Социум

Қостанай қаласынан шамамен 300 отбасы көмекке ие болды

Қасиетті Рамазан айында мұқтаж жандарға көмек көрсету – игі істердің бірі. Осы мақсатта облыс орталығында республикалық «Рамазан сыйы» қайырымдылық акциясы басталды.

Қасиетті Рамазан айында қайырымдылыққа ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – адамдардың бір-біріне қамқорлық танытып, сауапты істер жасауға ұмтылатын кезі. Осы игі дәстүрді жалғастыра отырып, бүгін дін өкілдері «Рамазан сыйы» қайырымдылық акциясын бастады.

Акцияны өткізу үшін Қостанай облыстық Аймағамбет қажы Спанұлы мешіті, Марал Ишан мешіті және Жайлаубай ата қалалық мешіті бірігіп, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге атсалысты.

– Жалпы, акция аясында шамамен 300 отбасыға азық-түлік себеттері таратылды. Сонымен қатар, алдағы уақытта басқа да қалалар мен аудандардағы мешіттер қайырымдылық шарасына қосылады. Себебі қасиетті Рамазан айында мұқтаж жандарға қолдау көрсету – үлкен сауап, – дейді «Зекет және қайырымдылық» қорының басқарушысы Бақытжан Икрам.

Акция аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік пакеттері үлестірілді. Олардың ішінде өсімдік майы, қант, күріш, қарақұмық, ұн және басқа да тағамдар бар.

– Бүгін бізге мешіт атынан көмек көрсетілді. Мен өзім көпбалалы анамын, төрт балам бар. Бұл азық-түлік себеті біз үшін үлкен көмек. Бізге дін өкілдері өздері хабарласып, қолдау білдірді. Мен алғаш рет «Рамазан сыйы» акциясынан көмек алып отырмын, – дейді қала тұрғыны.

Қайырымдылық шарасына қатысқан жандар да өз ризашылықтарын білдірді. «Рамазан сыйы» акциясы ел бойынша жалғасын табады. Қостанай облысында ғана мыңнан астам отбасыға көмек көрсету жоспарланған.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77