көрсетілген нақты ережелер біздің жұмыстың негізін құрайды.

Әңгімелескен
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет мешіттен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77