Социум

Қостанай қаласында «connection point» орындары пайда болды

Қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты факторларының бірі цифрландыру болып табылады.

Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологиялар трансферті аса маңызды. Цифрландыру ақпараттық кеңістіктің күрделенуін болжайды. Шешім қабылдау кезінде менеджер қолданатын мәліметтер сапалы түрде күрделене түседі. Цифрландыру қажетті деректерді уақытында беру және басқару жүйесін икемді ету арқылы әртүрлі шешімдер қабылдау уақытын қысқартып қана қоймайды, сонымен қатар дағдарыстық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның 20 облысында азаматтар мемлекеттік қызметтерді өз бетінше ала алатын 29 «connection point» ашылды. Қостанайда бұл сектор Әл-Фараби көшесі, 65 мекен-жайы бойындағы «ОӘД» сауда орталығында орналасқан.

Айта кетер болсақ, «connection point» – азаматтарға электрондық үкімет порталы арқылы қызметтерді өз бетінше алуға көмектесетін аумақ болып табылады. Мұнда клиенттер электронды қолтаңба алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, зейнетақы жинақтары туралы анықтама алу және т.б. сияқты танымал қызметтерге тапсырыс бере алады.

– Өткен жылы қазақстандықтар ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында 15 миллионнан астам қызмет алған болатын. Біз ірі қалалар мен облыс орталықтарында «connection point» орнату арқылы жобаны ауқымды етуді ұйғардық. Біз сауда орталықтарын, базарларды, автовокзалдарды кездейсоқ таңдаған жоқпыз, ол жақтарда адам легі көп және азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету үшін біздің қызметкерлерге жүгіну ыңғайлы болады, – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Айта кету керек, бүгінге дейін сауда орталықтары мен базарлардағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы 2 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Қаңтар айындағы ең танымал қызметтердің бірі азаматтық хал актілері туралы мәліметтерді түзетуге өтініш беру болды. Азаматтар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысу үшін балалар туралы мәліметтерді қосуға өтініш берген.

– Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына барамын деп жүр едім. Сауда жасап жүріп, көзім осы «connection point» секторына түсті. Енді, кезекте тұрып, қызмет алудың керегі жоқ. Әрине, онлайн қызметтерді де қолданамын. Бірақ осылай алған сенімдірек сияқты. Енді сауда орталығында өз-өзіне қызмет көрсету аумағы бар екендігін білетін боламын, – дейді Қостанай қаласының тұрғыны Назымбек Оразалин.

Жаңа технология уақытты үнемдеп қана қоймай, оңай әрі тез ақпарат бере алатын қызмет түрі.

– Біріншіден, «connection point» сынды орындар қызмет көрсету орталығының жұмысын жеңілдетеді. Қаңтар айындағы ең танымал қызметтердің бірі азаматтық хал актілері туралы мәліметтерді түзетуге өтініш беру болды. Қазір электронды цифрлық қолтаңба алу үшін азаматтар жиірек жүгінеді, – дейді ХҚКО баспасөз хатшысы Гүлнұр Қабдыбекова.

Былтырдың өзінде халыққа қызмет көрсету орталығында 652 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Бұдан бөлек, енді азаматтар орталыққа кезекке тұру үшін, мобильді қосымшаны пайдалана алады.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77